Үкімет базарларды жаңғырту бағдарламасын жалғастырмақ. Бағдарлама бойынша ескі нысандарды біртіндеп алып тастау жоспарланған. Ашық аспан астындағы сөрелер мен контейнерлердің орнына заманауи стационарлық ғимараттарды пайдалануға беру көзделген. Батыс Қазақстан облысы бойынша жол картасына «Мирлан», «Михаил», «Колос» және «Өнім» базарлары енгізілді. Бұл жөнінде өңірлік коммуникация қызметтері өткізген брифингте ҚР Сауда және интеграция министрлігі БҚО бойынша сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы Эльмира Қиматова хабарлады.
Фото: pixabay.com
Департамент басшысының айтуынша, сауда орындарын жаңа нысандарға көшіру 2015 жылы басталған. 2020 жылға дейін бағдарлама аяқталуға тиіс еді. Бірақ белгілі себептер бойынша шегерілген. Қазіргі уақытта жол картасын өзектендіру жүргізілуде, оған қосымша біздің облыс бойынша тағы 10 базар енгізілген. Эльмира Қиматова кәсіпкерлерге жол картасындағы меже-міндетке жауапкершілікпен қарау керектігін айтты.
«Базарлардың иелеріне мынаны жеткізгім келеді. Жаңғырту жұмысы бірінші кезекте бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі, өйткені жол картасына енгізілген базарлар қала құрылысы, өрттен қорғану және санитарлық стандарттарға сәйкес келмейді», – деп түсіндірді спикер.
Одан кейін Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің басшысы әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын бақылау мәселесін көтерді.
Биыл облыста сауда саласында жалпы сомасы 2,0 млрд теңгеге бес ірі жоба (сауда үйлері мен кешендерін, супермаркеттерді, сауда-кеңсе ғимараттарын салу) іске асады. Жоба аясында 50-ден астамжұмыс орны ашылады. Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы бөлімінің басшысы Мейрам Қабдығалиев сауда орындарын дамыту бағдарламасы туралы баяндады.
– Ескі сауда базарларын жаңғырту мақсатында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ арқылы несиелендіру тетігі ұсынылады. Облыста сауда базарларын жаңғырту бойынша жалпы сомасы 2,5 млрд теңге болатын үш жобаны («Алтын Алма» базары – 2,0 млрд теңге, «Бақыт жол» базары – 300 млн теңге, «Өнім» базары – 200 млн теңге) іске асыру жоспарлануда. Қазіргі уақытта сауда базарлары бойынша эскиздік жобаларды әзірлеу, тозығы жеткен құрылыстарды бұзу, жаңа сауда павильондарын орнату және қайта форматтау мақсатында құжаттамаларды дайындау жүргізілуде, – деді Мейрам Қабдығалиев.
Облыс бойынша 9 ірі сауда желісі, 2200-ден астам «үйдегі дүкен», 21 сауда базары жұмыс істейді. 2024 жылғы қаңтар-маусымда өңір бойынша сауда саласындағы инвестициялар көлемі 4,6 млрд теңгеге жетті. Яки сауда және интеграция министрлігі белгілеген межеден (3,6 млрд теңге) асқан.
Облыстық кәсіпкерлік және индустриалдық-инновациялық даму басқармасы бөлімінің басшысы Мейрам Қабдығалиевтің мәліметі бойынша, 2024 жылдың бірінші жарты жылдығында облыс бойынша тауар айналымының көлемі 4,5 трлн теңгені құрады (үлес – 1,8%, ҚР – 27,5 трлн теңге).
Батыс Қазақстан облысының басқа елдермен сыртқы сауда айналымы 2023 жылдың қорытындысы бойынша 7,8 млрд АҚШ долларын құрады. Оның ішінде экспорттық жеткізілім 6,6 млрд, импорттық түсім 1,2 млрд АҚШ долларына жетті. Облыстың тауарлары, жұмыстары мен қызметтері әлемнің 100-ден астам еліне экспортталады.
Нұртай Алтайұлы
zhaikpress.kz