ҚР Қорғаныс министрлігінің ақпараттық-түсіндіру тобы еліміздің барлық өңірінде өткізіп жатқан «Біртұтас ел – біртұтас жер» республикалық әскери-патриоттық акциясы аясындағы «Адал азамат – ер тірегі» атты ерлік сабағы Ақсай қаласында жалғасын тапты.

Іс-шараға ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілдері, полковник Мұрат Агубаев пен полковник Дәулет Бейсеков, ҚР ҚМ Әскери білім және ғылым департаментінің өкілі, подполковник Нұрлан Ашықов, сондай-ақ «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының аппарат басшысы Нұрқуаныш Қаз қатысты.
Әскери-патриоттық кездесу Ақсай қаласындағы №3 жалпы орта білім беретін мектеп пен №6 мектеп-лицейінде ұйымдастырылды. Оған мектеп оқушылары қатысып, әскери сала, Отан қорғау және әскери білім алу мүмкіндіктері жөнінде мол мағлұмат алды.

Қонақтар алдымен білім ордаларындағы музейлерді аралап, мектеп оқушыларының әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстарымен танысты.
Кездесу барысында ҚР ҚМ Әскери білім және ғылым департаментінің өкілі, подполковник Нұрлан Темрешұлы әскери мамандықты таңдаған жастарға қажетті ақпарат берді. Ол еліміздегі әскери жоғары және арнаулы оқу орындарына түсу тәртібіне тоқталып, әскери білімнің жастарға беретін мүмкіндіктерін түсіндірді. Одан кейін «Жас сарбаз» республикалық әскери-патриоттық қозғалысының аппарат басшысы Нұрқуаныш Отанбекұлы сөз сөйлеп, жастарды елжандылыққа, тәртіп пен жауапкершілікке үндеді.
Кездесу соңында оқушылар қонақтарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауаптар алды.
Ақсай қаласындағы №7 ЖОББМ бастапқы әскери дайындық пәнінің оқытушы-ұйымдастырушысы Бақытжан Үмбетовтің айтуынша, мектепте оқушылардың патриоттық сезімін қалыптастыруға бағытталған түрлі іс-шаралар тұрақты өткізіледі екен.

— Оқу жылы барысында оқушылардың патриоттық сезімін ояту мақсатында түрлі шаралар мен сайыстар ұйымдастырылады. Мәселен, «Алау», «Айбын» секілді жарыстарға қатысып, аудандық, облыстық және республикалық кезеңдерде бақ сынап жүрген оқушыларымыз бар. Сонымен қатар Ауған соғысы ардагерлерімен кездесулер өткізіліп тұрады. Оқу жылының соңында 10-сынып оқушылары далалық оқу-жаттығу жиынына қатысады. Бастапқы әскери дайындық сабақтарында сапта тұру, қаруды бөлшектеу және жинау, ату даярлығы сияқты бағыттар қамтылады. Ауданымыздағы оқушылардың арасында әскери жоғары оқу орындарына түскен түлектер де бар, - дейді ұстаз Бақытжан Қайыржанұлы.
Әскери-патриоттық шара аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Мұнда ҚР Қарулы Күштерінің Әскери-тарихи музейінің «Қазақстан» атты көшпелі көрмесі көпшілік назарына ұсынылды.

Көрмеде Ұлы Отан соғысына қатысқан қазақстандық жауынгерлердің ерлігі мен өмір жолынан сыр шертетін архивтік құжаттар, жеке заттар және майдан даласынан табылған тарихи жәдігерлер қойылған. Экспозициядан жерлесіміз, Кеңес Одағының Батыры Мәншүк Мәметоваға қатысты мәліметтермен қатар Әлия Молдағұловаға қатысты құнды дүниелерді де көруге болады.

Шараның концерттік бөлімі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Гимнімен басталды. Жиында әскери қызметтің маңызы, Отан қорғау – әр азаматтың абыройлы міндеті екені айтылды.
Іс-шара барысында әскери-патриоттық тәрбие бағытындағы жұмыстарға үлес қосып жүрген азаматтарға құрмет көрсетілді. ҚР Қорғаныс министрлігі Тәрбие және идеологиялық жұмыс департаментінің өкілі, полковник Дәулет Нариманұлы ауданның әскери-патриоттық іс-шараларды жоғары деңгейде ұйымдастыруға қосқан үлесі үшін Бөрлі ауданы әкімінің орынбасары Ерік Төлепқалиевке, аудандық білім беру бөлімінің басшысы Айымгүл Тржановаға, Ақсай қаласындағы №3 ЖОББМ бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Нұрбол Ибрашевқа, №4 ЖОББМ алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің мұғалімі Асқар Дәулетқалиевке, №7 ЖОББМ бастапқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Бақытжан Үмбетовке және Жарсуат ЖОББМ алғашқы әскери және технологиялық дайындық пәнінің оқытушысы Денис Колесникке алғысхат табыстады.

Кеш барысында ҚР Қорғаныс министрлігінің Орталық ансамблі өнерпаздары патриоттық бағыттағы концерттік бағдарламасын ұсынып, көрерменге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Концерт соңында аудан әкімі Еркебұлан Ихсановтың атынан ұжымға ықылас гүлі табысталды.
Шара соңында аудан әкімінің орынбасары Ерік Тілекбайұлы сөз сөйлеп, әскери-патриоттық тәрбиенің маңыздылығына тоқталып, қонақтарға аудан әкімінің атынан алғысын білдірді. Сондай-ақ әскери-патриоттық тәрбиеге қосқан үлесі үшін Орал қаласы мен аудан әкімінің алғысхаттары табысталды.

Айдана Абдрахманова,
Бөрлі ауданы