Қазталов ауданында облыстық маңызы бар «Қайыңды – Ақпәтер – Жалпақтал – Жұлдыз – Қарасу» автомобиль жолының 70-80 шақырым учаскесін күрделі жөндеу жұмыстарының барысы талқыланып, жол бойындағы елді мекен тұрғындарымен ашық кездесу өтті.

Ауылдың әлеуеті ең алдымен оның елмен, аудан және облыс орталығымен қатынасынан көрінетіндіктен, жол құрылысының сапасы мен уақтылы аяқталуы тұрғындар үшін айрықша мәнге ие.
Маңызды басқосуға аудан әкімі Ахсланбек Сарқұлов, облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев, облыстық мәслихат депутаттары, БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиев, сондай-ақ жұмысты жүргізіп жатқан «Актив-А» ЖШС мердігер ұйымының өкілдері қатысты.

Кездесудің басты мақсаты – жөндеу жұмыстарының барысын пысықтап, тұрғындардың ұсыныс-тілектерін тыңдау және туындаған мәселелерге нақты жауап беру.
Жиын барысында ауыл тұрғындары жолдың сапасы, орындалу барысы, құрылыс технологиялары, қозғалыс қауіпсіздігі және жұмыс кестесіне қатысты сауалдарын ортаға салды. Әсіресе жолдың сапалы әрі талапқа сай салынып, ұзақ жыл бойы қызмет етуі басты талап болды. Сонымен қатар екі жылдық жоба аясында биылғы жылы халықтың қатынасын қамтамасыз ету үшін жолдың 4 шақырымына қиыршық тас төсеу мәселесі көтерілді.
Тұрғындардың әрбір сауалы жауапсыз қалмай, жауапты сала басшылары мен мердігер тарапынан тиісті түсініктемелер берілді.

Аудан әкімі Асланбек Сарқұлов жолдың стратегиялық маңызын атап өтіп, құрылыс барысында халықтың талап-тілегі міндетті түрде ескерілуі қажеттігін айтты. Ал облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Мұқаев депутаттық корпус тарапынан жол құрылысының сапасы мен халық көтерген мәселелердің шешілуіне қатаң бақылау жасалатынын жеткізді. Өз кезегінде БҚО жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Марат Қуаншалиев мердігердің жұмыстарды өз қаражаты есебінен жүргізіп жатқанын және алдағы уақытта тұрғындардың пікірі ескерілетінін мәлімдеді.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Қазталов ауданы