15.09.2026, 17:45
Оқылды: 6

Дарияндық Непогодиндердің еңбек әліппесі

Күз түсіп, дала жуасығанымен, бұл ауылда тіршілік көрігі қызып тұр. Дариян өңіріндегі «И.Непогодин» шаруа қожалығының алқабына табан тіресеңіз, көз сүрінер тазалық пен мұнтаздай жинақылыққа сүйсінесіз. 6 гектардан бастау алған шағын кәсіп бүгінде өңірді сапалы көкөніспен қамтып отырған іргелі шаруашылыққа айналған.

image-15-09-26-01-13

Бізді даланы бау-бақшаға айналдырған қожалық иесі Игорь Непогодиннің ұлы, әке жолын қуған Ярослав Непогодин қарсы алды. Жайқалған сәбіз алқабында 11 жұмысшы қызу еңбек етуде. Ярославтың айтуынша, ол 5 жылдан бері әкесінің қасында жүріп, диқаншылықтың қыр-сырын меңгерген.

«Жазда қызылшамызды жинап, Оралдағы орталық базарда көтерме бағамен өткіздік. Қазір жаздық сәбізді жинап жатырмыз. Күніне 4,5 тонна өнімді қаптарға толтырып, «Газель» көлігімен сауда нүктелеріне жеткіземіз. Сағат таңғы 04:00-де базарда боламыз, өйткені жылдар бойы қалыптасқан тұрақты сатып алушыларымыз тосып отырады. Бұйырса, сәбізден соң орамжапырақ пен пиязды жинауға кірісеміз», – дейді Ярослав Непогодин.

Непогодиндер шаруашылықты заманауи технологиямен жүргізеді: Суаруда көп жылдан бері суды үнемді әрі тиімді жұмсайтын израильдік тамшылатып суару әдісін қолданады. Тұқым сапасына мән береді. Көбіне Шымкент арқылы келетін жоғары өнімді голландиялық тұқымдарды отырғызады. Барлық техника өзінікі, үкіметтен ешқандай несие алмаған.

image-15-09-26-01-13-4

Ауылдастары Непогодиндерді тек еңбекқорлығы үшін емес, жоғары адамгершілігі үшін де сыйлайды. Бағбандар өнімнің артылғанын көршілері мен аз қамтылған отбасыларға тегін үлестіруді қалыптасқан қайырымды дәстүрге айналдырған. Берекелі шаруашылық туралы еңбек адамдарының да айтары бар.

image-15-09-26-01-13-3

Жұмағыз Досалиева, шаруа қожалығының жұмысшысы:

«Осы қожалықта жүргеніме 5 жыл болды. Зейнетке шықсам да, бос жатқым келмейді. Күніне 4 тоннадай сәбіз жинаймыз. Игорь Николаевич – сөзі де, өзі де түзу, жастармен де, үлкенмен де орнымен әзілдесе білетін өте қайырымды адам. Ұлы Ярослав та еңбекқор. Еңбекақымызды (күніне 7500 теңге) уақытында қолма-қол береді».

Анатолий Литвининов, механизатор:

«Шаруашылықта жүргеніме 15 жыл толды. Қысы-жазы жұмыс бар. Көктемде жерді жыртып, тұқым себейік, жазда баптаймыз. Күндік жалақым – 8000 теңге, көңілімнен шығады. Балаларыма да бау-бақша егуді, суаруды үйретіп жүрмін. Еңбекке баулудың ең үздік үлгісі – осы».

Владислав Ганин, 18 жастағы жұмысшы:

«Дариян ауылындағы орта мектепті бітірген соң, Оралдағы колледжде механизатор мамандығын меңгердім. Жақында әскерге кетемін, ал шақыру келгенше осында адал еңбегіммен күнделікті 8000 теңгемді тауып жүрмін. Үлкен әрі тәжірибелі әріптестерім маған даланың қыр-сырын үйретуден жалықпайды».

Гүлжан Аязбаева,

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале