Бүгін халықаралық Қарттар күніне орай ұландықтар Ұлы Отан соғысының ардагері Вениамин Скаленконың үйіне барып, мерекемен құттықтады.
Соғыс және еңбек ардагері Вениамин Скаленко бұрынғы Бөрлі ауданына қарасты Бөрлі ауылында қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. 1942 жылы Бөрлі мектебінің тоғызыншы сыныбын бітіргеннен кейін 18 жасқа толмастан әскер қатарына алынады. Ол соғыста Прага, Будапешт, Вена, Бруно, Братислав, Варшава қалаларын азат етуге қатысқан. Сарбаз жеңісті 1945 жылы 9 мамырда Берлинде қарсы алды.
Мереке қарсаңында ардагерді ҚР Ұлттық ұлан Бас қолбасшысының тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары, «Халық қаhарманы», генерал-майор Қайрат Үмбетов құттықтап, құрмет көрсетті.
- Өмірдің ыстық-суығына төзіп, талай қиын-қыстау кезеңнен, сыннан сүрінбей өткен ардагерлерге деген алғысымыз шексіз. Жасаған еңбегі мен ерлігі жас ұрпаққа, Ұлттық ұлан сарбаздарына үлкен өнеге. Жеңіске қосқан үлесі үшін тек рахмет айтамыз. Отбасы амандығын, мықты денсаулық тілейміз, - деді Қайрат Жарылқасынұлы.
Шарада ұландықтардың оркестрі әскери және патриоттық әндерді орындады.
- Ықылас-пейілдеріңізге көп рахмет! Біз соғысқа қатыстық, ел үшін тынбай еңбек еттік. Соғыстан кейінгі жылдар да оңай болған жоқ. Қала мен ауыл қаңырап қалды, шаруашылық жұмысы бәсеңдеді. Елдегі ахуал нашар болғанымен біз берілмедік. Еңбектендік. Жұбайымыз екеуіміз де қайта жаңғыртуға атсалыстық. Өсіп келе жатқан ұрпаққа тек бірлік, татулық пен тыныштық тілейміз! Достық пен келісім көрініс тапқан ел болайық! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! - дейді Вениамин Пантелеевич.
Оның өмірлік серігі Ксения Федосеевна да тыл ардаргері. Екеуі 74 жыл бірге ғұмыр кешіп, ұрпақ қызығын көріп отыр.
Динара Насыр,
zhaikpress.kz
Фото Ұлттық ұланның
баспасөз қызметінен