17.06.2026, 12:15
Оқылды: 6

Адам денсаулығы - басты назарда

Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру және ауыл халқын сапалы медициналық қызметпен қамтамасыз ету бағытында Тасқала ауданында жүйелі жұмыстар атқарылуда. Аудан әкімі Талғат Асқарұлының бастамасымен биыл Оян ауылында алғаш рет жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттің (ФАП) құрылысы жүргізілуде.

фото 2

Осы уақытқа дейін ауыл тұрғындары пайдаланып келген медициналық нысан заман талабына сай келмей, әбден ескірген болатын. Сондықтан халықтың денсаулығын қорғау, қолайлы жағдайда медициналық көмек алуына мүмкіндік жасау мақсатында жаңа ғимарат салу туралы шешім қабылданды. Өйткені адам денсаулығы - қоғамның басты байлығы және мемлекет саясатының маңызды бағыттарының бірі.

Қазіргі таңда жаңа медициналық нысанның төбесі толық жабылып, ішкі әрлеу жұмыстары аяқталуға жақын. Апта басында аудан әкімі Талғат Асқарұлы Қосшы ауылдық округіне арнайы барып, құрылыс жұмыстарының барысымен танысты. Нысан сапасының жоғары деңгейде орындалуына ерекше назар аударған аудан басшысы жауапты мердігерлер мен мамандарға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеді. Соның ішінде фельдшерлік пунктке кірер жолдың да сапалы әрі талапқа сай жасалуын қадап тапсырды.

фото 3

Жаңа медициналық мекеме пайдалануға берілгеннен кейін ауыл тұрғындары заманауи талаптарға сай ғимаратта ем қабылдап, алғашқы медициналық көмекті қолайлы жағдайда алуға мүмкіндік алады.

Бұл аудан әкімдігі тарапынан ауыл халқының әлеуметтік жағдайын жақсарту және денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында көрсетіліп отырған нақты қолдаудың бір көрінісі.

Сапар барысында аудан әкімі ауылда салынып жатқан жаңа ветеринариялық пункттің құрылысымен де танысты. Айта кетейік, Тасқала ауданында мемлекеттік ветеринариялық пункттер салу жұмыстары 2024 жылдан бастап жүзеге асырылып келеді. Соның нәтижесінде Амангелді, Мереке, Шежін-2, Атамекен, Ақтау және Достық ауылдарында жаңа ветеринариялық пункттер бой көтеріп, халық игілігіне берілген болатын.

Ал, биыл бұл игі бастама одан әрі жалғасын тауып, Мерей және Оян ауылдарында жаңа ветеринариялық пункттердің құрылысы қолға алынды. Қазіргі уақытта құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп, қажетті құжаттамаларды рәсімдеу жұмыстары қатар атқарылуда.

Жоспар бойынша аталған нысандардың құрылысы биыл толық аяқталып, пайдалануға беріледі.

Ауылдық жерлердегі әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобалардың жүзеге асуы - тұрғындардың әл-ауқатын арттыруға, ауылдың дамуына серпін беретін маңызды қадам. Бұл бағыттағы жұмыстар аудан әкімінің тұрақты бақылауында болып, халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамалар алдағы уақытта да жалғасын табатын болады.

Назгүл Серікқызы

Тасқала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале