Жастар мәдениет сарайында Орал қаласының мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің ұйымдастыруымен «Тілдің мерейі – елдің мерейі» атты дәстүрлі қалалық тіл фестивалі өтті. Іс-шараға мемлекеттік тіл саясатын дамытуға үлес қосып жүрген тіл жанашырлары мен қоғам белсенділері қатысты.

Фестивальдың мақсаты – ана тілдің қадір-қасиетін асқақтату, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту, жастардың бойында ұлттық патриотизм мен өскен еліне, туған тіліне деген сүйіспеншілікті насихаттау.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақ тілі – білім мен ғылымның, жаңа технологияның тіліне айналуы тиіс» деп атап өткен болатын. Бүгінде елімізде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру бағытында ауқымды жұмыстар атқарылып келеді. Тіл фестивалі – бұл жай ғана мереке емес, ана тілдің мерейін асырып, мемлекеттік тілдің мәртебесін ұлықтайтын күн.
Іс-шарада Орал қаласы әкімінің орынбасары Жандос Дүйсенғалиев тілдің мәртебесін көтеріп жүрген жандарды мерекемен құттықтап, сөз сөйледі.
– Тіл – ұлттың рухани өзегі, халықтың байлығы мен мәдениетін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізетін баға жетпес құндылық. Ана тілімізді құрметтеу, тіл мәртебесін арттыру – баршамызға ортақ міндет.
Жуырда басты мерекелеріміздің бірі – Қала күнін атап өттік. Мереке аясында көптеген мәдени-көпшілік іс-шара ұйымдастырылды. Қаланың мәдени өмірін жандандырып, мерекелік іс-шаралардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысып, құндылықтарымызды дәріптеген баршаңызға алғыс айтамын.

Құрметті тіл жанашырлары! Тілге деген құрметіміз бен татулығымыз нығая түссін. Мемлекеттік тіліміздің мәртебесі биіктеп, қазақ тілінің қолданыс аясы кеңейе берсін! – деді фестивальда Жандос Асхатұлы.
Жиында қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мынатаубиік Әнесов, тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Жаңабек Жақсығалиев, облыстық қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Гүлжанар Шөкеева сынды бірқатар тіл жанашырлары «Қазақ тілінің жанашыры» төсбелгісімен марапатталды. Сонымен қатар Орал қаласы әкімінің құрмет грамотасы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді азайту бөлімінің басшысы Дәурен Мағзомовқа, қоғам белсенділері Бауыржан Алышев пен Болатбек Каспиге және т. б. табысталды. Одан бөлек Орал қалалық мәслихатының және қала әкімінің алғысхатына №25 орта мектептің директоры Лаура Шаркубенова, №16 орта мектептің директоры Жанат Халықова, №22 «Жұмбақтас» бөбекжайының директоры Қазима Қайбалиева мен №25 «Тұмарым» бөбекжайының директоры Жанар Хайырова лайық деп саналды. Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының алғысхатымен қоғам белсендісі Сағира Шүйіншәлиева, «Сәулет және урбанистика орталығы» КММ-нің мониторинг бөлімінің маманы Айбат Аманғалиев сынды бірқатар тіл жанашыры марапат иегері атанды.
Фестиваль мерекелік көңіл күйде өтіп, соңы естелік суретке түсумен аяқталды.
Гүлфия Қолғанатова,
«Орал өңірі»