3.10.2023, 14:45
Оқылды: 80

Музыка мектебіндегі кездесу

Жақында Дина Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебі №2 филиалының ұйымдастыруымен «Парасат» ордені және «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, ақын Дариға Мұштановамен «Өмір – арна» атты кездесу  кеші  өтті. «Төрт тоқсан – төрт өнер» ұлттық мәдени-ағартушылық жобасы аясында кездесуді ҚР Мәдениет саласының үздігі, дәстүрлі әнші Фархат Оразов жүргізді.

7c606a3e-d21d-4a8a-bc83-485cd7603f5e

Ең әуелі оқушылар қаламгердің «Қараша қаз», «Керуен көшіп барады», «Фариза апама», «Қайдасың?», «Ақшолпан», «Өмір», «Күзгі мұң», «Оралым» секілді өлеңдерін нақышына келтіре мәнерлеп оқыды. Аталған музыка мектебінің №2 филиалындағы дәстүрлі ән-терме сыныбының оқушысы Лаура Мәлікова Құмардың термесін орындады.

– Сөз астарын түсінген, өлеңдерімді оқыған оқушыларға ризамын. Әр өлең сөйлеп тұрады. Жылқылар маған халық секілді көрінеді. Солардың арасында сағаттап отырғанды жақсы көремін. Кісілер сияқты бірі жақынырақ келіп, көзін қадайды, бірі алыстан жатырқап тұрады. Уақыттың қалай өтіп кеткенін байқамай қаласың. Өлең де солай. Оймен, ақылмен жазатын өлеңдер болады. Тапсырмамен жазатын өлеңдер болады. Поэзия өтірік айтқызбайды, – деді Дариға Ғазезқызы. Кеш иесі өлеңдерін оқып, алғаш айтысқа қатысқан шағы және алғашқы өлеңі жөнінде кеңінен әңгімеледі. Көрермендер тарапынан қойылған сұрақтарға толыққанды жауап берді.

b8195bf2-cf9e-48e9-8c8f-ed031457bc77

Жүздесу барысында «Парасат» орденінің иегері, Хадиша Бөкеева атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі Нұргүл Жұбатова ақынның «Аңыз болған абысындарынан» Сақыпжамалдың монологін оқыды. Ғарифолла Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның әншісі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Еркін Өтегенов қаламгердің сөзіне жазылған «Әке», «Ағам менің» атты әндерді шырқады. Өз кезегінде ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Аманкелді Шахин, ардагер ұстаз Асылай Әбдірахманова және Орал қаласындағы «Coffee Matters» ЖШС-ның кадр маманы Зарина Қайырова Дариға Мұштанованың жас ұрпақтың санасына ұлттық құндылықтарды сіңіру бағытындағы еңбегінің зор екенін айтты.

Кездесу соңында Дина Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебінің директоры Мұхамбетқали Сағитұлы мен сол мектептің №2 филиалының меңгерушісі Мереке Жәрдемұлы Дариға Ғазезқызына сый-құрмет көрсетті.

– Дариға апайдың өлеңдерін әр кез оқып жүреміз. Бүгінгі кеште ол өнерге қалай келгені туралы әңгіме өрбітіп, халық әндері, жыраулар поэзиясы тақырыптары төңірегінде ой қозғады. Оның өмірі жайында бұрын тек газет беттерінен, кітаптардан оқушы едік, енді өз аузынан естідік. Осындай жүздесулер көптеп ұйымдастырылса екен, – деді Дина Нұрпейісова атындағы балалар музыка мектебіндегі театр сыныбының оқушысы Назкерім Бекболатова.

Марлен Ғилымхан,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале