28.12.2022, 15:45
Оқылды: 77

Үздік спортшылар марапатталды

ҚР Президентінің 2025 жылға дейін тұрғындардың 50 пайызын дене шынықтыру мен спортқа тарту туралы тапсырмасын бәйтеректіктер орындауға ден қойып отыр. Биылғы жылдың қорытындысы бойынша бәйтеректіктердің 38 пайызы бұқаралық спортпен айналысып жүр. Бұл туралы аудан орталығында өткен «Үздік спортшылар кешінде» баяндалды.

2

Өтіп бара жатқан жылды спорт саласы бойынша қорытындылауға арналған іс-шараға жергілікті атқарушы құрылым өкілері, депутаттар, кәсіпкерлер, спортшылар, ардагерлер мен қазір осы салада еңбек етіп жүрген қызметкерлер қатысты.

- Спорт деген – тәртіп. Егер тәртіп болмаса, қоғамның түрлі саласында, соның ішінде спортта да жетістікке жету мүмкін емес. Осы жерде отырған спортшылардың бәрі сол тәртіпке бағынып, өздерін көп нәрседен тиғаны анық. Соның нәтижесінде әлемдік, республикалық, халықаралық, облыстық түрлі жарыстарда ауданымыздың намысын абыроймен қорғай білді. Сол еңбектеріңіз, жігерлеріңіз, елжандылықтарыңыз үшін сіздерге айтар алғысымыз зор. Өмір тек жеңістен тұрмайтынын бәріміз жақсы білеміз. Жеңілістің ащы дәмін татпаған жан көп алысқа бармайды. Сондықтан да биыл жеңіске жете алмай қалғандар мұңаймауы керек. Намыстың қайрағымен қайрала, маңдайдың терін еселеп төге білсеңдер, шығар шыңдарыңыз, бағындырар белестеріңіз аз болмайды. Ендеше баршаңызды Жаңа жылмен құттықтап, сіздерге жаңа табыс, жаңа жетістіктер мен жеңісті күндер тілеймін,-деді өз құттықтау сөзінде аудан әкімі Марат Тоқжанов.

1

«Бәйтерек» спорт клубының директоры Максим Үмбетқалиевтің айтуынша, жыл өткен сайын спортты жанына серік ететін бәйтеректіктер саны артып келеді. Тек жастар емес, аға буын өкілдері, соның ішінде 70 жастан асқандар да түрлі сайыстарға қатысып, ел чемпионаттарында жақсы нәтиже көрсетіп жүр. «Ауданымыздың тұрғындары спорттың көптеген түрімен шұғылданады. Спорттың он екі түрі бойынша күзде өткен аудандық спартакиадаға барлық дерлік ауылдық округтарымыздың толықтай әрі белсенді қатысуы осының бір дәлелі,- деді Максим Зейнешұлы. -Егер санамалап айтар болсам, қазақ күресі, тоғызқұмалақ, бәйге, аударыспақ, теңге ілу, қыз қуу сынды ұлтық спорт түрлері, волейбол, баскетбол, футбол секілді ойын түрлері, шахмат, дойбы сықылды зияткерлік ойындар да жақсы дамуда. Соның нәтижесінде ауданымыз облыс көлемінде алдыңғы қатарда келеді. Аудан мектептерінің барлығында да спорт  үйірмелері бар. Біз таяуда ауылдардағы көптеген мектепті шахмат, дойбы, тоғызқұмалақ ойындарына қажет құрал-жабдықтармен қамтыдық. Бүгінгі таңда аудандағы 22 ауылдық округтің 16-сында спорт нұсқаушылары жұмыс істеуде. Бұйырса келесі жылы барлық ауыл арнайы маманмен толықтай қамтылады деп жоспарлап отырмыз».

4

Салтанатты іс-шара барысында «МарЭль» шаруа қожалығының басшысы Марат Асанов, ардагерлер арасында шағын футболдан ел чемпионы болған Александр Субботин, мемқызметкерлер арасында шахматтан үздік талған Шолпан Өтеғалиева, дзюдодан сурдлимпиада ойындарының қола жүлдегері Дина Ержанова марапат иесі атанды. Сондай-ақ гимнастикадан әлем чемпионы болған Ислам Қабдолов, ММА-дан әлем чемпионы Карина Сисенова, таэквандодан әлем чемпионы Данил Рубцов, каратэден әлем чемпионы Әділет Бержанов, грек-рим күресінен Азия чемпионы Досжан Өтепқалиев, тоғызқұмалақтан ел чемпионы Мөлдір Батуллина, грек-рим күресінің жаттықтырушысы Владимир Щевченко және тағы басқаларға құрмет көрсетілді. Бұл күні жалпы саны 60 спортшы мен сала қызметкері, ардагерлер, демеушілер марапатталды.

3

Сәкен Мұратұлы,

Бәйтерек ауданы

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале