Казталов ауданының әкімі Асланбек Сарқұлов Жалпақталда өткен актив жиналысында ұзақ жылдар бойы білім және спорт саласы мен мемлекеттік қызметте, әлеуметтік салада табысты қызмет еткен Самиғолла Сафиоллаұлы Ақмурзинді зейнеткерлікке шығуымен құттықтап, иығына шапан жауып, «Қызмет» салалық кәсіподағының «Әлеуметтік саланың үздігі» төсбелгісін табыс етті. Туған жеріне еңбегі сіңген азаматты қызметтес болған әріптестері, үзеңгілес достары да құттықтап, атқарған қызметіне ризашылықтарын білдірді.

Актив жиналысы аяқталған соң Жалпақтал ауылындағы спорт кешенде Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қызметкері, ардагер спортшы Ақмурзин Самиғолла Сафиоллаұлының 63 жасқа толуына орай, үстел теннисінен ардагерлер арасында ашық аудандық турнир өтті.
Ардагер спортшының жүлдесіне арналған аталмыш жарысқа Орал, Бәйтерек, Жәнібек, БҚМУ, БҚАТУ, Бөкей Орда, Жаңақала, Казталов, Қараоба, Ақпәтер, Қараөзен, Көктерек, Жалпақталдан ардагер спортшылар қатысып, жарыс көркін қыздырды.
Киелі Жалпақтал өңірінде бақтарын сынаған ардагер теннисшілердің әрбір кездесуі жергілікті спорт жанкүйерлерінің делебесін қоздырған керемет спорт шараға айналды.

Саналы ғұмырын шәкірт тәрбиелеуге арнап, Жалпақтал ауылының өсіп-өркендеуіне жұмсаған Самиғолла Сафиоллаұлы алғашқы еңбек жолын ұстаздықтан бастап, кейін облыстық спорт басқармасында бас маман, Зеленов аудандық спорт мектебінің директоры сияқты түрлі қызметтерді абыроймен атқарып, өзі туып-өскен Жалпақтал ауылының әкімі қызметінде де табысты еңбек етті. Бүгінде ол Жалпақтал ауылындағы арнайы әлеуметтік орталық директорының орынбасары қызметінде еселі еңбек етіп, зейнеткерлік демалысқа шығып отыр. Самиғолла Сафиоллаұлы қай жерде, қандай қызмет атқарса да ешқашан спорттан ажырап көрген емес. Ол бапкер ретінде самбо және дзю-до күрестерінен көптеген республикалық, халықаралық турнирлердің және әлем, Азия чемпионаттарының жеңімпаз-жүлдегерлерін дайындады. Ұстаздарының 63 жасқа толуына орай бүгінгі аудандық ашық біріншілікті Самиғолла Сафиоллаұлының төл шәкірттері ұйымдастырды.

Ардагер, спортшыға арналған үстел теннисінен өткен жарыстың ашылу салтанатында Казталов аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Берік Рахымғалиев, Жалпақтал ауылы әкімінің орынбасары Санжар Жасұланұлы, Казталов аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Айбар Мұғалбаев, мерейтой иесінің жездесі, профессор Ғайса Абсатиров, аудандық «Айбын» спорт клубының директоры Жоламан Тасболатов, Жаңажол ауылдық округінің әкімі Арман Алдабергенов, Қараоба ауылдық округінің әкімі Жалғас Сүндетов, спорт ардагерлері Бауыржан Қабдекенов, Бауыржан Қабдолов, Жалпақтал колледжнің директоры Жасұлан Ғұмаров, жарысты ұйымдастырушы шәкірттері атынан Тұрарбек Алтынбекұлы сөз сөйлеп, Самиғолла Сафиоллаұлына ізгі тілектерін жолдап, қатардағы спортшылар атынан жарысқа келіп бой көрсеткен бір топ ардагер спортшыларға лента тағу рәсімін жүзеге асырды.
Жас ерекшеліктеріне байланысты үш топқа бөлініп өз өнерлерін көрсеткен үстел теннисшілері тартысты өткен жарыс қорытындысында төмендегідей нәтижеге қол жеткізді:
40-49 жас ерекшелігі арасында
ІІІ орын — Дидар Темешев (Бөкей Орда) 20 000 теңге
ІІ орын — Манас Сарбалин (Жәнібек) 30 000 теңге
І орын — Ақылбек Оспанов (Бәйтерек) 50 000 теңге
50-59 жас ерекшелігі арасында
ІІІ орын — Қайрат Молдашев (Қараоба) 20 000 теңге
ІІ орын — Мақсот Дәрменов (Орал) 30 000 теңге
І орын — Айдос Нұрбаев (Жәнібек) 50 000 теңге
60 жастан жоғарылар арасында
ІІІ орын — Мұрат Искалиев (Орал) 20 000 теңге
ІІ орын — Генадий Сұлтанов (Орал) 30 000 теңге
І орын — Асхат Жұмағалиев (БҚМУ) 50 000 теңге
«Жеңіске деген жігерлігі үшін» аталымының иегерлері
40-49 жас ерекшілігі арасында
Руслан Қуанов (Көктерек)
50-59 жас ерекшелігі арасында
Ақтілек Маманов (Жалпақтал)
60 жастан жоғарылар арасында
Марат Есмағұлов (Жаңақала)
«Үздік техникасы үшін» аталымының иегерлері
Тұяқ Бақтыгерей (Казталов)
Талғат Бегалиев (Жәнібек)
Бауыржан Қабдекенов (Орал)
Ғарифолла Кенжеғұлов (Орал)

Осылайша Қазақстан Республикасының Құрметті спорт қызметкері, ардагер спортшы Ақмурзин Самиғолла Сафиоллаұлының 63 жасқа толуына орай, үстел теннисінен ұйымдастырылған ардагерлер арасындағы ашық аудандық біріншілік өз мәресіне жетті. Аталмыш жарыстың жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне жүлделерің құтты болсын дейміз.
Қыдыр Харесұлы,
Казталов ауданы