Қазақстандық боксшы Ангелина Лукас қос бірдей әлем чемпионы титулын жеңіп алғаннан кейін Instagram желісіндегі парақшасында мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Prosports.kz.
Фото: instagram
«Ассаламуалейкум достар! Бүгін мен WBF және WIBF нұсқалары бойынша қос бірдей әлем чемпионы титулын жеңіп алдым. Бұл атақ абсолют әлем чемпионының бір бөлігі саналады және әлемдегі ең беделді титулдардың бірі.
Мен бұл жеңісімді сүйікті елім Қазақстанға және ЦСКА мен Қазақстан Республикасының қарулы күштеріне арнағым келеді! Өйткені қазір елде су апатына байланысты қиын жағдайға тап болдық. Бәрі жақсы болғанын тілеймін! Алға Қазақстан!», - деді боксшы.
Еске салайық, бүгін қазақстандық боксшы Ангелина Лукас Бангкоктегі (Таиланд) бокс кешінде жекпе-жек өткізді.
Рингте қазақстандық спортшы Үндістан өкілі Мамты Сингхпен (5-2, 2 КО) кездесті. Жекпе-жек 5 раундқа созылды. Төреші кездесуді уақытынан бұрын аяқтап, қазақстандық боксшыға техникалық нокаут тіркелді.
Осылайша қазақстандық ару кәсіпқой рингтегі тоғызыншы жеңісіне қол жеткізп, WIBF және WBF тұжырымдары бойынша чемпиондық белбеудің иегері атанған еді.