Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев жұмыс сапары барысында Бәйтерек ауданының тұрғындарымен кездесті. Маңызды жиынға, аудан әкімі Марат Лұқпанұлы да қатысты.

Кездесуде өңір басшысы жыл басынан бері облыста атқарылған ауқымды жұмыстарға жан-жақты тоқталды. Әсіресе, инвестиция тарту мәселесіне ерекше мән берілгені атап өтілді. Облыс әкімі бұл бағыттың маңызын айқындай келе, инвестиция есебінен көптеген жобаларды мемлекеттік бюджетке түсетін жүктемені азайта отырып жүзеге асыруға болатынын жеткізді.
– Инвестиция – өңір дамуының негізгі қозғаушы күші. Біз бұл бағыттағы жұмысты күшейтіп, жаңа жобалар арқылы жұмыс орындарын ашуға және халықтың тұрмыс сапасын арттыруға басымдық береміз, – деді Нариман Төреғалиев.

Сонымен қатар, облыс әкімі өңірде қолға алынған жаңа бастамалар мен алдағы жоспарлар жөнінде баяндап, олардың барлығы халық игілігіне бағытталғанын атап өтті.
Өз кезегінде аудан әкімі Марат Лұқпанұлы Бәйтерек ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беріп, жүзеге асырылып жатқан жобалар мен алда тұрған міндеттерді тілге тиек етті.

Жиын барысында тұрғындар көкейде жүрген сауалдарын қойып, ауданның инфрақұрылымы, әлеуметтік сала және өзге де маңызды мәселелерді көтерді. Облыс басшысы әрбір сұраққа нақты жауап беріп, көтерілген мәселелердің назарға алынатынын айтты.

Кездесуден кейін облыс және аудан әкімдері тұрғындарды жеке қабылдап, өтініштерін тыңдады.
Бекзат Қанәділ,
zhaikpress.kz