4.12.2025, 16:45
Оқылды: 23

«Мемлекеттік қызмет ішінен жаңарып жатыр»: Мұрат Байсалов — кадрлық трендтер, бұзушылықтар және азаматтардың сенімі туралы

Биыл Батыс Қазақстан облысындағы мемлекеттік қызмет жүйесі елеулі өзгерістерге ұшырады. Статистика артында қандай үрдістер тұрғанын, неге меритократия нормаға айналып келе жатқанын және бақылау тетіктері әділдік құралы бола бастағанын біз өңірлік Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің департамент басшысы Мұрат Байсаловпен әңгімелестік.

мурат байсалов

— Мұрат Сейлбекұлы, атқарылған жұмыстардың қорытындысына қарасақ, биылғы жылдың ең басты нәтижелері қандай?

— Ең маңызды нәтиже — конкурс өткізудің ашықтығы мен оған деген сенімнің өсуі. Бұл «E-Qyzmet» интеграцияланған ақпараттық жүйесінің сыртқы порталы арқылы іске қосылған мемлекеттік қызметке қабылдаудың жаңа алгоритмімен тікелей байланысты. Жаңа формат үміткерлерге конкурсқа уақыты мен орналасқан жеріне қарамастан, яғни интернеті бар кез келген нүктеден қатысуға мүмкіндік береді. Тек сұхбат кезеңі алдын ала белгіленген уақытта өтеді.

Жүйе тәулік бойы, 24/7 жұмыс істейді. Жаңа тәртіп адами факторды толықтай жояды — үміткерлер анонимделеді, оларға автоматты түрде ID-номер беріледі. Конкурс комиссиясы тек сұхбат нәтижесін бағалайды, ал жеңімпазды жүйе өздігінен анықтайды. Өткен кезеңде мемлекеттік органдар 789 конкурс өткізіп, оған 1 634 кандидат қатысты, олардың 403-і жеңімпаз атанды.

Айта кетерлігі, мемлекеттік қызмет корпусы Президенттік жастар кадрлық резерві және өңірлік кадрлық резерв есебінен де толықтырылып келеді. Бұл жобалар — дарынды жастарды қолдау мақсатындағы Президент бастамалары. 2024 жылы алғаш рет барлық өңірде өңірлік кадрлық резерв қалыптастыру басталды. БҚО бойынша 30 адам резервке енді, олардың 19-ы мемлекеттік қызметке тағайындалды, соның 16-сы — басшылық лауазымдар. Мемлекеттік аппараттың сапалық деңгейі жоғары қалып отыр: қызметкерлердің 92%-ы жоғары білімді, орташа еңбек өтілі 13 жыл. Бұл — кәсібилік сақталып отырғанын көрсететін жүйелі фактор.

— Кадр тұрақтылығы — әрдайым маңызды тақырып. Соңғы деректер нені көрсетеді?

— Біз кадрлық тұрақтылықтың сақталып отырғанын көріп отырмыз. Жалпы ауысымдылық — 26%, алайда негізгі көрсеткіш — таза ауысымдылық бар болғаны 3,5%. Жастарға ерекше назар аударылуда: 170 жас мемлекеттік қызметшіге тәлімгер бекітілді.

2023 жылы жас мамандарды қолдау мақсатында заңнамаға өзгерістер енгізілді. Мемлекеттік грантпен оқыған ЖОО түлектері ауылдық және аудандық деңгейдегі бастапқы лауазымдарға конкурстан тыс қабылдана алады. Осы бастаманың арқасында 75 жас түлек аудандық және ауылдық деңгейдегі жетекші және бас маман қызметтеріне қабылданды. Бұл — жүйені формалды емес, нақты жаңарту. Сонымен бірге, кәсіби тәжірибе жинау үшін 181 мемлекеттік қызметші өз органынан тыс жерде тағылымдамадан өтті. Бұл — мемлекеттік аппараттың сапасын арттыруға бағытталған маңызды ресурс.

— Президент меритократия қағидатын ерекше атап өтті. Бұл принцип өңірде қалай іске асып жатыр?

— Біз тек санға емес, үрдіске де қараймыз. Биыл конкурстардың 75%-ы меритократия талаптарын толық сақтай отырып өтті. 99 жеңімпаздың 74-і бұрынғы лауазымынан жоғары қызметке тағайындалды. Бұл көрсеткіш 2024 жылғы деңгейден (69%) жоғары. Негізгі нәтиже — адамдардың мансаптық өсімі шынайы құзыреттеріне байланысты екеніне көз жеткізуі. Бұл корпоративтік мәдениетті түбегейлі өзгертеді.

— Бақылау мен тексерістер мемлекеттік қызметшілердің құқығын қорғаудың тетігі болып отыр. Бұл жүйенің тиімділігі қандай?

— Бақылаудың екі негізгі функциясы бар: бұзушылықтарды анықтау және әділдікті қалпына келтіру.Осы кезеңде 124 тексеру мен мониторинг жүргізілді. 4 800-ден астам бұзушылық анықталып, басым бөлігі жойылды. 388 қызметкердің құқығы қалпына келтірілді, жұмыс уақыты режимінің бұзылуына байланысты 214 қызметкерге қосымша демалыс берілді, 7 жағдай бойынша негізсіз салынған тәртіптік жаза күшін жойды.

Сонымен бірге, 48 қызметкерге еңбек демалысына төленетін қаражаттың кешіктірілуі үшін өтемақы төленді. Іссапар шығындарын уақытылы төлеу мәселелеріне жасалған талдау нәтижесінде 112 қызметкерге 15,3 млн теңге көлемінде тиісті төлемдер жүргізілді.

— Әдеп саласындағы жұмыстар қалай ұйымдастырылған?

— Бұл бағыттың негізі — профилактика мен түсіндіру. Биыл өңірлік Әдеп жөніндегі кеңестің 11 отырысы өтті, онда 65 мәселе қаралды. Профилактикалық мәселелер бойынша мемлекеттік органдарға 195 ұсыным жолданды — барлығы орындалды.

Сонымен бірге, мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны және қызметтік әдеп талаптарын сақтамағаны үшін 19 басшы түрлі тәртіптік жауапкершілікке тартылды. Әлеуметтік желілер де бақылауда. Facebook пен Instagram бүгінде азаматтар проблемаларын ашық айтатын алаңға айналды. Осы алаңдардағы сигналдар бойынша 4 қызметкер жауапкершілікке тартылды.

— Президент «Заң мен Тәртіп» тұжырымдамасына ерекше мән беріп отыр. Бұл тұжырымдама Департамент жұмысына қалай енді?

— «Заң мен Тәртіп» — тек қауіпсіздік немесе тәртіпке қатысты ұғым емес. Мемлекеттік қызмет үшін бұл, ең алдымен, болжамдылық, бірдей ереже және нормаларды бұлжытпай орындау. Кадрларды іріктеуден бастап, шағымдарды қарауға дейінгі әрбір процесс ашық әрі барлығына тең талаптармен жүзеге асқанда ғана азаматтардың сенімі артады.

Біз осы логиканы өз жұмысымызға жүйелі түрде енгізудеміз. Бақылау іс-шаралары, профилактика, Әдеп жөніндегі кеңестің жұмысы, азаматтардың өтініштеріне жедел әрекет ету — мұның бәрі заңдылық пен тәртіпті күнделікті тәжірибе деңгейіне көтеретін біртұтас жүйенің элементтері. Мемлекеттік қызметші заң нормаларын сақтаудан басталатын жауапкершілікті сезінуі тиіс, ал азамат өз құқығы қорғалатынына сенімді болуы керек. Бұл — мемлекеттік қызметті бүгін тіреп тұрған негізгі құндылық.

— Мемлекеттік қызмет көрсету саласында қандай өзгерістер бар?

— Негізгі басымдық — рәсімдерді жеңілдету, ашықтықты қамтамасыз ету және әкімшілік кедергілерді азайту. Цифрландыруға ерекше көңіл бөлінуде. Мемлекеттік көрсетілетін қызмет сапасына қатысты әрбір шағым жеке тәртіппен қаралады, өйткені бұл — азаматтар сенімінің өлшемі.

Биыл Департаментке мемлекеттік көрсетілетін қызметтер сапасына байланысты 131 шағым түсті, оның 29-ы расталды. Әр жағдайда азаматтардың бұзылған құқықтары қалпына келтірілді. Telegram желісінде іске қосылған «eGovKZBot2» — жедел кері байланыс беретін жаңа цифрлық шешім. Азамат бот арқылы мәселені жолдап, тәулік ішінде жауап ала алады. Осы платформа арқылы 81 өтініш түсіп, барлығы уақытылы өңделді. «Е-лицензиялау» жүйесі қашықтан мониторинг жасауға мүмкіндік береді: 18 мыңға жуық бұзушылық анықталып, барлығы қарастырылды. Басты мақсат — азаматтың жүйемен жалғыз қалмауын қамтамасыз ету. Мемлекет тарапынан құрмет пен қолдау сезіну — сенімнің басты негізі.

— Әңгімемізді қорытындыласақ: мемлекеттік қызметтің бүгінгі өзегі неде?

— Шын мәнінде, бәрін бір ғана қағидаға сыйдыруға болады: «адамдарға қызмет ету». Конкурстар да, кадр саясаты да, әдептілік те, мемлекеттік қызметтер сапасын арттыру да — бәрі әділдік пен сенім үшін жасалып жатыр. Иә, міндет көп, қарқын жоғары, бірақ біздің негізгі бағдарымыз өзгермейді: адам — мемлекеттік шешімдердің ортасында, ал мемлекет — проактивті форматта жұмыс істеуі тиіс.

                                                         Мұрат Сейлбекұлы Байсалов

                                                         Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің

                                                         Батыс Қазақстан облысы бойынша

                                                         департаментінің басшысы,

                                                         Әдеп жөніндегі кеңестің төрағасы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале