4.03.2026, 16:15
Оқылды: 34

 Жол қызметтері көктемгі тасқынға сақадай сай

Биылғы қыста қар қалың түсіп, жауын-шашын мол болды. Бұл көктемгі қар еру кезеңінде жолдардың ойпаң тұстарын су басу қаупін күшейтеді. Осыны ескерген жол қызметтері алдын ала қам жасап, күшейтілген жұмыс тәртібіне көшті. Негізгі мақсат – көлік қозғалысының қауіпсіздігі мен үздіксіздігін қамтамасыз ету. Бұл туралы «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ ресми арнасы жазды. 

160dd8a7-faa8-4601-b419-6da47a2ef544

Қазіргі уақытта республика бойынша су тасқыны қаупі бар учаскелер тәулік бойы бақылауға алынған. Көпірлер мен жол өткелдерінің жағдайы жіті тексеріліп, су өткізу құбырлары қар мен мұздан тазартылуда. Жол жабынының жай-күйі де тұрақты назарда.

Ел көлемінде 2 мыңнан астам жолшы мен 2 500-ден аса арнайы техника жедел әрекет етуге дайын тұр. Қажетті материал қоры да жеткілікті: құм (13 мың м3), топырақ (1,8 мың м3), құм-қиыршық тас қоспасы (4,7 мың м3), қиыршық тас (5,1 мың м3) және кесектас (26,7 мың м3) алдын ала әзірленген.

Әсіресе Атырау облысы, Батыс Қазақстан облысы және Солтүстік Қазақстан облысы өңірлеріне басымдық беріліп отыр. Бұл аймақтар дәстүрлі түрде тасқын қаупі жоғары өңірлер саналады.

Соңғы екі жылда мыңнан астам су өткізу құбыры салынып, қайта жаңғыртылды. Соның нәтижесінде жол инфрақұрылымының су өткізу мүмкіндігі артып, қауіп төнуі ықтимал учаскелер саны екі есеге азайды.

Жергілікті атқарушы органдармен бірлесе отырып, 219 карьер іске қосылған. Бұл қажетті инертті материал қорын қамтамасыз етіп, ықтимал тасқын салдарын дер кезінде еңсеруге мүмкіндік береді.

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале