Мемлекет басшысының кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі тапсырмаларын жүзеге асыруға бағытталған «Кітап оқитын ұлт» республикалық кітап оқу марафоны аясында Шыңғырлау аудандық кітапхана қызметкерлерінің ұйымдастыруымен Л.Қылышев көшесіндегі орталық алаңда «Кітап оқитын ұлтқа – бірге қадам» атты әдеби керуен және әдеби бульвар өтті.

Шараның мақсаты – тұрғындардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, оқу мәдениетін қалыптастыру, әдебиетті насихаттау және марафонның мазмұнын кеңінен таныстыру.
Шара барысында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Олжас Сейтимов сөз сөйлеп, кітап оқудың адам өмірі мен қоғам дамуындағы маңызына тоқталды. Ол тұрғындарды кітап оқуға шақырып, марафонға қатысушыларға жылы лебізін білдірді.
Сонымен қатар орталық алаңда «Кітап оқитын ұлт – рухы биік ұлт» атты кітап көрмесі ұйымдастырылды. Көрмеге республикалық марафонның жеті бағыты бойынша ұсынылған шығармалар қойылып, кітапхана мамандары олардың мазмұны мен тәрбиелік мәніне шолу жасады.

Әдеби керуен барысында оқырмандар сүйікті кітаптары мен қаламгерлері туралы ой бөлісіп, әдеби сұрақтарға жауап берді. Қазақ әдебиетінің көрнекті тұлғалары Абай Құнанбайұлы, Мұхтар Әуезов, Бауыржан Момышұлы, Ілияс Есенберлин, Қабдеш Жұмаділовтің шығармашылығы кеңінен таныстырылып, көркем туындылардан үзінділер оқылды.
Ал «Әдеби бульвар» бөлімінде қатысушылар әдеби кейіпкерлерді тануға арналған қызықты тапсырмаларды орындап, кітаптар бойынша жұмбақтар шешіп, танымдық сұрақтарға жауап берді. Әдеби ойындар мен түрлі тапсырмалар шараның мазмұнын түрлендіріп, тұрғындардың белсенділігін арттырды.
Бүгінде ақпараттың сан алуан көзі көбейгенімен, кітаптың адам тәрбиесіндегі орны ерекше. Кітап оқу – адамның сөздік қорын байытып қана қоймай, ойлау қабілетін жетілдіреді, дүниетанымын кеңейтеді. Ал кітаппен дос болған ұрпақтың рухани негізі берік болмақ.

"Кітап оқитын ұлт" марафоны оқуға шақырған жай ғана бастама емес, елдің интеллектуалдық және рухани әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам. Осы бағыттағы аудандық кітапхананың тағылымды шаралары тұрғындарды кітапқа жақындатып, оқырман мен әдебиеттің арасындағы алтын көпірді нығайта түсті.
Өйткені кітап оқитын ұлт – ойлайтын ұлт. Ал ойлайтын ұлттың келешегі кемел.
Светлана Байтенова
Шыңғырлау ауданы