17.06.2026, 14:15
Оқылды: 4

Ауыл дамуы – ортақ міндет

Аудан әкімі Алпамыс  Көшкінбаевтың  халықпен жүздесуі  Қызылоба ауылында өтті. Округ  басшысы Теміржан Серікұлы алдымен атқарылған жұмыстар мен  жоспарланған жобаларға тоқталдыСондай-ақ ауылдағы өзекті мәселелерді де назардан тыс қалдырмады. Атап айтқанда, электр желілерінің тозуы, ауыз су жүйесін үздіксіз беру қажеттілігі, Е.Орақбаев атындағы ЖОББ мектебі жанындағы интернат оқушыларын тасымалдайтын автобустың  жарамсыздығы, білім ордасы мен интернаттың өртке қарсы қорғау жүйелерін қалпына келтіру, жылыту қазандығын  күрделі жөндеуден өткізу,  ауылдық мәдениет үйіне жөндеу және  Айтпай елді мекеніндегі мал жайылымын кеңейту.

image-17-06-26-11-18-2

 Сонымен қатар 2026–2027 жылдарға бірқатар жобалар жоспарланған. Олардың қатарында ауылға өрт сөндіру бекетін, ветерианриялық пункт, спорт кешенін  салу, орталық саябақты абаттандыру  жұмысын аяқтау, ауыл ішіне қосымша бейнебақылау камераларын орнату, ауылішілік көшелерге қатқыл табанды жол төсеу,  әлеуметтік осал топтағы азаматтар мен апатты жағдайдағы тұрғын үй иелерін баспанамен қамтамасыз ету, Айтпай және Жангелді елді мекендеріне кірме жол төсеп, кешенді блок модульді су жүйесінің құрылысын аяқтау, сондай-ақ мал бағымын ұйымдастыру.

Келесі  боп сөз алған Алпамыс Жаңабайұлы аудан көлемінде жасалған жұмыстар легін баяндап, кейбір жобалар бөлінген қаражатқа байланысты кезең-кезеңімен жүзеге асатынын мәлімдеді. 

image-17-06-26-11-18-4

Одан әрі жергілікті тұрғындар тарапынан ұсыныс-пікірлерге кезек берілді. Олар әуелі ауыл  әкімінің қызметіне оң бағаларын беріп,  ауыл саябағына сахна сыйға тартқан 20 жылдық түлектерге алғыстарын білдірді. Кейін мал жайылымы, техникалық су, каналдарға су жіберу,  Чапай-Жаңақала тас жолының  бүгінгі күйі, ауылдың бас жоспарын  қайта жасау, өрт сөндіру көлігінің керектігі, Өркен елді мекенін ауыз су және интернет желісімен қамту, Көшім өзеніне мал жайылу үшін көпір салу, ауылдағы Коммунал мекемесіндегі кадр тапшылығы және азық-түлік бағасының шарықтауы  секілді мәселелерді қозғады.  Сондай-ақ Қызылоба ауылы тас жолдың бойында орналасқандықтан, «Сақтансаң, сақтармын» демекші, жүргізушілер көлікті жылдамдықты асырмай, абайлап жүргізсе, жол-көлік оқиғаларының алдын алып, малдың да, адамның да амандығын сақтауға болар еді, - деген ойларын ортаға салды.

Жиын соңында аудан басшысы әкімдерден ғана талап ете бермей, «Ел маған не істейді?» деп емес, «Мен еліме не істедім?» деген ұстаныммен жұмыс істеп, туған өлкенің өркендеуіне үлес қосудың маңызын атап өтті. Сонымен қатар төртінші деңгейлі бюджет қаражатын тиімді игеру қажеттігін жеткізді.

Айзада Ақбасова

Жаңақала ауданы 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале