Президент биылғы Жолдауында 2025 жылды «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жариялады. Бұл бастама – кәсіби-техникалық мамандықтардың мәртебесін көтеруге зор қадам.
Осы ретте жұмысшы мамандықтарға жастардың қызығушылығын арттыруды мақсат ететін байқаулардың қашанда бәсі биік тұратыны сөзсіз.
Аудан орталығындағы Ақжайық аграрлық-техникалық колледжі базасында техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру ұйымдарының педагогтері арасында ІV Кәсіби шеберлік республикалық конкурсының Ауыл шаруашылығы саласы «Ауыл шаруашылығы машиналарын жөндеу және қызмет көрсету» құзыреттілігі бойынша облыстық кезеңі өткізілді.
Аталмыш байқауға Бәйтерек, Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжі, Шыңғырлау колледжі, Тасқала колледжі, М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжі және Ақжайық аграрлық техникалық колледжінің өндірістік оқыту шеберлері мен арнайы пән оқытушылары қатысты.
Төрт модульге бөлініп өткен сайыста қатысушылар тұқым сепкішті ретке келтіру, МТЗ 82 тракторын ПТС-6 тіркемесімен жүргізу, «JOHN DEERE» тракторына айналмалы соқаны ілу және ПРФ-145 тығыздағыш-қабылдағыштың жұмысын көрсету тапсырмаларын орындау арқылы кәсіби дағдылары мен шеберліктерін жоғарғы деңгейде көрсете алды.
Байқау қорытындысында Ақжайық аграрлық техникалық колледжінің өндірістік оқыту шебері Айхан Сәрсенбай жеңімпаз атанып, ІІ орынды Жалпақтал аграрлық және салалық технологиялар колледжінің арнайы пәндер оқытушысы Самат Сұлташев, ІІІ орынды М.Ықсанов атындағы Жәнібек колледжінің өндірістік оқыту шебері Абылай Әміров иеленді.
Байқау жеңімпаздары облыстық білім басқармасының дипломдарымен, қатысушылар сертификаттармен марапатталды. Жеңімпаз атанған Айхан Сәрсенбай республикалық кезеңде облыс намысын қорғайды.
Әсел Сағын
Ақжайық ауданы