15.09.2026, 15:00
Оқылды: 8

Ауыл әлеуеті депутаттар назарында

Батыс Қазақстан облыстық және аудандық мәслихат депутаттары Казталов ауданына жұмыс сапарымен келіп, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалмен, ауылдардың тыныс-тіршілігімен және бірқатар басым жобалардың жүзеге асу барысымен танысты. 

image-15-09-26-12-58-2

Жұмыс сапары барысында халық қалаулылары алдымен Көпкүтір негізгі орта мектебіне барып, білім ордасының қазіргі жай-күйін бағамдады. Ауылдағы білім беру нысанының жағдайы, оқушыларға жасалған мүмкіндік пен инфрақұрылым мәселелері назардан тыс қалмады.

Сапардың негізгі бөлігі Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының бюджет және өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының көшпелі отырысына ұласты. Жиында «Қаладан-ауылға» пилоттық жобасының өңірде жүзеге асырылу барысы және Казталов ауданындағы басым бағыттағы жобалардың іске асырылуы талқыланды.

Көшпелі жиында аудан әкімі Асланбек Сарқұлов «Қаладан-ауылға» жобасының аудан көлеміндегі жүзеге асу барысына тоқталып, ауылдық аумақтарды дамыту, елді мекендердің әлеуметтік әлеуетін арттыру және ауылға қоныс аударушыларға қолайлы жағдай қалыптастыру бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды баяндады.

– Облыс әкімінің бастамасымен жүзеге асырылып жатқан «Қаладан-ауылға» жобасының ауылдардың әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттырудағы маңызы зор. Бұл ауылға жаңа тұрғындарды тартумен қатар, елді мекендердің демографиялық ахуалын жақсартып, адами капиталын күшейтуге бағытталған нақты бастама. 2026 жылдың басынан бері бағдарлама аясында ауданымыздың 9 ауылына 14 отбасы, яғни 80 адам қоныс аударды. Басты мақсатымыз – ауылға қоныс аударған әр отбасының жаңа ортаға бейімделуіне жағдай жасап, жұмыспен қамтылуына және тұрақты тұрмыс қалыптастыруына қолдау көрсету. «Қаладан-ауылға» жобасы алдағы уақытта да ауылдардың өміршеңдігін арттыруға серпін беретін маңызды бастама болмақ,  — деді аудан әкімі.

Бұдан бөлек, аудан басшысы депутаттар назарына ауыл әкімдері институтын дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарды ұсынды. Бұл жергілікті деңгейдегі басқару сапасын арттыруға, ауыл әкімі мен тұрғындар арасындағы байланысты күшейтуге және елді мекендердің мәселесін жергілікті жерде жедел шешуге бағытталған маңызды бағыт.

Көшпелі отырыста Болашақ ауылдық округінің әкімі Ержалғас Ишанов та округтің әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштеріне тоқталып, «Қаладан-ауылға» жобасының ауыл аумағында жүзеге асырылу барысы жөнінде баяндама жасады. Округтің бүгінгі ахуалы, халықты жұмыспен қамту, әлеуметтік нысандардың қызметі және ауылдың даму перспективалары сөз болды.

image-15-09-26-12-58-5

Жалпы, жұмыс сапарының өзегінде ауылдың бүгінгі мәселесін ғана емес, оның ертеңгі даму мүмкіндігін айқындау міндеті тұрды. Депутаттық бақылау мен жергілікті атқарушы органның нақты жұмысы тоғысқанда ғана мемлекеттік бағдарламалар мен жобалардың нәтижесі халықтың күнделікті өмірінен көрініс таппақ.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,

Казталов ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале