15 қыркүйек - Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерлерінің күні.
Бүгін Сырым ауданының әкімінің міндетін уақытша атқарушы Серік Тоқмамбетов аудандағы санитарлық - эпидемиологиялық бақылау басқармасының қызметкерлерін қабылдады.
Жымпиты өңірінде санитарлық - эпидемиологиялық бөлім 1944 жылы аудандық денсаулық бөлімі жанынан құрылған. Бірінші бас дәрігер - Өтеш Трайсов. 1965 жылы санэпидембөлім станцияға айналып, дербес мекеме ретінде қызмет етуге көшті.
2020 жылдың 18 қараша айынан бастап мекеменің атауы ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің Сырым аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы болып өзгерді.
Бүгін Сырым ауданындағы халықтың денсаулығын сақтау, жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау және айналадағы ортаның қауіпсіздігін қамтамасыз етумен айналысатын мемлекеттік органды Ләззат Мұқанова басқарады. Ләззат ханымның бұл саладағы еңбек өтілі 36 жылды құрайды. Ал, бөлім басшысы Қарылғаш Мұхамбеталиева мен жетекші маман Гүлбану Мәулетова да қоғамдық денсаулық сақтау саласына қырық жылға жуық қызметтерін арнаған жандар. Салтанатты қабылдауға сала қызметкерлері - Әлия Хамидуллина, Қанат Құлмұқан, Бибінұр Мұхамбетжанова, Ләззат Кенжалиева, Гүльфия Шайхиева, Амангелді Бергалиев қатысты.
Серік Әнуарұлы эпидемиологтарды “көрінбейтін майданның жауынгерлері” деп атады. Шынында да олар біздің өміріміз үшін маңызды - жұқпалы және паразиттік аурулардың таралуының алдын алу, тамақ қауіпсіздігін бақылау, ауыз су, ауа мен топырақ сапасы, қоғамдық орындардың тазалығы секілді коммуналдық гигиенаны қадағалау сияқты мәселелермен айналысады.
Сала мамандарына Сырым ауданының әкімдігі атынан алғыс хат тапсырылды.
Бауыржан Ширмединұлы,
“Жайық Пресс”