Күнделікті күйбең тірлікте көзге елене бермейтін еңбек иелері болады. Аяқ-қолы балғадай, тепсе темір үзерлік күші бар «еркекпін» деп кеудесін соғатын кейбір азамат үйінде жатқанда, көзге елеусіз осы жандар жылдың аптап ыстығы мен қыстың аязды күндері білек сыбана еңбек етіп жүргендері.
Міне, еңбектің адалдығы, төгілген маңдай тердің өтелгендігі осы. Сонымен осындай адал, құрыш білекті қайсар жандардың қатарында аудандық жұмыспен қамту орталығы арқылы жолдама алып, Жымпиты ауылдық округі тарапынан салалық жұмыстармен қамтылатын азаматшаларды айтар едік.
Жымпиты ауылдық округі әкімдігінің шаруашылық істері жөніндегі меңгерушісі Гүлнар Шамарованың негізгі міндеттерінің бірі де бірегейі күнде ертеңгілік ақылы қоғамдық жұмысқа қосылатындарды аудан орталығындағы көшелерге жұмысқа бөлуден басталады.
– Жылдың әр айына аудандық жұмыспен қамту орталығы тарапынан 25-30 адам ақылы қоғамдық жұмысқа жолданады. Ал ауылдық округ әкімдігінің басты міндеті осы адамдармен еркін сөйлесіп, тіл табыса еңбек ету. Ақылы қоғамдық жұмысқа тартылғандардың арасында жалғыз бастылар, балалы аналар, отағасы жұмысқа енжар, жалқаулардың әйелдері бар екендігі шындық. Отбасын, балаларын қамқорлыққа алып, асырау тұрғысында еңбек етуге жұмылған мұндай жандарға әрине түсіністікпен қараймыз. Аудан орталығындағы науқанды жұмыстарға, көше тазалығына жіберілетіндер де осы санаттағы адамдар. Тіпті, кейбір әйелдер жұмыстың ауырлығына қарамастан қайтадан жұмысқа қосуды өтініп, сұраныс жазады. Келешекте ауылдық округ әкімдігі тарапынан мұндай жұмысқа ынталы, қайсар жандарды алғыс хат, бағалы сый-сияпатпен марапаттауды қолға алмақпыз , - дейді Гүлнар Мерешқызы.
Міне, күйбең тірлікте көзге елене бермейтін ал, атқарған жұмыстарына зерделей мән берсек «тау қопарып, тас шабарлық іс тындырдық» деп кеуде соғатындардың мысын басатындардың қатарына осы жандарды қоссақ әбден жөн.
Демек, қыста көше, жаяу жүргіншілер жолын қардан тазалап, мұз оятын, жаздың аптап ыстығында шөп жұлу, гүл суғару жұмыстарында білек сыбана жүретін осындай нәзік жандылардың қалдырған қолтаңбалары бөлек қой, шіркін.
Ал көгілдір көктем айының алғашқы аптасында тойланатын нәзік жандылардың мерейлі мерекесінде осындай қиын да жауапты жұмыста адал еңбек етіп жүрген Айгүл Мұқанова, Әлия Бисембиева, Алтын Меңдіханованың (суретте) есімдерін құрметпен атар едік.
Мүсірбек Әлібекұлы
Сырым ауданы