24.09.2026, 13:00
Оқылды: 0

Шыңғырлау ауданында 80 жасқа толған қарияға аудан әкімі құрмет көрсетті

Шыңғырлау ауданының әкімі Мұрат Өмірәлиев бүгін Ақтау ауылының тұрғыны жуырда 80 жасын толтырған Жұмақыз әжені арнайы барып құттықтады. Ғұмыры осы ауылда, еңбекпен өткен қария бұл құрметке аса разы болып, қуанып қалды. Бүгінде ұлы Серік пен келіні Нұргүлдің жылы назары мен қамқор қызметіне бөленген ғазиз ана өткен өмір жолына да, қазіргі қария қалпына да разылық танытып отыр. Аудан басшысына алғыс тілегін бата қып ақтарған Жұмақыз Әбілқызы жұбайы Бітімбай екеуі 1 ұл, 3 қыз өсірген. Қазір 3 немере, 5 жиеннің сүйікті әжесі.

image-24-09-26-11-50

Бітімбай қарт үздік тракторшы, екпінді еңбектің адамы бопты. Оның техниканы ұстаудағы тазалығына, жұмысына мұқияттылығына ел риза болады екен. Ал, Жұмақыз ана дән қоймасында қоймашы боп көп жылдар еңбек еткен. Әулеттің ұлы Серік бүгінде жеке кәсіпкер.

Аудан басшысы әз анаға ғұмырлық еңбек жолы мен керегесін кең жайған әулет үшін құрметін жеткізіп, алғыс хат табыс етіп, иығына сәнді шапан жапты.

Ал, ардақты әже «ел аман болсын, азаматтар аман жүрсін, жұмыстарыңа береке берсін!» деген батасын төкті.

Өткен жылдардан естеліктер толғап, әңгіме созды. Біз аттанып бара жатқанда да қос балдағын сүйене басып, сыртқа шыққан қарт ананың жанарында әлдебір разылық сезімі толып тұрды.

 

Қаршыға Елемесов,

Шыңғырлау ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале