14.02.2024, 20:30
Оқылды: 144

Шеберлік шыңына бастайтын жоба

Мен өзімнің еңбек жолымда «жолым болды» деп нық айта аламын. Бұған себеп Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ҚР Оқу-ағарту министрлігі Президенттік жастар кадрлық резервінің үлгісінде білім беру саласындағы өзгерістердің көшбасшыларын іріктеу мен білім берудегі көшбасшы бағдары – «Білім берудегі жаңа өзгерістердің 1000 көшбасшы» жобасы. Осы мезетте маған курстан өту мүмкіндігі бұйырып, курстың үш деңгейін сәтті межелеп, дайындықтан өттім.

IMG_20240215_002258_243

Жалпы мектеп көшбасшысы немесе мектеп директоры көптеген қабілеттер мен құзыреттерге ие болу керек, осы бағыттағы креативті бағдар және теориялық білімді курс негізінде игердік. Бұрын мектеп басшысы тағайындалып, кейін курстан өтетін болса, бұл курстың ұтымды тұсы алдымен көшбасшыны немесе мектеп басшысын арнайы жан-жақты дайындап, сосын тағайындауы.

Мен өзімнің кәсіби жолымды қаладағы №26 жалпы орта білім беретін мектепте химия-биология пәні мұғалімі 2002 жылы бастадым. Қазіргі таңда 22 жыл педагогикалық, әкімшілік салада 11 жыл еңбек өтілім бар. Мамандығым бойынша санатым педагог-зерттеуші, орынбасар ретінде екінші санатты басшының орынбасарымын.

Өткен жылы кадрлық резервке өтініш қабылдап жатқанда «неге бағымды сынап көрмеске» деп түйіндеп, курстан өтуге өз өтінішімді жазып, ниет білдірдім. «Мектеп басшыларының кадрлық резерві: әлеуеті және даму стратегиялары» біліктілік арттыру курсы бойынша бастапқыда сауалнамадан өтіп, кейін адамның тұлғалық типін, жеке басын, бейімділігін, жалпы интеллектін өлшеуге бағдарланған психометриялық тестті тапсырған болатынмын. Тест қорытындысы бойынша курсқа қабылданып, курстың үш деңгейі бойынша 440 cағаттық, 16 модульден тұратын құнды курстың тыңдаушысы болдым. Базалық деңгейді мектепте білім берудегі трендтер яғни, XXI ғасырдағы дағдылар, мектеп түлегінің портреті, білім берудегі заманауи трендтер, SAMR, TPACK, оқыту мен тәрбиелеудегі құндылықтар, оқушылар бойына ұлттық құндылықтарды дамыту, кәсіби сауаттылық, педагогтің мектептегі кәсіби өзара әрекеттестігі туралы модульмен таныссақ, 160 сағаттық ілгері деңгей мен 200 сағаттық кәсіби деңгейлерде кәсіби бренд, құзыреттілік моделі, көшбасшылық стиль, өзіндік рефлексия, мектепішілік бақылау, мектепті басқарудағы заманауи тәсілдер, басқарушылық шешім туралы танысып, нәтижесінде әр деңгейден кейін жазылған рефлексивті есебімізді педагогикалық шеберлік орталығы бағалап отырды.

Бүгінгі мектеп басшыларына қойылып отырған талаптар өте жоғары, ол тек қана кәсіби білікті маман емес, сонымен қатар көшбасшы болуы керек, демек көшбасшыға қойылатын талаптар: ұжымды біріктіре алуы, жан-жақты қоғаммен жұмыс жасай білуі, бұл бүгінгі мектеп басшысын сипаттайтын негізгі бағыттар. Жоба осы бағыттарымызды, жеке, кәсіби, басқарушылық, аналитикалық дағдылар бен құзыреттерімізді дамытты.

Аталмыш курста ойымды үнемі мазалап жүрген қазіргі мектеп қандай болу керек, балалардың жақсы білім алуына қандай жағдай жасаймыз, балалардың білім алуын қалай жақсартамыз, білім сапасын қалай жасағанда жоғарылатамыз деген сұрақтарыма жауап тауып, білім беру ұйымына басшысы болған күнде үздік шешім қабылдауыма оң септігін берері сөзсіз.

Шеберлік шыңына бастаған жобаға қатысу менің кәсіби өсуімді, ұжыммен жұмыс жасау стилімді, басқару тәсілімді түбегейлі өзгертті. Мен қазақ балаларының білім алуына қолайлы жағдай жасау мен ұжымды қай бағытта дамыту қажеттігі туралы ойлана бастадым. Ең бастысы бұл жоба менің және әріптестерімнің болашаққа және өз күштеріне деген сенімділігін арттырды.

Өзгеріс кез-келген салада, соның ішінде мектептегі белгісіздікті жоюға және командалық қызметті жүйеге келтіруде өте қажет. Мен өзімді өзгерісті енгізерде өзгерісті ғылыми ізденістерге негіздеген, өзгерісті тиісті проблемаларды шешуге бағыттаған, өзгерісті ұжыммен, әкімшілікпен талқылайтын, өзгеріс өзгеріс үшін емес, өзгерісті қойылған мақсатқа сенімді қол жеткізу үшін жұмыстанатын басшы ретінде көремін.

 Самал Рахметуллина,

Республикалық кадр резервіне қабылданған үміткер

 

 

 

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале