Оралдағы А. Островский атындағы облыстық орыс драма театрында Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет жұмыскерінің күніне орай салтанатты іс-шара өтті. Мерекелік жиынға облыс әкімінің орынбасары Тілепберген Каюпов, санитариялық-эпидемиологиялық қызмет ардагерлері мен мамандары, басқа да мемлекеттік құрылымдар мен ұйымдардың басшылары қатысты.

Қыркүйектің 15-і кәсіби мереке ретінде алғаш рет былтыр бекітіліп, биыл екінші рет аталып өтілді. Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық әл-ауқатын қамтамасыз ететін мамандардың мерекесінде ақжарма тілектер ақтарылып, марапаттар табысталды. Осы қызметтің маңыздылығы туралы бейнеролик көрсетілді.
Облыстық санитариялық-эпидемиологиялық стансаның жұмысы 1949 жылы басталды. Бұл саланың құрылымы кезең-кезеңімен кеңейіп, безгек пен бруцеллезге қарсы стансалар, бактериологиялық, радиологиялық, вирусологиялық және санитариялық-гигиеналық зертханалар құрылды. Тағам саласы, коммуналдық гигиена, еңбек гигиенасы, токсикология, пестицидтер, радиология және басқа да бағыттар бойынша зерттеулер жүргізіле бастады. 1990-2010 жылдар аралығында санитариялық-эпидемиологиялық қызметтің құрылымы бірнеше рет өзгерді. Департаменттің басты міндеті – санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды қалыпты деңгейде ұстау және адам денсаулығына қауіп төндіретін факторлардың алдын алу.
– Санитариялық-эпидемиологиялық қызмет тарихы өткен ғасырдың басында басталды. Заман талабына сай жетілдіріліп келеді. Бүгіндері денсаулық сақтау жүйесінің маңызды бөлігіне және халық денсаулығын қорғауда мемлекеттің сенімді тірегіне айналды. Сіздердің күнделікті еңбектеріңіз елдегі санитариялық-эпидемиологиялық ахуалды тұрақты бақылауға, нысандар мен аумақтардың санитариялық жағдайын қамтамасыз етуге, ауызсу, ауа, топырақ және тағам өнімдерінің қауіпсіздігін сақтауға бағытталған.
Бұл – адам денсаулығы мен қоғамның әл-ауқатына әсер ететін аса жауапты жұмыс. Сіздердің кәсіби қызметтеріңіздің маңызы пандемия кезеңінде айқын көрінді. Санитарлар қауіп-қатерлерді дер кезінде анықтауға, ауру ошақтарын оқшаулауға, ауқымды профилактикалық шараларды жүзеге асыруға және мыңдаған адамның өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берді. Бұл – халыққа қызмет етудің, азаматтардың өмірі мен денсаулығына деген жауапкершіліктің жарқын үлгісі, – деп лебізін білдірді Тілепберген Ерсайұлы.
Салтанатты жиында облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлдана Кереева да әріптестерін кәсіби мерекемен құттықтады. «Біздің жұмысымыз үлкен жауапкершілікті, кәсібилікті, ұстанымына берік болуды талап етеді. Осы қызметтің ардагерлеріне ерекше алғыс білдіргім келеді. Сіздер санитариялық-эпидемиологиялық қызметті қалыптастырып, оның дамуына елеулі үлес қостыңыздар, жас мамандарға білген-түйгендеріңізді үйретіп, мамандыққа деген адалдықтарыңызбен үлгі болдыңыздар. Департаменттің, аумақтық бөлімшелердің, зертхананың және бізбен тікелей байланыста жұмыс істейтін ұйымдардың әрбір қызметкеріне ризашылығымды білдіремін», – деді Гүлдана Қайыржанқызы.
Сала ардагері Қапиет Ғинаятұлы мамандықтың қиындығы мен жауапкершілігіне тоқталып, мекеме тарихын баяндады. Осы қызметтің дамуына үлес қосқан аға буын өкілдерімен бірге иық тіресе қызмет еткен ұжым туралы жылы естеліктер айтты. «1986 жылы Орал облыстық санитарлық-эпидемиологиялық стансасы Қазақстан бойынша тұңғыш рет республикалық деңгейдегі орталықтандырылған басқару жүйесіне енгізілді. Бұл қадам өңірдегі, жалпы елдегі санитарлық-эпидемиологиялық қызметтің тиімділігін арттыруда зор рөл атқарды», – деді ардагер.
Мерекелік іс-шарада «Ұлттық сараптама орталығы» БҚО бойынша филиалының директоры Мәдениет Танауов, Орал обаға қарсы күрес стансасының басшысы Нұрберді Хәкімов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігі БҚО бойынша департаменті басшысының орынбасары Бауыржан Ибрашев, облыстық кәсіпкерлік палатасы директорының орынбасары Светлана Хисаметдинова, білім басқармасы басшысының орынбасары Саягүл Ғалиева да сала мамандарын құттықтады. Бір топ қызметкерге марапаттар табыстады.
Кәсіби мерекеде БҚО санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің басшысы Зауя Надкирничная, Орал қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасы эпидемиологиялық бақылау бөлімінің жетекші маманы Татьяна Плыговка, Қаратөбе аудандық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Анар Нұрмағанбетова облыс әкімінің алғысхаттарына ие болды. Ал саланың бірнеше маманына облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушының Құрмет грамотасы мен алғысхаттары берілді.
Айна Имашева,
Орал қаласы