12.09.2024, 11:15
Оқылды: 119

«Тұтынушылардың құқығы қорғалады» – маман

Батыс Қазақстан облысы бойынша Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне өткен 8 айда 434 жазбаша өтініш түскен.

2B2A9271-A7B0-4E99-84EA-A1431DA2DF04

– Бұл өтініштердің 97-сі өзге мемлекеттік құрылымдарға құзыреті шегінде қарау үшін жіберілді. Ал 24 адам өтінішін кері қайтарып алды. Департамент мамандары 313 өтінішті қарады. Сондай-ақ 193 азаматқа кеңес берілді. «Қауырт желіге» 257 адам хабарласып, кеңес сұрады. Біздің мекеме заңнамаға сәйкес бизнес субъектілеріне тұтынушылардың құқықтарын бұзу деректері бойынша жоспардан тыс тексерулер жүргізуге құқылы. Тексерулердің нәтижелері бойынша «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» ҚР кодексінің 190-бабының 5-бөлігі, 6-бөлігі, 193-бабының 1-бөлігі бойынша сатушыларды әкімшілік жауапқа тарта алады, – деді аталған департамент­тің басшысы Эльмира Қиматова өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингте.

Спикердің баяндауынша, жыл басынан бері кәсіпкерлік субъектілеріне жоспардан тыс 10 тексеру жүргізілген. Соның қорытындысынан соң 9 бизнес субъектісі ескерту түріндегі әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Ал біреуіне айыппұл салынған. Сонымен қатар мамандар тұтынушыларға сапасыз тауар мен тиісінше көрсетілмеген қызмет үшін ақшалай қаражатты қайтаруға жәрдемдескен. Тұтынушыларға 57 млн 410 мың теңге қайтарылған.

Эльмира Нұрқызы айтып өткендей, департамент мамандары сот процестерінде талапкер болуға және талап-арыздарды сотқа жіберуге құқылы. Сонымен қатар 3-тұлға, яғни мемлекеттік органның маманы ретінде тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы азаматтық істерді қарау жөніндегі процестерге қа­тысады. Тұтынушы тауардың кемшіліктерін анықтаған жә­не оны ауыстыру туралы талап қойған жағдайда сатушы (дайындаушы) тауарды дереу ауыстыруға міндетті.

Ал қажет болса, тауардың сапасын сатушыға тиісті талап қойылған сәттен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде қосымша тексеруі тиіс. Мәселен, тұтынушының талап-арызы бойынша азаматтық істі қараған сот 7 100 000 теңге – автокөліктің құны, 71 000 теңге – тұрақсыздық айыбының сомасы мөлшерінде талапкердің пайдасына өндіріп алу жөнінде шешім шығарған.

Айна Имашева

zhaikpress.kz

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале