17.06.2026, 15:00
Оқылды: 13

«Теректі ауданының әлеуеті де, мүмкіндігі де зор»

Облыстың әр аудан, әр қаласы «Орал өңірі» газетінің назарынан тыс қалып көрген емес. Әр өңірдің жетістік-жаңалығы, өзекті мәселесі, кезекті жобасы – біздің жіті назарымызда. Өйткені ел экономикасы мен әлеуетінің артуы – ауылдардың көркейіп, ондағы тұрмыстың түзелуімен тығыз байланысты. Өңіріміздегі Теректі ауданы – экономикалық және инфрақұрылымдық тұрғыда қарқынды дамып келе жатқан аймақ. Онда ірі инвестициялық жобалар жүзеге асуда. Тұрғындардың өмір сүру сапасын арттырып, тұрмысын жақсарту  жолында да ауқымды  іс-шаралар атқарылуда. Осы орайда Теректінің бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысу мақсатында аудан әкімі Әлия  Мұханбетжановамен сүбелі сұхбат құрудың сәті түскен еді. 

_gluster_2023_5_4_73a4b4b2d3454804b20a5ce335560d83_1280x720

– Әлия Биғазықызы, өзіңіз басқаратын ауданның бүгінгі әлеуметтік-экономикалық дамуына тоқталсаңыз. Кейінгі екі жылда жүзеге асқан басты-басты жобалар жайында айтып өтсеңіз...

– Теректі ауданының әлеуметтік-экономикалық даму әлеуеті жоғары. Аудан аумағына 15 округ, 49 елді мекен кіреді. Халық саны 38 007 адамды құрайды. Тұрғындардың әлеуметтік жағдайының жақсаруы мен дамудың көрсеткіші экономикалық тұрақтылық пен бюджетке тікелей байланысты. Жасыратыны жоқ, кейінгі жылдары тұрғындардың жаппай қалаға көшуі байқалып отыр. Осы орайдағы мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдау шараларының бірі – әлеуметтік осал топтағы отбасыларды баспанамен қамту. Өзіңізге мәлім, облыс әкімі Нариман Төреғалиевтің бастамасымен «Қаладан ауылға» жобасы жүзеге асуда. Мақсаты – азаматтардың ауылға келуін ынталандыру, халықтың көшіқонын азайту, ауылдық жерлерде жұмыс күші тапшылығын жойып, шағын орта бизнес субъектісінің санын арттыру. Сондай-ақ қалада тұрақты жұмысы жоқ азаматтардың, жас отбасылардың әлеуметтік мәселелерін шешуге қолдау көрсету. Бұл бағдарламаның оң нәтижесін, өміршеңдігін біздің ауданнан да байқауға болады. Қазіргі кезде ауданға 16 отбасы, яғни 50 адам (27 ересек, 23 бала) қоныс аударды, жыл соңына дейін олардың қатары толығатыны сөзсіз. Көшіп келген жерлестерімізге барынша қолдау шаралары мен әлеуметтік көмек ұсынып жатырмыз. Аудандағы 13 ауылда (Долин, Приречный, Шағатай, Абай, Үлкен Еңбек, Богдановка, Аңқаты, Покатилов, Құмақсай, Ұзынкөл, Жаңаөмір, Сарыөмір, Магистральный) үйлер салынды. Биыл да осындай үйлерді сатып алуды жоспарлаудамыз.

Ветеринария саласында да игіліктер аз емес. Былтыр бес ауылда жаңа ветеринариялық пункт ғимараттары пайдалануға берілсе, биыл төрт ауылда ветпункт бой көтереді. Бұл саладағы өзекті мәселелердің бірі – мал моласы.

Былтыр төрт ауылға мал моласы салынса, биыл 9 ауылға салу бойынша жұмыс басталды. Келіссөздер жүргізіліп, инвесторлар өз қаражатына Покатилов, Бекей және Теректі ауылдарында мал моласын салуда. Облыс әкімінің бастамасымен былтыр ауданның ветеринария саласының мамандарына су жаңа 15 дана қызметтік аутокөлік берілді.

Өміріміздің ажырамас бөлігі – мәдениет пен спорт. Былтыр Жаңаөмір және Ақжайық ауылдарында дене шынықтыру-сауықтыру кешендері салынды. Сонымен қатар аудан халқының басым бөлігі қоныстанған Подстепный ауылында тұрғындардың өтініші бойынша балаларға арналған екі ойын алаңы бой көтерді. Биыл «Қазақстан халқына» қорының қаржыландыруымен Подстепный ауылындағы балалар кітапханасы модернизациядан өтіп, оқырмандарына есігін айқара ашты.

Білім саласындағы атқарылып жатқан жұмысқа өздеріңіз куәсіздер. Подстепный, Пойма, Абай, Үлкен Еңбек және Магистральный ауылдарында жаңа мектептер пайдалануға берілді.

Аудандағы қауіпсіздік мәселесі де назардан тыс қалмайды. Осы бағытта далалық өрт кезінде жедел шара қабылдау, үлкен апатты өрттердің алдын алу мақсатында былтыр ауданымыздың Шағатай және Ұзынкөл ауылдарында жаңадан өрт сөндіру пункттері салынып, пайдалануға берілді. Одан бөлек, бүгінгі күні аудан орталығында республикалық бағдарлама шеңберінде 72 бейнекамера орнатылуда. Бұл шаралардың барлығы тұрғындардың тыныштығы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында жүзеге асуда.

– Мемлекет басшысы инвестиция тартуға ерекше көңіл бөліп отыр. Ауданда кәсіпкерлік саласының көкжиегі кеңеюде ме?

– Бұл бағыттың басымдылығы туралы Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстан: заң мен тәртіп, экономикалық өсім, қоғамдық оптимизм» атты Қазақстан халқына Жолдауында дүние жүзінде инвестицияға талас өршіп тұрған кезде елге қаржы тарту үшін «дәл осы жерде және дәл қазір» қағидасы бойынша шешім қабылдау – ең қажетті шара екенін атап өтті. Бүгінде осы қағида бойынша көптеген жоба ауданда да жүзеге асырылуда.  Айта кетсек, жыл басынан бері негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі – 3,4 млрд теңге. Соның 2,7 млрд теңгесі – жеке инвестиция, 0,7 млрд теңгесі – бюджет қаражаты. Бюджет қаражатын толықтырудың негізгі көзі – инвестиция. Ауданда жүзеге асқан жобалар – ертеңгі тұрақтылық пен дамудың, табыстың көзі. Сондықтан кез келген инвестициялық жоба нәтижелі болуы үшін біздің тарапымыздан барынша қолдау жасалуда. Биыл жыл соңына дейін аудан бойынша 26,1 млрд теңге жеке инвестиция тартылуы керек. Бүгінде жүзеге асып жатқан жобаларға тоқталсақ, Пойма ауылындағы «VEGA POWER» ЖШС-ның газ-турбиналық стансасы (инвестиция көлемі – 2,1 млрд теңге) мен «КазКомСервис» ЖШС асфальтты бетон зауытын салу жобасы (инвестиция көлемі – 1,5 млрд теңге). Сондай-ақ Магистральный ауылындағы «KAZAKHTRANSOIL» ЖШС-ның биоотын өндіру жобасы (инвестиция көлемі – 5,4 млрд теңге), Подстепный ауылындағы «Төлеңгіт» шаруа қожалығының сүт өңдеу цехын салу (инвестиция көлемі – 2 млрд теңге), Юбилейный ауылындағы «КТК888» ЖШС-ның сүт өңдеу цехының құрылысы (инвестиция көлемі – 1,6 млрд теңге) және сүтті ірі қара мал басын көбейту жобалары бар.

–  Ауыл шаруашылығы – халықты тұрақты азық-түлікпен қамтамасыз етіп, экономиканың негізін құрайтын стратегиялық маңызды сала. Бұл салада қандай өзгерістер бар? Биылғы көктемгі дала жұмыстары туралы айтып өтсеңіз. «Ауыл аманаты» жобасы қалай жүзеге асуда?

–  Қазіргі кезде ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 3,1 млрд теңгені құрады (өсімдік шаруашылығы – 27,4 млн теңге, мал шаруашылығы – 2,9 млрд теңге). Ал өнімдерге тоқталсақ, 1,4 мың тонна ет, 8,4 мың тонна сүт, 1,8 млн дана жұмыртқа өндірілді. Биыл аудан аграршылары 142,9 мың гектар егіс алқабына тұқым себу жоспарлады (дәнді дақылдар – 57,7 мың га, майлы дақылдар – 26,7 мың га, картоп – 0,380 мың га, көкөніс – 0,156 мың га, бақша дақылдары – 0,040 мың га, малазықтық дақылдар – 58,0 мың га). Ал былтыр бұл көрсеткіш 149,7 мың гектар болған еді. Одан 56,7 мың тонна дәнді дақыл, 30,0 мың тонна майлы дақыл, 7,7 мың тонна картоп, 2,3 мың тонна көкөніс, 368 тонна бақша өнімдері жиналды. Ағымдағы жылы 21,1 мың гектар алқапқа күздік дақылдар егу жоспарлануда. Ауданда көкөніс пен картоп өсіретін 16 шаруашылық бар. Бұл құрылымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, сапалы өнім өндіру және өнімді қайта өңдейтін шағын цехтар ұйымдастыру бойынша жоспарларымыз бар. Шаруалардың жұмысында өз тиімділігін көрсеткен шаралардың бірі – ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру. Ауданда 51 кооператив жұмыс істейді. Оның 48-і ірі қара мал және тұқымдық түрлендірумен айналысса, біреуі сүт қабылдаумен, біреуі су жеткізумен және бірі балық өсірумен айналысады. Жалпы ауданда 1 мамырға дейінгі санақ бойынша 74 811 бас ірі қара мал, 82 801 бас қой, 12 378 ешкі, 20 739 жылқы, 1 918 шошқа, 42 527 құс бар. Былтырғы жылдың осы кезеңімен салыстырғанда мал шаруашылығы бойынша өсім бар.

Жалпы шағын және орта бизнесті дамытуда мемлекет тарапынан қолдау орасан зор. Сондай бағдарламалардың бірі – «Ауыл аманаты» бағдарламасы.

Бағдарлама бастау алғалы ауданымызда 185 жоба (1,5 млрд теңге) қаржыландырылды. Ал биылғы жыл басынан бері 28 жобаға қаржы бөлінді, оның жетеуі мақұлданып, жеті жоба комиссия қаралымында.

– Әлия Биғазықызы, ауданға қарасты ауылдарды ауыз сумен қамту қалай жүргізілуде?

–  Тіршілік үшін ең қажетті инфрақұрылым – ауыз сумен қамту жүйесі. Аудандағы 49 елді мекеннің 28-інде (81,6%) таза ауыз су бар. Сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету мақсатында былтыр 10 ауылға (Тақсай, Құтсиық, Дуана, Сатымшеген, Ерсары, Қандық, Әйтиев, Бекей, Қабылтөбе, Сәрсенов) жалпы құны 136,0 млн теңгеге кешенді қондырғы (КБМ) орнатылды. Қазіргі кезде нысандар толықтай іске қосылды. Былтыр Магистральный, Алғабас және Қызылжар ауылдарындағы ауыз су құбырлары іске қосылды. Аталған жобаларды қосқанда аудан бойынша ауыз сумен қамту көрсеткіші 87,7% құрады. Ақжайық және Теректі ауылдарындағы ауыз су құбырларының тозығы жетіп, апатты жағдайлар жиі болып жүр еді. Аталған су құбырларын қайта жаңғыртудан өткізу үшін жобалық-сметалық құжат дайындалды. Өткен мамыр айында халық көп шоғырланған аудан орталығындағы су құбырын қайта жаңғырту жобасы бойынша құрылыс басталды, құны – 2,2 млрд теңге. Мердігер – «Қалдығайты» ЖШС. Сонымен қатар Ақжайық шипажайы ауылында жаңадан су құбыры салынуда. Мердігер – «Газстрой» ЖШС, жоба құны –443,1 млн теңге. Келісімшарт бойынша жұмыс биыл аяқталып, нысан жыл соңына дейін іске қосылуы қажет.

   – Халқымызда «Жол азабын жүрген біледі» деген ертеден қалған тәмсіл бар. Теректі ауданында жолдардың жөнделуі бойынша қандай жұмыс атқарылды?

– Инфрақұрылымның маңызды элементтерінің бірі – жолдар. Олар өндірістің, сауданың және халықтың барлық тіршілік салаcының дамуында шешуші рөл атқарады. Аудандағы аутомобиль жолдарының жалпы ұзындығы – 497 шақырым. Оның 134 шақырымы – республикалық маңызы бар жолдар, 172-сі – облыстық маңызды және 191 шақырымы – аудандық маңызы бар жол. Былтыр Покатилов (10,6 км) және Ақсоғым (7,2 км) ауылдарына кіреберіс жолдар пайдалануға берілді. Сонымен қатар Подстепный ауылының ПДП-3/2 көшесінде (1,13 км) және «Болашақ» шағынауданындағы (0,98 км) кентішілік жолдарды жөндеу жұмыстары аяқталды.

Аудан тұрғындары есептік кездесулерде көтеретін мәселелердің бірі – Төңкеріс (12 км) және Шалқар (6 км) ауылдарына кіреберіс жолдардың жөнделуі. Күзгі-қысқы кезеңдерде аталмыш ауылдарға жол қатынасы қиындап, тұрғындарға қолайсыздықтар туғызады. Оған қоса жыл сайын еріген қар суы тасып, кейбір ауылдардың кіреберіс жолдарының жекелеген учаскелерін шайып кету еді.

Осы мәселені түбегейлі шешу мақсатында Дуана, Құмақсай, Сатымшеген, Рыбцех, Қандық, Төңкеріс ауылдарының кіреберіс жолдарына су өткізу құбырларын орнату үшін құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде. Жобаның құны – 211,0 миллион теңге, жұмыс биыл жыл соңына дейін аяқталады. Қазіргі уақытта жолдарды күрделі жөндеу бойынша 12 жоба дайын Теректі – 5 жоба (17 көше), Аңқаты – 2 жоба, Подстепный, Шағатай, Богдановка, Жаңаөмір (9 көше), Құмақсай), бұл жобаларды іске асыру үшін 3,9 млрд теңге көлемінде қаржыландыру қажет.

– Бүгінде тұрғындардың ең өзекті мәселелерінің бірі – жұмысқа орналасу. Жалпы аудан халқын жұмыспен қамту көрсеткіші қандай?

–  Аз қамтылған және көпбалалы отбасыларды қолдау бойынша жаңа сипаттағы атаулы әлеуметтік көмек 43 отбасыға (250 адам, 9,7 млн теңге) тағайындалды. Сонымен қатар жергілікті бюджет есебінен табыс кірісі аз азаматтардың кейбір санаттарына төленетін біржолғы материалдық көмек 707 (59,1 млн теңге) тұрғынға берілді. Халықты жұмыспен қамту орталығына «Еңбек» бағдарламасына қатысу үшін аудан бойынша 1 212 адам жүгінді. Жыл басынан бері 243 адам жұмысқа орналастырылса, 319 тұрғын әлеуметтік жұмыс орындарына жолданды. Дегенмен, аудан бойынша ресми жұмыссыз ретінде 966 адам тіркелген (2025 жылға – 1 207 адам), вахталық әдіспен жұмыс істеп, қысқартуға түскен адамдар саны басым. Жалпы жұмыссыздық деңгейі – 4,5%.

– Әлия Биғазықызы, кез келген мемлекеттің басты капиталы – дені сау халқы. Денсаулық сақтау саласын дамыту бағытында атқарылып жатқан істерге де тоқтала кетсеңіз... Бұл салада маман тапшылығы бар ма?

– Бүгінгі күні денсаулық саласы бойынша ауданда  бір аурухана, бір емхана, алты дәрігерлік амбулатория, алты фельдшерлік-акушерлік пункт және 25 медициналық пункт бар. Оларда 52 дәрігер, 256 орта медициналық қызметкер жұмыс істейді. Биыл олардың қатары жас дәрігерлермен толықты. Дегенмен, ауданға әлі де офтальмолог, ультра дыбыстық зерттеу дәрігері, психиатр, нарколог мамандары  қажет.

– Ауданға былтырдан бері қанша жас маман барды? Оларға қандай жағдайлар  жасалып  жатыр?

– Аудандағы барлық сала жыл сайын жас маманмен толығуда. Білім саласына былтыр 33, биыл 36, денсаулық саласына былтыр 8, биыл 1 маман келді. Ал мемлекеттік қызметке 2025 жылы 4, биыл 1 маман қабылданды.

Олар өз ниеттерімен «Дипломмен ауылға» мемлекеттік бағдарламасына қатысып, көбі үй-жайлы болып жатыр.

Аталған бағдарлама аясында ауданға берілетін көтермеақы мен баспанаға берілетін ипотекалық несие квоталары толықтай  игерілуде.

– Теректі ауданында туризм саласын дамыту бойынша жоба-жоспарларға тоқсалсаңыз...

– Аудан аумағында орналасқан маусымдық демалыс орны – Шалқар көлі. Осы бағытта туризм саласын дамыту үшін жағалауды жалға алу, абаттандыру бағытында бірнеше келіссөз жүргіздік. Алайда, судың жылдан-жылға тартылуы мен демалыс маусымының 2 ай болуына байланысты әзірге инвестор табылмады.

– Әлия ханым, сұхбатымызды енді жеке басыңызға қатысты сауалдармен жалғастырсақ. Өмірде болсын, қызмет барысында болсын ешқашан бұзбайтын қағидаңыз бар ма?

– Иә, бар. Мен үшін бұлжымас қағида – әр істі уақытында жасау, яғни тәртіп пен жауапкершілік. Адам өз міндетіне жауапкершілікпен қарап, уәдесінде тұрса, кез келген жұмыстың нәтижесі де сапалы болады деп есептеймін.

 – Әкім ретінде емес, адам ретінде сіз үшін бұл өмірде ең маңызды нәрсе не?

– Әрине, ең алдымен ата-анамның, отбасымның, бар жақынымның амандығы және дендерінің саулығы маңызды.

– Қоғам тарапынан сын айтылғанда қалай қабылдайсыз?

–  Қазіргі кезде сынның өзін саралай білу қажет. Егер нақты іс бойынша айтылған сын болса, қабылдаймын.

– Бос уақытыңызды қалай өткізесіз? Үйде қандай аспазсыз? Жиі дайындайтын тағамыңыз бар ма?

–  Біздің қызметімізде бос уақыт көп бола бермейді. Орайы келсе, отбасыммен, құрбы-достарыммен бас қосып демаламыз. Өзіме ас пісірген қатты ұнайды, әсіресе ет асып, достарымды үйге шақырғанда ерекше әсер аламын. Бос уақытым болса, күнде ет асар едім.

–  Қатты шаршаған кезде құлшынысты (мотивацияны) қайдан аласыз?

– «Бүгіннен ертең жақсы» деген ұстанымға жиі жүгінемін және осы қағида қашанда үмітпен алға ұмтылуға  құлшыныс  береді.

– Сұхбатыңызға рақмет.

Гүлсезім Бияшева,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале