5.11.2025, 12:30
Оқылды: 61

Салаға сіңген саналы еңбек

Сот жүйесінде қызмет ету – зор жауапкершілік пен адалдықты талап етеді. Осы жолда тынбай еңбек етіп жүрген сала мамандарының бірі – сот қызметкерлері. Аталмыш саланың ауыр жүгін жылдар бойы арқалап, бүгінде құрмет демалысында отырған білікті маман – Айгүл Ысқақызының өнегелі өмір жолын оқырмандарға жеткізбекпіз.

Салаға сіңген саналы еңбек (2)

1963 жылы Фурманов ауданында дүниеге келген кейіпкеріміз отбасындағы төрт ағайындының бірі. 1972 жылы әкесі Ысқақ Жәрдемовтың қызмет бабына орай ауданымызға қоныс аударып, Жаңақала ЖОББ мектебінде білім алады. Ысқақ ағамыз бүкіл саналы ғұмырын баспахана жұмысына арнаған жан. Жаңақала, Фурманов аудандарында баспахана меңгерушісі болып қызмет атқарған кезеңінде аудандық газеттің сапалы да уақытылы басылуына, аудандық форум кездерінде көрнекі құралдардың,  басылымның сапалы шығуына сергектікпен жұмыстанған. Техникалық шеберлігі мол, өз ісіне ұқыпты қараған. Қоғамдық қызметке де белсене араласып, аудандық сотта халық заседателі болған. Анасы Нәсіп те осы баспаханадан зейнетке шыққан.

Айгүл Ысқаққызы 1981 жылы орта мектепті тәмамдап, өкінішке орай жоғары оқу орнына түсе алмай, ауданымыздағы халық сотына хатшы боп жұмысқа орналасады. 1998-2001 жылдары Орал қаласындағы «Еңбек қатынастары» академиясында заңгер мамандығын меңгеріп, 2000-2002 жылдары аудандық сотта  жетекші маман, 2002 жылдан 2023 жылға дейін кеңсе меңгерушісі, 2023 жылдан зейнетке шыққанша аудандық соттың соттар әкімшісі басшысы лауазымын абыроймен атқарады.

Сәулелі ғұмырының қырық жылдан астам уақытын әділет пен тәртіп саласына арнап, бірнеше онжылдық бойы сот аппаратындағы жұмыстардың дұрыс жүргізілуіне үлес қосты. Қарапайым қызметтен бастап, талай сынақ пен жауапты сәттерден сүрінбей өтті. Сот әкімшісі ретінде ол тек іс қағаздарын жүргізіп қана қоймай, сот ұжымының үйлесімді жұмыс істеуіне, тараптармен дұрыс қатынас орнатуға, жалпы сот беделінің артуына айрықша үлес қосты. Әрбір істі уақытылы, заңға сай рәсімдеуге баса мән беріп, азаматтардың құқығы мен мүддесі сақталуына атсалысты. Сонымен бірге кейінгі жас мамандарға да бағыт-бағдар беруді ұмытпады.

- Мен бұл салаға кездейсоқ келген жоқпын. Марқұм әкем менің сот қызметкері болуымды қалап, 1981 жылы дүниеден өтер шағында анама аманаттап кеткен болатын. Сол сәттен бастап әкемнің аманатына қиянат жасағым келмей, зейнетке шыққанша сот қызметкері болуға өзіме серт бердім. Сот жүйесі – әділдіктің тірегі. Бұл салада жұмыс істеу – үлкен жауапкершілікпен қатар, ұдайы ізденісті, тиянақтылық пен сабырлылықты талап етеді. Әр іс – адамның тағдыры, әр шешім – сенім мен заң шеңберінде қабылдануы тиіс. Біз үшін басты міндет – халықтың сотқа деген сенімін сақтау, әділеттің үстем болуына үлес қосу. Қызмет еткен жылдарда 7 төрағамен бірге жұмыс жасаппын. Осы саланың бір мүшесі ретінде әділ шешімнің қабылдануына жан-жақты дайындықпен, шынайы көзқараспен қарау – басты ұстанымым болды, – дейді майталман маман.

«Алма ағашынан алысқа түспейді» демекші, еңбектегі  жетістіктері үшін «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін», В.И.Лениннің 100 жылдық мерекелік, «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 30 жылдығы», «КСРО Қарулы күштеріне 60 жыл» медальдармен марапатталған  Ысқақ ағамыздың қанынан жаралған Айгүл анамыз да әріптестері арасында  үлкен құрметке ие. Қызметіндегі ұқыптылығы, дәлдігі мен сабырлылығы басшылық тарапынан да жоғары бағаланып, ІІІ дәрежелі «Мінсіз қызметі үшін», «Қазақстан Республикасының сот жүйесінде 30» төсбелгілерімен марапатталды.

- «Сот саласына жаңадан келген кезде тәжірибелі мамандардың бағыт-бағдары біз үшін өте маңызды болды. Сол кісілердің бірі – ұзақ жыл еңбек етіп, саланың қыр-сырын жетік меңгерген Айгүл Ысқаққызы. Оның жұмысқа деген ұқыптылығы, тәртіпке беріктігі бізге үлкен үлгі. Әр ісіне байыппен көз салып, жас мамандарға да жауапкершілікпен қарауды үйретті. Лайықты ұстаз бола білді. Ұжымда қаншама жыл бірге қызмет етіп, оның кәсібилігіне талай мәрте көзіміз жетті. Зейнетке шықса да әрдайым байланыста болып, өмірлік тәжірибесімен бөлісіп келеді. Бүгінде осы салада өз орнымды табуыма сол кісінің берген тәлімінің ықпалы зор деп білемін», - дейді әріптесі, аудандық соттың бас маманы Асхат Темірболатұлы.

Салаға сіңген саналы еңбек (1)

Айгүл Ысқаққызы – тек қызметте ғана емес, отбасы өрісінде де өзінің асқақ рөлін абыроймен атқарып жүр. Үлгілі ана, адал жар ретінде де елге сыйлы. 1984 жылы Марат Мағзомғалиұлымен отау құрып, үш перзентті дүниеге әкеледі. Балалары ана жолын қумаса да, беделді маман иелері, бір шаңырақтың отағасы мен отанасы. Ұлын ұяға, қызын қияға қондырған Марат ағамыз бен Айгүл анамыз бүгінде екі қызы мен жалғыз ұлынан 7 жиен, 3 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже.

Айгүл Ысқаққызы сынды мамандар әділдік саласының сенімді тірегі екенін дәлелдеп келеді. Осындай іскер, сабырлы, білікті азаматтардың арқасында сот саласына деген халықтың сенімі артып, сот жүйесінің абыройы асқақтап келеді. Әр салада жауапкершілікті сезіне білген жандар көбейсе, қоғамдағы сенім мен тәртіп те нығая түспек. Қызығынан гөрі қиындығы басым қызметте қырық төрт жыл тапжылмай еңбек еткен Айгүл Ысқаққызына зейнет күндеріңіз бейнетсіз өтсін деп тілейміз.

 

Айзада Ақбасова,

Жаңақала ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале