24.07.2025, 17:15
Оқылды: 314

Меморандумға қол қойды

Сейсенбіде мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге арналған маңызды отырыс өтті.  Бұл  басқосу  –  халықаралық  «Қазақ  тілі»  қоғамы  қоғамдық  бірлестігі  мен  облыстық  мәдениет,  тілдерді  дамыту  және  архив  ісі  басқармасы  арасындағы  өзара  әріптестікті  жаңа  деңгейге  көтеру  жолындағы  нақты  қадамдардың  бірі  болды.  Кездесу  аясында  екі  тарап  мемлекеттік  тіл  саясатын  жүзеге  асыру  бағытындағы  өзара  ынтымақтастықты  бекітетін  меморандумға  қол  қойды.

казахский язык (1)

Жиынды ашқан облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасының басшысы Қуанышбек Мұханғалиев қатысушыларды құттықтап, кездесудің маңыздылығына тоқталды.

– Бүгінгі кездесу мемлекеттік тілді дамытуға атсалысып жүрген түрлі сала мамандарын ортақ алаңда тоғыстырып отыр. Біз үшін бұл – тек ресми кездесу емес, сонымен бірге алдағы жоспарларды нақтылауға, бірлесе атқаратын жобаларды айқындауға мүмкіндік беретін маңызды диалог алаңы. Мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту – баршамыздың ортақ парызымыз. Осы бағытта халықаралық «Қазақ тілі» қоғамымен бірлесіп атқарар ісіміз көп. Сондықтан бүгінгі жиын нәтижелі болады деп сенемін, – деді басқарма басшысы.

Кездесуге арнайы шақырылған құрметті мейман –мемлекет және қоғам қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің вице-президенті Шерубай Құрманбайұлы жиналғандарға жүрекжарды лебізін  білдірді.

– Ақжайық өңірі – рухани тарихы бай, зиялы қауым өкілдері қалыптасқан өңір. Бұл жерде тілге деген құрметтің тереңде жатқанын білеміз. Жалпы, халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы алғаш рет 1989 жылы Алматы қаласында өткен I құрылтайда құрылды. Онда «Қазақ тілі» қоғамының Жарғысы мен бағдарламасы қабылданып, міндеттері айқындалды. «Қазақ тілі» қоғамы өз жұмысын ҚР Ата заңы (Конституциясы), Тіл туралы заңы, өзінің Жарғысы және халықаралық құқықтық, адамгершілік нормалар негізінде жүргізеді. Былтыр ғана біз қоғамның

35 жылдығын атап өттік. Біздің миссиямыз – тілді ұлттық деңгейде дамытып, халықаралық деңгейде мойындату, жастарға заманауи, тартымды етіп ұсыну, ғылым мен технология тіліне айналдыру, сондай-ақ мемлекеттік мәртебесін толыққанды іске асыруға ықпал ету. Қоғамдық ұйым ретінде біз мәселе көтеріп қана қоймай, оны шешудің жолдарын да ұсынуға тиіспіз. Мемлекеттік құрылымдармен арадағы байланысымыз берік болуы соның кепілі. Қазақ тілі – бір ұлттың емес, күллі Қазақстан халқының тіліне айналуы қажет. Сол үшін біз тек оқытуға емес, тілдік орта қалыптастыруға, қолдануға ынталандыруға да күш салуымыз керек. Бүгінгі жиында айтылатын әр ұсыныс ертеңгі нақты іске айналуы тиіс, – деді Шерубай Құрманбайұлы.

Күн тәртібіне сәйкес халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы қоғамдық бірлестігінің Батыс Қазақстан облыстық филиалының төрағасы, М. Өтемісов атындағы БҚУ-дың филология факультетінің деканы, PhD докторы Айдарбек Ақболатов 2025 жылдың І жартыжылдығында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер жайында баяндады.

– Филиал жұмысы құрылғалы бері басқармамен тығыз қарым-қатынаста жұмыс істеп келеміз. Тек дәстүрлі шаралармен шектелмей, нақты нәтиже беретін жобаларға басымдық беруді қолға алдық.

Биылғы алты айда қазақ тілінің ғылым тілі ретіндегі қолданысын кеңейту мақсатында жоғары оқу орындары мен мектептермен бірлескен дөңгелек үстелдер, әдістемелік семинарлар ұйымдастырдық. Сонымен қатар жас мамандар мен студенттер арасында тілге деген қызығушылықты арттыру үшін мотивациялық кездесулер өткізілді. Жастар – болашақтың тіліне жауапты буын. Сондықтан біз оларға тек білім емес, тілге деген сүйіспеншілік қалыптастыруға тиіспіз. Жылдың екінші жартысында бұл бағыттағы жұмыстар жалғасып, өңірдің барлық аудандарын қамтуды көздеп отырмыз, – деді Айдарбек Ахметұлы.

Отырысқа Айтқали Нәріков, Қазыбек Құттымұратұлы, Абат Қыдыршаев және тағы басқа өңірдің зиялы қауым өкілдері мен тіл жанашырлары қатысты. Олардың тарапынан бірқатар ұсыныс та айтылды. Мемлекеттік тілді дамыту бағытындағы бастамаларды қолдауға дайын екендерін білдірген қатысушылар, әсіресе, қазақ тілін күнделікті ортада қолдануға жағдай жасау қажеттігін  баса  айтты.

WhatsApp Image 2025-07-23 at 11.26.40

– 2019 жылдан бері ана тілімізді өркендету бағытында түрлі жобамен тұрақты түрде айналысып келемін. Соның бірі – «Ана тілімен білімге қадам басайық» деп аталатын бастама. Бұл жоба арқылы біз балабақша жасындағы балаларға қазақ тілін ерте жастан үйретіп, оларды мектепке ана тілінде дайындауды көздедік. Әрине, бұл жолда кездескен қиындықтар аз болған жоқ. Дегенмен қазірдің өзінде қазақ тілінде мектеп табалдырығын аттайтын балалардың саны артып келеді. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз. Өйткені баланы ерте жастан тілді меңгеруге бағыттау – ұлттың болашағына жасалған маңызды қадам. Ал облыс көлеміндегі мәселелерге келсек, ең алдымен тілдің қолдану аясын шын мәнінде кеңейтуіміз керек. Ресми жиындар, отырыстар, қоғамдық шараларды қазақ тілінде өткізуді қолға алған жөн. Сонымен қатар қала ішіндегі жарнамалар мен маңдайша жазулардың да мемлекеттік тілде болғаны маңызды. Өйткені осындай күнделікті көзге ұратын дүниелер тілді қадірлеу мен құрметтеуге әсер етеді. Сондықтан тіл жанашыры ретінде әрқайсымыз осы мәселелерге бейжай қарамай, өз үлесімізді қосуымыз қажет деп есептеймін, – дейді  Ақмарал  Мусилова.

Жиын қорытындысында отырыс төрағасы барлық қатысушыға алғыс айтып, басқосудың маңызын тағы бір мәрте  атап  өтті.

– Бүгінгі жиын мазмұнды әрі нәтижелі өтті деп сенемін. Айдарбек Ахметұлының баяндамасы өңірлік тіл саясатының нақты келбетін көрсетті. Ал Шерубай Құрманбайұлының ғылыми және стратегиялық ұсыныстары – болашаққа бағыт сілтейтін құнды ойлар. Қол қойылған меморандум келешектегі бірлескен жобаларға берік негіз болады. Баршаңызға алдағы жұмыстарыңызда сәттілік тілеймін. Жаңа жобалар мен игі бастамаларда жолымыз ашық болсын! – деді ол.

Айта кетейік, алдағы күндері профессор Шерубай Құрманбайұлы облыстың бірқатар ауданын аралап, жергілікті жұртшылықпен, тіл жанашырларымен кездесулер өткізуді жоспарлап отыр. Бұл сапарлар барысында ол мемлекеттік тілдің өңірлердегі жағдайымен танысып, жергілікті бастамаларға қолдау  көрсетпек.

Жанерке Мерекеқызы,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале