11.03.2026, 17:00
Оқылды: 77

Жымпитыда Хасан Хазірет туралы монография жарық көрді

Сырым ауданында «Алаш тарихының іздері және ұрпақтар сабақтастығы!»  атты ғылыми - тәжірибелік конференциясында алаштанушы ғалым Дәметкен Сүлейменованың “Оралда атылған Алаштың ардақты ұлы - Хасан Нұрмұхамедов” атты монографиясының тұсауы кесілді. 

Хасан Нұрмұхамедовқа монографияда берілген тарихи анықтама мынадай:

- Хасан Хазірет, Хасан Нұрмұхамедов (т.ж.б., Орал обл., Гурьев уезі, Тайсойған болысы – 1938) – Батыс Алашорда діни қайраткері, мұхтасиб. Тегі – Байұлына жататын шеркеш руы. Бастауыш ибтидай, орта рушдия медресесін аяқтағаннан кейін 1901 жылы Бұхара қаласындағы жоғары дәрежелі діни білім беретін Мір-Араб медресесін тәмамдаған. Тайсойған құмында медреселі мешіт ұстаған. Халел Досмұхамедов арқа сүйеген ықпалды адамдардың бірі. 1917 жылы Орал облысындағы дін мәселесі Орынбор дін басқармасына қаратылуына байланысты тағайындалған алғашқы мұхтасибтардың (ауд. көлемдегі дін ісін жүргізуші) бірі. 1917 жылы сәуірде Орал қаласында өткен I Орал облыстық қазақ съезінің делегаты. Осы жиында Бүкілресейлік мұсылмандар съезіне Орал облысынан делегат болып сайланды, - дейді ресми өмірбаян.

IMG_9215

Хасанды елдің рухани көсемі деуге де, саяси тұлғасы ретінде қарауға болады. Екі қалыпқа да тасып - төгіліп сияды. Иә, Бұхарадан ілім алған хазіретке мешітінде тәспі санап, ел ісіне араласпай отырса болар еді. Бірақ, азаматтар Алаш деп атқа қонып жатқанда, Хасан жарық сәулеге қарай жөңкілген жұртынан қалып қоюды ар санады, керісінше ұлттың ұлы сапарында шамшырақ болғысы келді. Бұл жол – қазақтың сенімнен айнымай, халықтың рухын сақтаудың жолы болды.

- Монографияда Ойыл уәлаяты уақытша үкіметінің мүшесі Хасан Нұрмұхамедовтың тегі, ХХ ғасырдың басында атқарған қоғамдық - саяси қызметі баяндалады. 1917 жылдан ұлт зиялыларымен ниеттес болып, қазақ халқының болашағы үшін күрескен қайраткер екені архивтік материалдар арқылы толық дәлелденді. Ол екінші Жалпықазақ съезінде автономия жариялау мәселесінде Жаһанша Досмұхамедовтың позициясын қолдады, - дейді автор, Жымпиты өңірінің тұлғаларын зерттеудегі еңбегі үшін “Сырым ауданының Құрметті азаматы” атанған Дәметкен Сүлейменова.

IMG_9200

Монографияның тұсаукесер рәсіміне Сырым ауданы әкімінің орынбасары Серік Тоқмамбетов қатысты.

 

Бауыржан Ширмединұлы, 

Сырым ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале