«Елеулі есімдер» жобасы аясында Қадыр Мырза Әли атындағы облыстық мәдениет және өнер орталығында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, белгілі өлкетанушы Сара Танабаеваның 85 жас мерейтойына арналған «Сара жол» атты кездесу кеші өтті.

Ең алдымен, мерейтой иесінің өмірі мен еңбек жолына арналған бейнебаян көрсетіліп, оның өлкетану саласындағы еңбегі мен ел руханиятына қосқан үлесі кеңінен сөз болды. Ал мерейтой иесі өзі сол жылдардың кейбір көмескі тартқан сәттерін қайта жаңғыртып, кеш қонақтарымен бөлісті.
Басқосудың ресми ашылуында Қадыр орталығының директоры Талғат Мықи мерейтой иесін 85 жасымен құттықтап, иығына шапан жапты. Сонымен бірге облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы басшысының міндетін атқарушы Медхат Қамбетовтің алғысхатын табыс етті.
Кездесуде «Парасат» орденінің иегері, Қазақстан Жазушылар одағы облыстық филиалының төрайымы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қоғам қайраткері, ақын-жазушы Дариға Мұштанова мерейтой иесін құттықтап, Сара апайдың ел руханияты мен өлке тарихын түгендеудегі еңбегіне жылы лебізін білдірді. Ол мерейтой иесінің ізденімпаздығы мен еңбекқорлығын, ұлттық мұраға деген жанашырлығын айрықша атап өтіп, тағылымды ғұмыры кейінгі буынға өнеге екенін жеткізді.
Сара апаның есімі Ақ Жайық өңірінің мәдениеті мен тарихына бейжай қарамайтыны жұртқа жақсы таныс. Оны Ақ Жайық жұрты «Оралдың Музей апасы» деп атайды. Олай дейтін себебі ғұмырының қырық жылға жуық уақытын музей ісіне арнаған Сара Танабаева талай жыл бойы ел тарихының елеусіз қалған үзіктерін түгендеп, көненің көзіндей болған жәдігерлерді жинап, тарихи деректерді қағазға түсіріп, кейінгі ұрпаққа аманат ету жолында тынымсыз еңбек етті.
– 1965 жылы А. Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының тарих факультетін тәмамдаған соң, туған ауылыма барып, мұғалім болып еңбек жолымды бастадым. Арада төрт жыл өткен соң отбасымызбен Орал қаласына көшіп келдік. Ол кезде қалада бір ғана қазақ мектебі бар еді. Ол – С. Сейфуллин атындағы облыстық мамандандырылған №11 мектеп-интернаты. Бірақ, өкінішке қарай, мектепте бос жұмыс орны болмады. Сөйтіп, «Жұмыссыз қалам ба?» деп қорқып жүргенімде өмірімде күтпеген жерден жаңа бір кезең басталды. Мен облыстық тарихи-өлкетану музейіне қызметке орналастым. Маған музей ісінің қыр-сырын үйретіп, қызметте жол нұсқаған ұстазым Ұрқия Ершуриева. Музей сол кезде тарихы терең, өзіндік ерекшелігі бар Атаман үйінде орналасқан болатын. Алып ғимараттың ішінде сан түрлі тарихи жәдігері мен құнды экспонат бар еді. Бірақ солардың арасында қазақ халқының тарихы мен мәдени мұрасына қатысты дүниелер өте аз болатын. Тіпті барының өзі саусақпен санарлықтай еді. Бұл мәселе кейін біртіндеп қолға алынды. Сол жылдары Оралға Қазақ КСР Мәдениет министрі Өзбекәлі Жәнібеков келді. Ол музей ісіне ерекше мән беретін, ұлттық мұраға жанашыр азамат еді. Алматыда барлық музей директорлары мен қызметкерлерін жинап, арнайы жиын өткізді. Одан кейін бізді Қазақстанның қасиетті орындарын аралатты. Бұдан соң Қазақстандағы музей ісіне деген көзқарас та, жұмысымыз да жаңа арнаға түсті. Ұлттық құндылықтарды жинау, халықтың тарихы мен мәдениетіне қатысты жәдігерлерді іздеу жұмыстары күшейді. Біз музей қорын толықтыру үшін Қазақстанның түкпір-түкпірін араладық. Ел ішіндегі көнекөз қариялармен сөйлесіп, тарихи дүниелерді іздедік, халық арасында сақталған құнды жәдігерлерді музейге әкелуге тырыстық. Сол еңбектің бір нәтижесі ретінде 1980 жылы музей қорына әйгілі күйші Дина Нұрпейісованың қамзолы келіп түсті. Бұл біз үшін үлкен қуаныш әрі мақтаныш болды. Өйткені мұндай жәдігерлер – жай ғана музей экспонаты емес, халқымыздың тарихы мен мәдениетін кейінгі ұрпаққа жеткізетін асыл мұра, – деді өткен жылдарды еске алған Сара Есқайырқызы.
Жиын басталып жатқанда жарықтың сөніп қалғаны да өзінше бір қызық жайт болды. Кешке қатысушылар мұны жақсы ырымға балап, музей апайдың кезінде жарықсыз өткен талай кештерді еске алып, шырағданның жарығымен отырып, асықпай сыр тарқатудың сәті келген шығар деп әзілдесті. Көп ұзамай жарық жанып, әсерлі естеліктер айтылған әдемі кештің көрігін жергілікті өнерпаздар одан әрі қыздыра түсті.
Кеш барысында Сара Есқайырқызы әйелдің отбасындағы рөлі туралы өз ойымен бөлісті.
– Біз ол кезде жұмысқа бар күшімізді салып, барынша беріліп еңбек еттік. Өйткені кеңестік кезеңнің идеологиясы да сондай еді – жұмысты бірінші орынға қоятынбыз. Қазір ойлап қарасам, шын мәнінде, бәрі керісінше болуы керек екен. Әйел адам, ең алдымен, отбасының берекесін ойлауы қажет. Өйткені әйел – отбасының ұйытқысы, ошақтың сақтаушысы. Отбасы әрқашан бірінші орында тұруы керек деп ойлаймын, – деді ол.

Кездесуде облыстағы мәдениет саласының ардагері Феликс Баюканский, Сырым аудандық мәслихатының төрағасы Шынар Дүйсенғалиева мерейтой иесіне ақжолтай тілектерін арнап, алғысхаттарын табыс етті.
Гүлжамал Жолдығали,
«Орал өңірі»