Қазталов ауданында өтіп жатқан Батыс Қазақстан облыстық мәслихатының бюджет және өңірлік даму жөніндегі тұрақты комиссиясының көшпелі отырысы аясында депутаттар бірқатар елді мекенге барып, ауылдардың әлеуметтік-мәдени нысандарымен танысты.

Халық қалаулылары Қайыңды ауылына ат басын бұрып, ауыл түлектерінің тартуымен бой көтерген саябақтың тыныс-тіршілігін көрді. Олар елден түлеп ұшқан азаматтардың туған жерге деген перзенттік парызын нақты іспен сабақтастырған бұл бастама ауылдың ажарын айшықтап қана қоймай, кейінгі буынға туған жерге қызмет етудің тағылымын көрсететін игі іс екендігін баса айтып, оң бағасын берді.

Сондай-ақ «Қаладан ауылға» бағдарламасы аясында салынып жатқан тұрғын үйдің құрылысымен танысты.

Сапар барысында депутаттар Ақпәтер ауылындағы тарихи-өлкетану мұражайының жұмысымен де танысты. Мұражайда ауданның өткені мен бүгінін сабақтастыратын тарихи жәдігерлер мен өлке тарихына қатысты құнды дүниелер жинақталғаны депутаттардың назарын аударды.

Көшпелі отырыс барысында ауылдардың әлеуметтік мәселелерімен қатар көлік инфрақұрылымын жақсарту мәселесі де назардан тыс қалмады. Атап айтқанда, Болашақ – Жаңатаң – Қайыңды бағытындағы автомобиль жолын облыстық маңызы бар жолдар қатарына енгізіп, облыстық теңгерімге алу мәселесі көтерілді.

Бұл мәселе бойынша аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Ерлан Аронов баяндап, аталған жолдың қазіргі жағдайы мен оны тиісті теңгерімге алу қажеттігі жөнінде ақпарат берді.

Асылбек Нәсіпқалиұлы,
Қазталов ауданы