Үйдің түтінін түзу шығаратын, шаңырақты шаттыққа кенелтетін, әйел адамның қоғамдағы орны қашанда ерекше. Қай салада болмасын өзіндік болмыстарымен, күш-қайрат, ақыл-парасаттарымен ел дамуына сүбелі үлестерін қосып келеді. Осы ретте өткен аптаның соңында Тасқала ауданы әйелдерінің ІІІ форумы өтті. Оған аналар кеңесінің төрайымдары, білім, медицина, мәдениет саласының қызметкерлері, кәсіпкерлер мен жастар қатысты.
Аталмыш шара таң сәріден «Азалы ана» мемориалдық кешенінің басынан бастау алды. Ел тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай өткізіліп жатқан республикалық «Ақ орамал» акциясын әйелдер қауымына оның мән-маңыздылығын түсіндіруді көздеді. Өз кезектерінде сөз алған аудан әкімінің орынбасары Л.Жұбанышқалиева мен «Ақ тілеу» халықтық әжелер ансамбілінің жетекшісі, аналар кеңесінің төрайымы М.Нұрмақова аталмыш акцияның маңыздылығына тоқталып, ақ орамалдың қадір-қасиеті жөнінде айтып өтті.
Мұнан соң соғыста ерлікпен қаза тапқан боздақтарды бір минут үнсіздікпен еске алып, гүл шоқтарын апарып қойды.Әрі қарай шара шерумен жалғасын тапты. Бір топ әйелдер делегациясы мәдени-демалыс орталығына дейін жүріп өтті.
Бұдан кейін форум жұмысы бойынша төрт секцияға бөлініп, келелі мәселелер бойынша кеңесіп, өз ойларын ортаға салды.Секциядан соң аудандық мәдени-демалыс орталығының фойесінде ұйымдастырылған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша несие алып, өз кәсібін жандандырып отырған кәсіпкерлердің өнімдері мен қолөнер көрмесін тамашалады.
Мұнан әрі форум пленарлық мәжіліс отырысымен жалғасты. Форумға аудан әкімі С.Әлиева, «Нұр Отан» партиясы аудандақ филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Ғазез, аудандық мәслихат хатшысы С. Рахимов, дербес бөлім және мекеме басшылары, сондай-ақ ауыл әкімдері қатысты.
«Ұлттық дәстүрді насихаттау, отбасы құндылықтарын дәріптеу» тақырыбында Майра Әбуқызының баяндамасы тыңдалды. Ол өз сөзінде қазіргі таңда немерелеріне ертегі, сәбиіне бесік жырын айтып беретін әжелер мен келіндердің жоқтын қасы екенін тілге тиек етіп, дәстүрімізді дәріптеп, отбасы құндылығын сақтау үшін жас келіндерге жүйелі насихат қажет екенін атап өтті. Сондай-ақ, алдағы уақытта келіндер арасында «Әлди-әлди, ақ бөпем» атты байқау өткізу туралы ұсынысын білдірді.
Ізінше мінбеге көтерілген аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Бәтима Махамбетқызы бүгінгі күні өз кәсібін ашқысы келетін әйелдерге мемлекет тарапынан қолдаудың барын айтып өтті. Және кәсіпкерлікке қандай бағдарламалар бар екенін, оған несиені қалай, қайдан алатындығын, сонымен қатар өз кәсібін ашқан жағдайда оны әрі қарай қалай дамыту керектігі жөнінде де түсіндіріп өтті. Сонымен қатар кәсіпкерлер аудан әкіміне форум өткізсек деп, айтқан ұсыныстарында жеткізді.
Одан кейін аудандық ішкі істер бөлімінің аға тергеушісі, подполковник Жәния Камешқызы әйелдер арасындағы зорлық-зомбылық мәселесі бүгінгі таңда өзекті мәселенің бірі екенін, күйеулерінен зәбір көрген әйелдер үнсіз ғана шыдап бағуды жөн көретінін, алайда бұл мәселенің одан әрі ушығуына алып келетінін айтты.Көбінесе әйелдерге қарсы зорлық-зомбылық психологияға қысым көрсету және ішімдікке салынып немесе есірткіге әуес болғанның кесірінен туындайтынын, сол себепті зорлық-зомбылық көрген әйелдерге дер кезінде көмек көрсету үшін ауруханадан немесе т.б. жерлерден арнайы орталық ашу қолға алынса деген ұсынысын білдірді. Өйткені қазіргі уақытта жұбайларынан зәбір көріп жүрген әйелдердің жеткілікті екенін баса айтты.
«Қоғамдағы, мемлекеттік қызметтегі әйел-аналардың ролі» тақырыбында аудан әкімінің орынбасары Люция Әсетқызы өз ойын ортаға салды. Бүгінгі күні мемлекеттік қызметте әйел адамдардың көбейіп келе жатқандығын, алайда әрбір әйел бірінші орынға қызметін емес, отбасын қойып, жасап жатқан жұмысына да жауапкершілікпен қарау керектігінде жеткізді.
Жиын соңында аудан басшысы Санжар Жұматайұлы сөз сөйлеп, бірқатар әйелдерге алғыс хат табыстады.
Шара әрі қарай мәдени-демалыс орталығының көркемөнерпаздары дайындаған концерттік бағдарламасына ұласты.
Есенжол Елекенов