Бөкей орда аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің ұйымдастыруымен Желтоқсан құрбандарын еске алуға арналған шара өтті.
Шара шымылдығын ашқан мекеме басшысы Нүркен Сабиров Тәуелсіздіктің бастауы болған Желтоқсан көтерілісінің мән-маңызына тоқталды.
Өз кезектерінде сөз алған аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков, аудандық мемлекеттік мұрағаттар бөлімінің басшысы Қуаныш Елемесовтер «Тәуелсіздік – сыйлыққа берілген тарту, ел тағдырына жазылған бақ емес, үлкен қантөгіспен, құрбандықпен келгенін айтып, өскелең ұрпаққа өнеге боларлық сөздерін айтты.
Шара қонағы Желтоқсан көтерілісіне қатысушы Клара Шанауова өз естелігімен бөлісті. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Исатай Құрмашев аудан әкімі атынан Клара апайымызға сый-сыяпатын тапсырды. Дәл осындай құрмет «AMANAT» партиясы аудандық филиалы атынан да көрсетілді.
Шара барысында М-С. Бабажанов мектебінің оқушылары Тәуелсіздік туралы рухты жырларын нақышына келтіре оқып берді. Жиналған қауым желтоқсаншы бөкейліктер туралы бейнеролик тамашалап, естеліктерін тыңдады.
Анар Артықбай
Суретке түсірген Жасмина Оразғалиева, Жарқынай Салимова