24.09.2026, 11:45
Оқылды: 7

Абай Берғазинов: Құран жаттауға зейіннен бұрын ықылас пен табандылық керек

Құранның парағымен бірге адамға мүмкіндіктер есігі ашылады. Сіз іздеп жүрген бақыттың, дәулеттің, жалпы жүрек тыныштығының “мекенжайы” - Алланың кітабы.

Сырым аудандық орталық мешітінде бүгінгі таңда Құран сабақтары жүйелі жүруде. Дәрістерді белгілі хафиз Абай Берғазинов өткізіп жатыр. 

WhatsApp Image 2026-09-24 at 11.30.59

Әліпті таяқ деп білеміз бе?! 

Қазақта сауаты төмендеу адамды “Әліпті таяқ деп білмейді!” - деп жатады. “Әліп”, яғни “Әлиф” - араб әліпбиінің бірінші әрібі. Кескіні таяққа ұқсайды.

Құран Кәрімді түскен тілінде оқу - әр мұсылманның міндеті. Әр тілдің өз ережесі, грамматикасы бар. Демек, қасиетті кәләмды оңнан солға ашып, жүргізіп оқу деңгейіне жету үшін де адамға ыждағаттылық пен білім қажет. Ыждағаттылық дегеннен шығады, біз Алланың кітабын оқуға, оны түсінуге зейін қоймақ түгілі, ас - садақаларда имамдар сүрені қысқарақ қайырса екен деп қипақтап отыратын, тыңдауды өзін ауырсынатын күйге жеттік.

Ал, хафиз кім?! Хафиз - 600 беттік Құран Кәрім кітабын, оның ішіндегі “Бақарадан” бастап “Насқа” дейінгі 114 сүрені толық жаттаған адам. Бұл жол - ерлікке татыр ерен сапар, сүйікті пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мұхаммедтің мұғжизасына мұрагер болу құрметі, сабырдың сыны,  махаббаттың майданы.

Біз таныстырғалы отырған хафиз -  Абай Берікболұлы 1995 жылы Алматы облысы, Талғар қаласында дүниеге келген. Әкесінің түп - тамыры - Семей өңірінен, Аягөз бойынан.

Абай Құранға төртінші сынып оқып жүргенде түскен. Әкенің ниеті баласына қанат бітіріп, ашқан Құранын жүрегіне құйып алмай жаппауға серт етті.

2011 жылы Абай Талғардағы Мұрат Төреқұл атындағы қарилар медресесіне барып, ұстаз Бауыржан Есмурзаевтың алдына отырды.

- Медресеге Құран жолын саналы түрде таңдап, ішкі дайындықпен бардым. 2007 жылы әкем жеке ұстаздар тауып, “мешітке байлаған”. Мектеп пен мешіттің арасын жол қылып жүріп, 15 пара Құран жаттадым, - деп бастады әңгімесін кейіпкеріміз. (15 пара Құранның жартысына жуығы)

Медреседе таңғы төртте оятатын. Таң намазына дейін дәріске қатысып, таңғы ас ішіп үлгеруші едік. Таңның берекеті білімді, еңбекті сіңімді етеді. Негізгі уақытты Құранға бөлдік. Араб тілі сабағын шыңдап, фиқһ пен ақидадан дәріс тыңдадық. “Такрар” - яғни жаттаған Құранды қайталау, миға сіңіру, ойға жинауға барды салдық. 2013 жылы Құранды толық жаттап бітірдім.

Басында Құранды күніне бес жолдан жаттайтынбыз. Тынбай қайталап, қанша қайталағанымызды ұмытпау үшін санақ жүйесін пайдаландық. Кейін 2 - 3 парақты жаттауға дағдыландық, - деп өзінің білім жолындағы естеліктерімен бөлісті Абай бауырымыз.

Изаджа жалғаған игі жол

Медресе аяқталды. Бірақ, оқу мен үйрену тынбай жалғасты.  Абай әрі қарай Павлодарлағы Мәшһүр Жүсіп атындағы мешітте изаджасы бар қари Ербол Құдабаевтан дәріс алды.

Білімін шыңдады. Еркінбек Шоқайдан изажа дәрісін бастап, оның алдында он пара тапсырды.

Айта кетейік, изаджа - ұстаз бен шәкірт арасындағы білім сабақтастығы, басқалардың білім деңгейіне мақұлдама беру өкілеттілігі. Құран изаджасын оны толық жаттаған хафиздер жаңа хафизге бере алады.

Абай хафиз 2013 жылы 18 жасында алғашқы рет Алматыда Қарағайлы мешітінде тарауық намазын өткізді. Діннің жолындағы қызмет басталды.

2017 жылы “НұрМүбарак” Египет - Ислам университетін “Исламтану” мамандығына бойынша аяқтады.

Біздің батыс өңірінде Құран жаттау ісін құнттап, арнайы орталық жұмысын ұйымдастырған жанның бірі - дін маманы, өлкетанушы Мұратбек Жахатов. Оның ұлдары - Оралдан шыққан алғашқы хафиздар. Сол Жахатовтардың ұлы Әлембек жуырда Сауд Арабиясы, Мәдина қаласынан Құран оқуды 10 қырағатпен тапсырып, изаджасын - яғни заңды тізбектің иесі екендігіне мақұлдамасын алып келді. Сол Әлембек Абайдың да Батыс өңіріне келіп қызмет етуіне себепкер болыпты.

Абай Берғазинов Оралдағы Асан мешіті жанындағы қайырымдылық мекемесінде үш жыл еңбек етті.

Шәкірт тәрбиеледі, қари шығарды.

Құран өлілерге емес тірілерге түскен!

Міне, тамыз айынан бері ол Жымпитыға көшіп келіп, орталық мешітте Құран сабақтарынан дәріс бастады. Алдында 10 шәкірт бар.

- Құран үйрену мен оны басқа үйрету - Алланың алдындағы ең абзал адамдардың амалы. Пайғамбарымыз (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) Мұхаммедтен қалған ұлы сүннет - Құранды жадында сақтап, оған қызмет етуді таңдағаннан кейін ең асыл іс - шәкірт тәрбиелеу деп түйдік. Жымпитыға келгендегі мақсат сол. Құран құр оқумен қонбайды. Зейінді пенденің бәрі Құран жаттай алады деу қиын. Зейіннен бұрын ықылас пен табандылық керек. Құранға деген махаббатты, оған деген мұқтаждықты көрсету арқылы Алла зейінді ашады. Құран нығметін беретін - Алла. Білім емес, жад емес, сабырлық пен табандылық жеңіске апарады. Табыстың кілті - тақуалық. Құранды оқуға таза көз, тыңдауға таза құлақ, сақтауға таза жүрек керек, - дейді ұстаз.

Абай білім жолында әкесі Берікболдың тәрбиесінің орыны зор болғанын айтады.

- Өмірлік мәселеде әкенің ақылы мен насихаты қуат береді. Оның қаталдығы мен мейірімі шыңдайды, қалыптастырады, - деп дін жолындағы бауырларын ата - анасымен көркем мәміледе болуға шақырады.

Айтпақшы, Абайдың ағасы Әсет те - қари. Міне, әке тәрбиесінің жемісі.

Құран сабақтары аудандық орталық мешітте таңмен 8:30 - 10:00 - аралығында, ал түстен кейін 15:00 - 18:00 дейін өтуде.

Жамағаттың Құранға іңкәрлігі, жалпы қазақ азаматтарының Құран білуге, толық жаттамаса да қара танып, жанұясының дастарханында қайыратын бір - екі сүре жаттауға ниеті туралы ауданның бас имамы Нұрәлім Қисметовтан сұрадық:

- Рас, біз Құранды тек ас - садақада ғана оқу керек деп түсініп жүрміз. Құран - өлілер емес тірілерге түскен. Тірі адам Құран арқылы тура жол табады, өмірінің берекесін кіргізеді. Абай хәкімнің қара сөзінде: - Артымнан балам құран оқысын десең, тірлікте өзіңнің жақсылық қылған кісің көп болса, кім құран оқымайды? Егер жаманшылықты көп қылған болсаң, балаңның оқыған құраны сені неге жеткізеді? Тірлікте өзіңе-өзің қылмаған істі, өлген соң саған балаң кәсіп қылып бере ала ма? - деп өте ауыр сұрақ қояды. Қазақ қоғамында Құран, дін - ер азаматтың ажары, өмір сүру стилі. Сондықтан, мешітті тек намаз орыны деп емес, білім үйі деп қабылдап, Құран үйренуге келу қажет. Нағыз маманы келді. Жамағаттың ішінде де Құран ашпағандар бары рас. Ақиқаты осы. Молда көп, хафиз аз.

“Әхли Құран”- дар ауылымызда жүргенде, дәрісін алып, тәлімі көруге ықылас етуге тиіспіз, - дейді бас имам.

Құран - Алланың сөзі. “Алланың өзі де рас, сөзі де рас!” Жаңа маманды таныстырмаққа әрі оқырман өзіне қажетін алар деп осы мақаланы жаздық.

 

Бауыржан Ширмединұлы,

“Сырым елі”

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале