Ақордада Елбасы қатысқан Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған салтанатты жиналысты аудан әкімдігі, мәслихат аппараты және бөлімдер аудан әкімдігінің кіші мәжіліс залында тікелей эфирден тамашалап, Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтауын тыңдады.
Н.Назарбаев Тәуелсіздік жылдарының басты жетістіктерін атап өтті. Еліміз алға мақсат етіп қойған «Қазақстан-2030» стратегиясына екі есе бұрын мерзімде жеткенін айтты. Медицина саласында Юрий Пя мен Серік Ақшолақовтың жасаған еңбегін ерекше атады Елбасы. Жүрекке ота жасату барлық өңірде де жүргізілетіні, халықтың әлеуметтік жағдайы жақсарған соң, баланың өмірге келуі де жиілегені қуантады. Келесі жылы бала туылғанда берілетін бір реттік жәрдемақы 20 пайызға дейін көтерілетін болады.
Салтанатты жиыннан соң Сырым ауданының әкімі Абат Шыныбеков бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі жөніндегі «Парыз-2016» республикалық конкурсына қатысқаны үшін Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің алғыс хатын «Жібек жолы» ЖШС директоры Ғанимат Нұрмұхановқа және «Жаужиев К.Т.» жеке кәсіпкерлігінің жетекшісі Қуаныш Жаужиевке салтанатты түрде табыс етті.
Жымпиты ауылы бойынша № 290 учаскелік сайлау комиссиясының төрағасы, Сырым колледжінің директорының оқу өндірісі жөніндегі орынбасары Жалғас Жоламановқа Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясы төрағасының алғыс хаты тапсырылды.
Аудан басшысы «Кітапхана ісінің ардагері» төсбелгісін жуырда зейнетке шыққан ардагер кітапханашы Мәлика Ихсанованың өңіріне тақты.
Шынар МОЛДАНИЯЗОВА
Сырым ауданы
www.zhaikpress.kz