17.02.2026, 22:22
Оқылды: 17

Перемейтныйда коалиция мүшелері кітапханашылармен кездесті

Конституцияға енгізілетін өзгерістерге байланысты өтетін республикалық референдумға халықтың белсенді қатысуын қамтамасыз ету мақсатында коалиция мүшелері Переметный ауылындағы аудандық кітапхана ұжымымен кездесті. Жиын барысында жұмыс тобы тұрғындарға референдумның маңызын түсіндіріп, үгіт-насихат жұмыстарын жүргізді.

image-17-02-26-07-51-4

Алғашқы болып сөз алған «Amanat» партиясы БҚО Бәйтерек аудандық филиалының төрағасы Бибігүл Ахметжанова Конституцияға өзгерістер енгізу мақсатында өтетін референдумда белсенділік танытудың маңызына тоқталды.
– Өздеріңіз білесіздер, жаңа Конституция жобасында өзгерістерді жалпыұлттық референдум арқылы енгізу құқығы туралы арнайы норма қосылды. Сондықтан әр азамат бұл тарихи сәтте белсенділік танытып, өз таңдауын жасауы тиіс. Осы мақсатта Бәйтерек ауданында барлық өңірлердегідей арнайы коалиция құрылған. Оның құрамына «Amanat», «Aуыл», «Ақжол», «Respublica» партияларының өкілдері, ардагерлер, белсенді азаматтар мен аудандық мәслихат депутаттары енген. Коалицияның басты міндеті – елді мекендерді аралап, халықпен кездесулер өткізу, «Есіктен есікке» акциялар ұйымдастырып, 13 наурызға дейін түсіндіру жұмыстарын жүргізу. 14 наурыз – тыныштық күні. Ал 15 наурызда баршамыз референдумға қатысып, елдігіміз бен бірлігімізді көрсетейік, – деді партия филиалының төрағасы.
Жиында аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Мәлік Өтешев қоғамда кейде бұрмаланып жүрген тіл мәселесіне қатысты түсінік беріп өтті.
– Осы уақытқа дейін Конституциядағы өзгерістерді талқылау жұмыстары жүргізіліп, халыққа ұсынылды. Он мыңнан астам ұсыныс түсіп, олардың бірқатары ескерілді. Қазіргі таңда Конституцияның 84 пайызы жаңарып отыр. Бірінші кезекте адам құқықтары алдыңғы орынға шығарылуда. Мемлекеттік биліктің қайнар көзі – халық екені нақты айқындалды. Сонымен қатар экология мен табиғатты қорғау мәселелері де ерекше назарға алынған. Жаңа Конституция 11 тараудан, 96 баптан және 330-дан астам бөлімнен тұрады.
Конституцияда Қазақстанның мемлекеттік тілі – қазақ тілі деп нақты жазылған. Бұл – мемлекеттік тілдің мәртебесі. Бірақ басқа тілдерді кемсіту немесе шектеу жоқ. Орыс тілі қоғамдық өмірде және мемлекеттік органдарда қатар қолданылады. Қазақстан – көпұлтты мемлекет. Әр этностың өз мәдениеті мен тілін сақтауға құқығы бар. Алайда бәрімізді біріктіретін ортақ ұғым – Қазақстан азаматы.

image-17-02-26-07-51
Сондай-ақ кездесуде Парламент құрылымындағы ықтимал өзгерістер де сөз болды. Бұрын заң жобалары Мәжіліс пен Сенат арасында ұзақ уақыт қаралып, үдеріс созылып кететін. Жаңа жүйе заң қабылдауды жеделдетіп, уақытты үнемдеуге мүмкіндік береді деген де пікір айтылды.
Аудандық мәслихат депутаты Әсел Ижанова ұсынылып отырған өзгерістердің басты мақсаты – адамның құқықтарын қорғау мен заңның халыққа қызмет етуін күшейту екенін жеткізді.
– Әрбір азамат елдегі өзгерістерге бейжай қарамай, өз пікірін білдіріп, референдумға қатысуы тиіс. Конституция мәтінін оқыған сайын кейбір тұстарды тереңірек түсінуге тура келеді. Маған әсіресе білім, ғылым, мәдениет және инновация салаларына көңіл бөлінгені ұнайды. Цифрландыру заманында жеке деректерді қорғау мәселесі де өте өзекті. Сонымен қатар Конституция қоғамдағы тұрақтылықты қамтамасыз етуге, отбасы құндылықтарын сақтауға бағытталған нормаларды енгізіп отыр, – деді депутат.
Жиын соңында аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Жеңісгүл Жаңабаева референдумға қатысу әр азаматтың құқығы әрі жауапкершілігі екенін атап өтті.
– Конституцияның түпкілікті мәтіні халық назарына ұсынылды. Енді басты міндет – әр азаматтың өз дауысын беруі. Мен оны жауапты адам ретінде өзімнің азаматтық парызым деп білемін. Кітапхана саласының өкілдері ретінде біз Конституция мәтінін әдістемелік құрал ретінде пайдаланып, оқырмандарға кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізе аламыз. Конституцияның кіріспе бөлігінің өзі патриоттық сезім сыйлап, қоғам алдындағы жауапкершілікті арттырады. Жалпы, жаңа Конституция – заман талабына сай дамудың құқықтық негізі, – деді Жеңісгүл Қалиқызы.
Кездесу барысында ой бөлісіп, референдумға қатысты өзекті тұстарды талқылады. Коалиция мүшелері алдағы уақытта да аудан көлемінде түсіндіру жұмыстарын жалғастыруда.

Гүлжаз Баделова

Бәйтерек ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале