22.09.2026, 17:45
Оқылды: 4

Шыңғырлау ауданындағы автокөлік жолдарының жайы жіті назарда

Шыңғырлау ауданы аумағындағы автомобиль жолдарының қауіпсіздігі мен көлік қатынасының үздіксіздігін қамтамасыз ету- күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Әсіресе, көктемгі қар суының жолдарға тигізер залалын алдын ала ескеріп, қажетті инженерлік жұмыстарды дер кезінде жүргізудің маңызы зор.

image-22-09-26-04-27 (1)

Осы мақсатта аудан басшысы Мұрат Амангелдіұлы бүгін Шыңғырлау- Ардақ- Ақтау бағытындағы автомобиль жолының бойында қолға алынған су өткізгіш шығырлар салу жұмыстарының барысымен танысты.

Аталған жол учаскесінде су жиналатын жеті нүкте белгіленіп, сол орындарға су өткізгіштігі жоғары шығырлар орнату бойынша негізгі жұмыстар атқарылған. Кей жерлерде диаметрі 1,5 метрлік дөңгелек шығырлар қос қатарлап салынған, ал кей тұста 2 метрлік тік төртбұрышты кең сақиналардың ағын суды өткізу мүмкіндігі мол. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарының соңғы кезеңі жүріп жатыр. Атап айтқанда, жол бетін биіктету және көктемгі су деңгейі көтерілген жағдайда қарғын судың жол жамылғысын шайып кетуіне жол бермеу үшін қосымша топырақ төсеу жұмыстары қалды.

image-22-09-26-04-27

Су өткізгіш шығырлар орнату барысында жолдың су жиналатын тұстарына су сақиналары тегіс әрі орнықты орналастырылып, олардың екі жағына екпінді ағын судың шайып кетуінен қорғайтын бетон жиектер жасалуда. Сонымен қатар жиналған судың іркіліп қалмай, табиғи сай-салаларға еркін ағуы үшін арнайы арналар тартылуда.

image-22-09-26-04-27 (2)

Бұл жұмыстардың барлығы- көктемгі қарғын судың жол жиегін басып, көлік жолын шайып кетуінің алдын алуға бағытталған. Соңғы жылдары көктемгі қар суының елді- мекендерге едәуір қолайсыздық әкеліп жүргені белгілі. Қарғын су жолдарды басып, көлік қатынасын үзетін болса, оның ауыл тұрғындарына тигізер зардабы аз емес.

Сондықтан бүгінгі алдын алу шаралары- ертеңгі қауіптің алдын алудың нақты жолы.

Жұмыс барысымен таныса келе, аудан әкімі жауапты бөлімдер басшыларына ерте күздің жылы әрі ашық күндерін тиімді пайдаланып, құрылыс жұмыстарын қараша айына жеткізбей толық аяқтауды тапсырды.

Кен даланың еріген қар суының басым көпшілігі осы шығырлар арқылы ағып өтіп, Ардақ ауылы қасындағы бөгетке жиналатыны, сондықтан бөгеттің су сиымдылығы мен жиектерінің беріктігін де бір пысықтап қою қажеттігін де ескертті.

Басты мәселе- көктемгі қар суына сақадай сай дайын болу. Бұл ретте бүгінгі атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен уақтылы аяқталуы өте маңызды.

Қаршыға АСУ,

Шыңғырлау ауданы

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале