Дән ауылдық мәдениет үйінде казарма жанында, аудандық мәдениет үйі және ескі май зауыты жанында Шыңғырлау ауылдық округі бойынша мал бағымын ұйымдастыру үшін тұрғындармен кездесу жиындары өтті.
Ірі қара және ұсақ малдарды ауыл ішінде, өрісте бағатын бақташы сайланып, мал басына төленетін ақы белгіленді. Тұрғындар да, малды бағушылар да риза болатындай келісімдерге келіп, шешімдер қабылданды. Шыңғырлау ауылдық округі әкімі Саида Бркенова, аудан әкімінің орынбасары Азамат Бисембаев тұрғындардың арыздарын, пікірлері мен ұсыныстарын тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Ауыл шаруашылық өндірістік кооперативтеріне мал басын тіркеу бойынша АӨК-терді ұйымдастыруды реттеуші Нұрлыбек Калиев, мал жүруге тыйым салынған уақыт пен белгіленген жерлер бойынша учаскелік полиция Иван Кива, малдан қан алу, екпе салу жұмысы жөнінде аудандық ветеринариялық станцияның басшысы Досқанат Сағымбаев тұрғындарды ақпараттандырды.
Сондай-ақ жиын өткен әр аумақта тазалық пен тәртіпті бақылайтын, тұрғындардың арыз-шағымдарын округ әкімшілігіне жеткізіп отыратын жауапты адам тағайындалды.
Бұл жиын округке қарасты ауылдарда да өткізілді.
Гүлжазира Асу,
Шыңғырлау ауданы
zhaikpress.kz