Аичи – Нагояда өтіп жатқан ХХ жазғы Азия ойындарында Қазақстанның Әнұраны шырқалып, көк Туымыз көкке көтерілді. Каратэден 55 келі салмақта сынға түскен Жоламан Биғабыл қарсыластарының бәрін жеңіп шығып, Азия ойындарының шемпионы атанды.

Жамбыл облысында 2003 жылы туған Жоламан 16 жасында Оралға келіп, білікті бапкер Ринат Мерғалиевтің қол астында жаттыға бастаған. Содан бері жас каратэшінің ғұмыры спортпен тығыз байланысты. Табанды еңбек пен тынымсыз жаттығумен және үлкен жеңістерге деген жігермен өріліп келеді.
Бүгінде Жоламан – үш дүркін Азия шемпионы. Алайда Аичи – Нагоя төріндегі жеңістің жөні бөлек. Өйткені Азия ойындары – спортшы шеберлігінің ғана емес, ел намысының сыналар сәті.
Ширек финалда ол Тәжікстаннан келген Мухсотуолло Муминовты 7:0 есебімен жеңді. Жартылай финалда Индонезия спортшысы Мұхаммад Тегар Жануардан 6:1 есебімен басым түсті. Ал шешуші сында Жоламан Өзбекстан өкілі Хумоюнмирзо Халимовпен жолықты. Алтын үшін өткен тартысты кездесуде жерлесіміз қарсыласын уақытынан бұрын жеңіп, Қазақстан құрамасының қоржынына алтын жүлде салды.
Жоламанның жаттықтырушысы Ринат Серікұлы Азиадаға шәкіртінің алдына бір ғана мақсат қойғанын айтқан еді.
– Біз Азиадаға тек алтын жүлде үшін бардық. Жоламанның дайындығы жоғары, оның мүмкіндігіне сендік. Жекпе-жекке шыққанда ел намысын бәрінен биік қою керегін жақсы түсінді. Еңбектің өтеуі – осы алтын, – деді бапкер Ринат Мерғалиев.
Оралдың спорт мектебінен түлеп ұшқан Жамбылдың тумасы бүгінде Қазақстанның атын Азия төрінде асқақтатып отыр. Оның әр жеңісі – ел спортының өрісі кеңейіп, жас ұрпақтың арманын қанаттандыра түскенінің айғағы.
Татамиде төгілген тер өтеуі – алтын медаль. Иә, Жоламан Биғабыл – Азия ойындарының шемпионы!
Түгелбай Бисен,
«Орал өңірі»