Қазақстанда 25 қыркүйек аза тұту күні болып жарияланды
25.09.2026, 17:00
Оқылды: 8

Еңбек – елге ортақ құндылық

27 қыркүйек – Еңбек күні

Дәстүрлі «Еңбек жолы» республикалық байқауының өңірлік кезеңі қорытындыланды.  «Атамекен» өнер ордасында өткен салтанатты жиында еңбек адамдарына құрмет көрсетіліп, әр салада біліктілігімен, табандылығымен танылған азаматтар марапатталды.  Іс-шараға облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз, еңбек әулеттерінің өкілдері, жұмысшы мамандар, тәлімгерлер мен жастар қатысты.

37ee31d5-b930-4135-8120-15c1e1c99093

Биыл байқаудың облыстық кезеңіне 34 үміткер қатысты. Оның ішінде «Үздік еңбек әулеті» аталымында – 7, «Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымында – 12, «Өндірістің үздік жас маманы» аталымында 15 үміткер бақ сынады. «Еңбек жолы» байқауының негізгі мақсаты – еңбек адамының қоғамдағы беделін арттыру, кәсіби шеберлікті дәріптеу, еңбек әулеттерінің өнегесін насихаттау және жастарды маңдай термен жетістікке жетуге үндей  түсу.

Еңбек әулеттері – елге үлгі

«Үздік еңбек әулеті» аталымында биыл энергетика, ішкі істер, білім беру, мұнай-газ, теміржол және ауыл шаруашылығы салаларында қалыптасқан еңбек әулеттері таныстырылды.

Байқауға Бөкей ордасы ауданынан Унаевтар әулеті қатысты. 52 жылдық еңбек өтілі бар отбасы энергетика саласындағы кәсіби сабақтастықты қалыптастырған. Қаратөбе ауданынан Еркіновтер әулеті ішкі істер саласындағы 34 жылдық еңбек тәжірибесімен таныстырылды. Казталов ауданынан қатысқан Төлегеновтер – ұстаздар әулеті. Отбасының педагогикалық саладағы жалпы еңбек өтілі 92 жылды құрайды. Бөрлі ауданынан Әбдірахмановтар әулеті ұсынылды. Мұнай-газ саласында қалыптасқан әулеттің жалпы еңбек өтілі – 50 жыл. Бүл отбасылар алғысхаттармен марапатталды.

Жүлделі орындарға келсек, үшінші орын Теректі ауданындағы Қуанышқалиевтер әулетіне бұйырды. Бұл – бірнеше буынға жалғасқан ұстаздар әулеті. Әулет отағасы Төлеген Қуанышқалиев – Қазақ КСР Халық ағарту ісінің үздігі. Зайыбы Мәруа Мол-
дағалиева – жоғары санатты математика пәнінің мұғалімі, облыстық «Мерейлі отбасы» байқауының жүлдегері. Қазіргі таңда екеуі де зейнет демалысында. Ата-әжеден бастау алған ұстаздық жолды кейінгі ұрпақтары да жалғастырып келеді. Әулеттің жалпы педагогикалық еңбек өтілі 222 жылға жетеді. Екінші орын Теректі ауданындағы Қазиевтер әулетіне берілді. Қаби Қазиевтен бастау алған отбасы ел арасында теміржолшылар әулеті ретінде белгілі. Бүгінде төрт ұрпақтың өкілдері теміржол саласында еңбек етіп келеді. Әулеттің осы саладағы жиынтық еңбек өтілі 394 жылды құрайды. Ал облыстық байқаудың жеңімпазы атанған Тасқала ауданындағы Мұқановтар әулеті атакәсіпті ардақтаған шопандар отбасы. Отағасы Жұмағұл Мұқанов әкесі Омарғали Иманұлы бастаған шаруашылықты жалғастырған. Бүгінде оның ұлы Жангелді Мұқановта әке жолын қуып, «Жадыра» шаруа қожалығын басқарып келеді. Үш ұрпақтан жалғасқан шопандар әулетінің жалпы еңбек өтілі 185 жылды құрайды. Отбасының ұлдары Ғалымжан Омарғали-ұлы мен Жұмағұл Омарғалиұлы да атакәсіптен қол үзбей, мал шаруашылығын дамытуға үлес қосып келеді.

Осылайша, бір әулетте – ұстаздық, екіншісінде – теміржолшылық, енді бірінде – энергетика, мұнай-газ, ішкі істер және мал шаруашылығы саласындағы еңбек дәстүрі ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып отыр.

Үздік   тәлімгер мен жас маман анықталды

«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» аталымында да түрлі сала мамандары өз тәжірибесін ортаға салды. Кейінгі  буынға жол көрсетіп, жас мамандардың кәсіби тұрғыда қалыптасуына қолдау көрсетіп жүрген тәлімгерлердің еңбегі ерен. Бұл аталымда үшінші орын Қаратөбе ауданындағы Ахмедияр Хұсайынов атындағы орта мектептің орыс тілі мен орыс әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлнұр Қайратоваға берілді. 23 жылдық еңбек өтілі бар ұстаз бүгінге дейін 20-ға жуық жас маманға тәлімгерлік еткен. Екінші орын Бәйтерек ауданындағы Переметный ауылы орталықтандырылған кітапханасының кітапханашысы Дина Мәмбетәлиеваға бұйырды. 29 жылдық еңбек өтілі бар маман 30-ға жуық жас маманға тәлімгер болған. Ал бірінші орын Орал қаласындағы №1 қалалық емхананың қызметкері Ләззат Наушановаға берілді. 28 жылдық еңбек жолында ол 20-ға жуық жас маманға тәлімгерлік еткен. Оның шәкірттерінің бірі Анара Қалиева 2025 жылдың облыстың үздік медбикесі  атанған.

«Өндірістің үздік жас маманы» аталымында да түрлі саланың жас өкілдері өздерінің кәсіби жетістіктерін көрсетті. Байқауда Орал қаласы мен Бөрлі, Казталов, Бөкей ордасы, Ақжайық аудандарынан жас мамандар бақ сынады.

Жүлделі орындарға тоқталсақ, үшінші орын Бөкей ордасы ауданындағы «Орда» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының су трассасының шебері Айбек Сабыровқа берілді. Ол Бөкей ордасы колледжін тракторист-машинист мамандығы бойынша тәмамдап, 2024 жылдан бері аталған кәсіпорында еңбек етіп келеді. Екінші орын Бөрлі ауданынан Саян Исентайға бұйырды. Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетінің мұнай-газ ісі мамандығын тәмамдаған жас маман 2022 жылдан бері «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг б. в.» компаниясында еңбек етеді. Бүгінде II деңгейлі мұнай және газ өндіру операторы қызметін атқарады. Ал бірінші орын Орал қаласындағы «Орал құс фабрикасы» ЖШС-ның слесарь-операторы Дмитрий
Нерновке берілді. 2021 жылы Жәңгір хан атындағы Батыс Қазақстан аграрлық-техникалық университетін аграрлық техника және технологиялар мамандығы бойынша тәмамдаған жас маманның өндірістегі еңбек өтілі – бес жыл. Дмитрий Нернов республикалық «Еңбек жолы» конкурсының жеңімпазы атанды.

Маңдай термен келген марапат

Салтанатты іс-шарада өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүрген бір топ азаматқа, байқаудың өңірлік кезеңінің жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне сый-құрмет көрсетілді. Облыс әкімі аппаратының басшысы Нұрділдә Ораз еңбек адамдарының қоғамдағы орнына тоқталып, өңір басшысы Нариман Төреғалиевтің құттықтауын  жеткізді.

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев «Қай кезеңде де елдің тірегі – еңбекқор азаматтар» деп атап өткен болатын. Бүгінде еңбекқорлық, кәсібилік пен жауапкершілік «Адал азамат» қағидатының негізгі құндылықтарына айналып отыр. Елге қызмет етудің ең абзал жолы – адал еңбек ету, – деді  Нұрділдә  Ораз.

Расында, еңбек – адамды шыңдайтын, елді алға бастайтын құндылық. Бір әулет атакәсіпті жалғастырып, жер мен малдың берекесін арттырса, енді бірі теміржолдағы кәсіби сабақтастықты сақтап келеді. Ұстаздар әулеті ұрпақ тәрбиесіне үлес қосса, өндірістегі жас мамандар заманауи кәсіпті меңгеріп, ел экономикасының дамуына атсалысуда.

«Еңбек жолы» байқауы осындай азаматтардың өнегесін көпке үлгі етеді. Мұнда марапаттың сыртында маңдай термен келген еңбек, кәсіби ізденіс, жауапкершілік пен ұрпақтар сабақтастығы жатыр. Еңбек адамының абыройын асқақтату – еңбекті бағалау ғана емес, кейінгі ұрпаққа дұрыс бағыт көрсету. Себебі елдің ертеңі де, мемлекеттің қуаты да өз ісіне адал, кәсібін қадірлейтін азаматтардың еңбегімен баянды болмақ.

Түгелбай Бисен,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале