26.06.2025, 16:45
Оқылды: 202

Жағдайың қалай, ауыл кітапханасы?

Ауыл  өмірінде  кітапхананың  алар  орны  ерекше.  Ақпараттық  өркениет  дамыған  сайын  ауыл  тұрғындарына  білім  мен  ақпарат  тарататын  басты  орталық  ретінде  кітапхананың  да  маңызы  артып  келеді.  Кітапхана  – тек  кітап  алып,  оқитын  жер  ғана  емес,  ауылдағы  мәдени  іс-шаралар  ұйымдастыратын,  әлеуметтік  маңызы  бар  бастамаларды,  креативті  жобаларды  жүзеге  асыратын,  бос  уақытты  тиімді  өткізуге  мүмкіндік  беретін  оңтайлы  орталық.  Бұл  жерден  оқушылар,  жастар,  зейнеткерлер  мен  еңбек  адамдары  өздеріне  керекті  әдебиет  пен  ақпаратты  таба  алады.

b9247c14-1feb-4ec0-9952-eb02674825cc

Мектеп  жанынан ашылған кітапхана

Теректі ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесі – ескі кітапханалардың бірі. Ол 1948 жылы Федоровка ауылында мектеп жанынан ашылды. Кітапханашылар пікірталас ұйымдастырып, оқырмандарын мерекелік шаралармен қызықтыратын. Уақыт өте келе кітапханада кітап қоры 2,5 мың кітапқа жетті. Алғашқы кітапханашылардың бірі – Александра Клименко болды. 1950 жылдардың басында кітапханаға арналған жаңа ғимарат салынып, осы уақытта Федоровка ауылында балалар кітапханасы ашылды. Салынған ғимаратта екі кітапхана және мәдениет бөлімі орналастырылды. Жылдар өткен сайын Теректі орталықтандырылған кітапхана жүйесінің қызметі жақсарып келеді.

1977 жылы аудандық кітапханаға арналған, екі қабатты ғимарат бой көтереді.  Оқырмандар үшін 545 шаршы метр көлемінде оқу залы мен абонемент, аудандық балалар кітапханасы, әдістемелік-библиографиялық, кітап қорын толықтыру және өңдеу бөлімдері ашылды. Кітапхана керекті құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілді. Екі мыңыншы жылдардың басында бюджеттен қаражат бөлініп, кеңсе жабдықтары, стеллаждар, кітапхана жұмысын жеңілдету үшін басқа да жабдықтар сатып алынып, іс жүргізу жұмыстары мемлекеттік  тілге  көшірілді.

–  2019 жылы аудандық кітапхана ғимараты ағымдағы жөңдеуден өтіп, кітапхана толық модернизацияланып, кітапхана жанынан жаңа үлгіде жабдықталған «Қазына» коворкинг орталығы ашылды. Мұндай коворкинг орталықтары біздің мамандарымыздың оқырманға жан-жақты қызмет көрсетіп, идеяларын, жобаларын жүзеге асыруға мол мүмкіндік береді.  «Қазына» коворкинг орталығы кітап оқырмандарына қызмет көрсететін мекеме ғана емес, ауыл тұрғындары үшін зияткерлік демалыс орнына айналды. Коворкинг орталықтарының ашылуы – кітапхананың қызмет көрсету деңгейін еуропалық тәжірибеге негіздеу мақсатында қолға алынуда.
Коворкинг орталығында алты орындық тегін вайфай бұрышы, «Асыл мұра» салт-дәстүр алаңы,  оқырман өзіне керекті ақпарат алатын «Мерзімді басылымдар бұрышы», «Абай бұрышы», өлкенің тарихынан сыр шертетін «Әдеби Теректі» алаңдары мен бұрыштары оқырман үшін қызмет етуде.
Заман талабына сай жаңғырып, уақыт көшінен артта қалмауды көздеген аудандық  кітапхананың абонемент бөлімінде мүмкіндігі шектеулі жандарға  арналған «Тең мүмкіндікке қадам» бұрышы жасақталды. Бұл бұрыш арқылы аудандағы көзі көрмейтін және нашар көретін, мүмкіндігі шектеулі жандар жан дүниесін рухани байытуға мүмкіндік алады. Өркениет көшіне ілесу мақсатында кітап қоры  цифрлы сипатқа көшіріліп, кітапханалық үдерістер Web-RABIS  бағдарламасы бойынша аутоматтандырылды. Осы бағдарлама арқылы кітаптар және мерзімді басылымдардағы материалдар  электронды каталогқа енгізілді. Қазіргі таңда кітапхананың кітап қоры – 57800 дана, оқырмандар саны  – 2300, – дейді Теректі орталықтандырылған кітапхана жүйесінің әдістеме-библиографиялық бөлімінің меңгерушісі Айгүл Ряшева.

Үздік кітапхана қызметкері

Ауыл кітапханаларының әлеуметтік маңызды қызметі – қоғамда ерекше мәдени-интеллектуалды орта құру. Интеллектуалды қарым-қатынас орнына айналған ауылдық кітапхана жергілікті халықтың мәдени деңгейінің өсуіне өз үлесін қосып, оқырмандарының интеллектуалды әлеуетін дамытуға және жүзеге асыруға атсалысады. Ауыл кітапханашылары қоғамда кітап оқу мен кітапты насихаттауға бағытталған іс-шараларды ұйымдастырып, жергілікті шығармашыл зиялы қауыммен бірлесе жұмыс істеуде. Бұл бағытта Теректі ауданының орталықтандырылған кітапхана жүйесінде 34 кітапхана қызмет етеді.  Кітапханашылар жыл бойына 1500-ден астам іс-шара ұйымдастырып, оған  25229  оқырман қатысқан. Мектеп оқушыларын түрлі мәдени іс-шараларға қатыстырып, тынымсыз еңбек етуде. Мәселен, Хамза Есенжанов атындағы облыстық балалар және жасөспірімдер кітапханасы ұйымдастырған «Ақжайық өңірінің оқырман отбасы – 2025» облыстық оқырмандар байқауына қатысқан Долин ауылының тұрғындары Ділмұхановтар отбасы екінші орын иеленген.  Ұлы Отан соғысының 80 жылдығына орай өткен «Көше тарихы – ел тарихы» атты облыстық акцияда «Қазына» коворкинг орталығының кітапханашысы Айым Орынбасарова жоғары нәтиже көрсеткені үшін марапатталды. Қазақстан халқы ассамблеясының 30 жылдығына арналған әлем әдебиеті бойынша атты «Кітап – достық көпірі» облыстық байқауда, «Мен сүйіп оқитын еврей ақыны немесе жазушысы» аталымы  бойынша Ақжайық ауылдық модельді кітапханасының оқырманы Даяна Көшербаева 1-орын биігінен  көрінген.

– Біздің кітапханашылар  «Рухани қазына» республикалық фестиваліне 2020 жылдан бері үздіксіз қатысып келеді. 2022 жылы  Покатиловка ауылдық кітапханасының «Көк сандық» кітапханалық жобасы республикаға жолдама алып, Түркістан қаласына  барып қатысып алғысхатпен  марапатталды. Биыл Астана қаласында ұйымдастырылған мәдениет және өнер ұйымдары мен қызметкерлерінің республикалық «Рухани қазына – 2025» фестивалінде Төңкеріс ауылдық кітапханасының кітапханашысы Зоя Андронова «Үздік ауылдық кітапхана қызметкері» аталымы бойынша облыстық кезеңнен өтіп, республикада жұмысын қорғап келді, – дейді әдістеме-библиографиялық бөлімінің меңгерушісі  Айгүл Ряшева.

91d58be4-34ac-419d-b339-19e044c3e48d

«Ең үлкен оқырман – 80 жаста»

Теректі аудандық кітапхананың қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі Замира Сапарова «Қазіргі адамдар кітап оқымайды» деген пікірмен келіспейтінін  айтады.

– Кітапханаға келетін оқырмандарды түрлі санатқа бөлуге болады. Ең үлкен оқырманымыз 9 мамырда 80 жасқа толды. Біз үйіне барып, арнайы құттықтап келдік. Ең кіші оқырмандарымыз  – жасөспірімдер. Олардың қатары көп. Отбасымен бірге кітап оқитын ерлі-зайыптылар бар. Вахталық әдіспен жұмысқа кеткенде толтырып кітап алып кететін, түнгі кезекшілікке кітап алып кететін оқырмандарымыз  да баршылық. Мүмкіндігі шектеулі жан болса да, кітаппен айырылмастай дос болған оқырманымыздың үйіне кітапты арнайы апарып  береміз. «Кітапсыз өмір сүре алмаймыз» деп айтатын оқырмандарымыз жетерлік. Ересек оқырмандарымыз детектив, көркем әдебиетті жақсы көрсе, жас оқырмандарымыз мотивациялық бағыттағы кітаптарды оқығанды жөн көреді, – дейді Замира Тенелбайқызы.

*   *   *

Бір қарағанда, елеусіз көрінгенімен, ең кішкентай ауылдық кітапхананың өзі өлкетану бағытындағы құнды құжаттарды, мәліметтерді жинақтап, сақтайды. Жергілікті ақын-жазушыларды, алақандай ауылдан шыққан танымал тұлғаларды туған елдің өрендеріне танытып, олардың әр ісін мақтан етіп жүретін де ауыл кітапханашылары. Ауыл халқының мәдениетін, оның рухани болмысын, мәдени дәстүрді сақтап келе жатқан ауыл кітапханасы мен кітапханашылардың көзге көрінбейтін  еңбегі  өлшеусіз.

Гүлжамал Жолдығали,

«Орал  өңірі»,

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале