Батыс Алашорда қозғалысының белсенді қайраткері, қазақтан шыққан тұңғыш мал дәрігерлерінің бірі - Ғұбайдолла Бердиев. Ол 1885 жылы Орал облысы Гурьев уезінің Қарашығанақ ауылында дүниеге келген.
Фото: danaqaz.kz
Алғашында ауылда екі кластық орыс-қазақ оқуын бітірген соң, Орал реальдық әскери училищесіне оқуға түседі. Оны бітірген соң 1903 жылы Қазан императорлық университетінің мал дәрігерлік факультетінің студенті атанады. Студент кезінде Қазан жастары арасында кең таралған социал-демократтар партиясының мұсылмандар фракциясына кіреді.
1905 жылы 9 қаңтардағы Қазандағы студенттер ереуіліне қатысып, сол үшін қудаланады да оқуын тастап Оралға келеді. Оралға келген соң Бақытжан Қаратаев басшылығымен құрылған «Қазақ конституциялық-демократиялық партиясын» құруға белсене араласады.
1905 жылы желтоқсанда Оралда өткен саяси бас қосуда Б.Қаратаев, И.Тоқберлиев, Х.Досммұхамедов, М.Мұхановтармен бірге осы саяси ұйымның Орталық комитетінің құрамына кіреді.
Ал 1911-1913 жылдары Бақытжан Қаратаев және Ғұмар Қараштың ұйтқы болуымен алғашында Орда да, кейін Оралда шыққан «Қазақстан» газетіне қолдау көрсетіп, 27 адамнан тұратын топ құрамына енді.
1917 жылғы шілдеде өткен Бірінші Жалпықазақ сиезіне Орал облысынан кандидаттыққа ұсынылды. 1917 жылдан Уақытша үкіметтің Гурьев уезіндегі комиссары, 1918-1920 жылдары Қарабай болыстығында земство басқарушысы болды.
Алайда Қазанда оқып жүргенде жабысқан өкпе ауруы меңдеген Ғұбайдолла Бердиев 1921 жылдың көктемінде 36 жасында өмірден өткен.
Зулхожа Шарафутдинов,
zhaikpress.kz