Туған жердің намысы үшін мыңдаған шақырым жол да шекара да кедергі емес.
VIII халық ойындарында Батыс Қазақстан облысының үстел теннисі құрамасының табысты өнер көрсетуіне Алсу Сапарова өз үлесін қосты. Теңін қырғыз елінен тапқан спортшы ару әлі де қазақ елі азаматы. Жарыс басталар тұста туған өңірінің намысын қорғау үшін Алсу қызымыз арнайы Түркістанға келді.

Бұл – жай ғана жарысқа қатысу емес. Бұл – туған жерге деген құрметтің, өскен өлке алдындағы жауапкершіліктің көрінісі.
Шекара асып келген спортшының еңбегі ақталды. Ол өз командасымен бірге өңір абыройын асқақтатуға атсалысты. Қоржынға медаль салды.
Осындай сәттерде спорттың тек медаль мен нәтижеден тұрмайтынын түсінесің. Оның артында туған елге деген сүйіспеншілік, сағыныш, адалдық жатыр.

Алсудың жарысқа қатысуына түсіністік танытып, ел намысы сыналар шақта қолдау білдірген азаматқа, Жайық жұртының күйеу баласына да ерекше алғысымыз шексіз. Өйткені үлкен жеңістердің артында кейде үнсіз қолдау көрсететін жандар тұрады.
Туған жердің шақыруын жүрегімен сезініп, облыс намысы үшін ат терлеткен Алсуға ризамыз.
Фатима Қамидуллиева