Қазталов ауданында аудан әкімінің төрағалығымен өткен кезекті комиссия отырысында еңбек қатынастарын заңдастыру және әлеуметтік кепілдіктерді қамтамасыз етілу барысы қаралды.

Жиында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов әлеуметтік және зейнетақы аударымдары уақтылы жүргізілгенде ғана жұмысшылардың ертеңгі әлеуметтік кепілдігі толық қамтамасыз етілетінін атап өтіп, шаруа қожалықтары мен кәсіпкерлерді еңбек қатынастарын заң талаптарына сәйкес рәсімдеуге қатаң жауапкершілікпен қарауға шақырды.
Сондай-ақ алдағы уақытта 1000 жұмыс орнын ашу межесі көзделгені аталып, бұл көрсеткішке тек кәсіпкерлер мен шаруалар еңбек қатынастарын реттеу мәселесіне жауапкершілікпен қарағанда ғана қол жеткізуге болатыны айтылды. Осыған байланысты жиында жұмыс берушілерге еңбек шарттарын тиісті түрде рәсімдеу, оларды электрондық еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесіне енгізу, жалақыны уақтылы төлеу, сондай-ақ әлеуметтік және зейнетақы аударымдарын толық қамтамасыз ету қажеттігі ескертілді.
Бұдан бөлек, отырыста әлеуметтік қолдау мәселелері де назардан тыс қалмай, 1 қазан мен 1 қараша аралығында ауданда «Мейірбандық күндері» айлығын өткізу жөніндегі іс-шаралар жоспары бекітілді. Оның аясында қарттар мен мүгедектігі бар адамдарға құрмет көрсету, жалғызбасты азаматтар мен әлеуметтік осал топтарға көмек ұйымдастыру, қайырымдылық және волонтерлік акциялар өткізу, сондай-ақ денсаулық сақтау және әлеуметтік қызмет көрсету ұйымдарында «Ашық есік» күндерін ұйымдастыру көзделген.
Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Қазталов ауданы