С.Садықов атындағы Казталов аудандық мәдениет-демалыс орталығында Жалпақтал мәдениет үйі жанынан құрылған халықтық ұжымдардың «Халықтық өнер – мәңгілік мұра» атты есеп беру концерті жоғары деңгейде өтті. Тағылымы мол шара ұлттық өнерді ұлықтап, көрерменге ерекше рухани әсер сыйлады.

Кеш шымылдығы Рақым Ығылманов атындағы халықтық ұлт-аспаптар оркестрінің орындауындағы Дмитрий Шостаковичтің «Вальс» шығармасымен түрілді. Оркестрдің кәсіби шеберлігі көрермен көңілінен шығып, кештің мазмұнын айшықтай түсті. Ұжым жетекшісі Мейрамгүл Тлепова мен дирижер Ахмет Ескендировтың еңбектерін ерекше атап өтуге болады.

Концерт барысында өнерпаздар әртүрлі жанрда өнер көрсетіп, ұлттық мұраның байлығын паш етті. Әділбек Сүлейменовтың «Әкем – әнім» әнін орындаған Нұрбек Ерболұлы көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Ал Нұрғиса Тілендиевтің «Махамбет» поэмасы оркестрдің орындауында асқақ рухты жеткізді. Сонымен қатар, Бауыржан Меңдешұлы орындаған «Молдабай» әні де көрерменнің зор қошеметіне ие болды.

Кеш мазмұны сахналық қойылымдармен жалғасып, пантомима, «Қасқыр» шығармасы және «Мектеп» әзіл әні арқылы көрерменге көтеріңкі көңіл-күй сыйлады.
Шараның маңызды бөлігі – дәстүрлі өнерді дәріптеп жүрген халықтық ұжымдардың өнер көрсетуі болды. Баян Қабиева жетекшілік ететін халықтық жанұялық ансамбль, халықтық «Шапағат» әжелер ансамблі және үлгілі «Қыз Жібек» термешілер ансамблі сахна төрінде өнер көрсетіп, ұлттық өнердің сабақтастығын айқын көрсетті. Олардың орындауындағы «Туған ел», «Сәулем-ай», «Шіркін-ай», «Сары бидай» әндері көрермен жүрегінен ерекше орын алды.
Кештің шарықтау шегі – «Кел біздің ауылға» финалдық әні болды. Бұл туынды барлық қатысушыларды біріктіріп, ауыл өнерінің бірлігі мен берекесін паш етті.
Шара соңында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Ержан Хабиболлаұлы сөз сөйлеп, өнерпаздарға алғысын білдірді. Ол өз сөзінде ұлттық өнерді дамыту жолында еңбек етіп жүрген ұжымдардың еңбегіне жоғары баға беріп, олардың шығармашылығына табыс тіледі.

Аталған концерт – тек есеп беру ғана емес, ұлттық өнердің өміршеңдігін айқындайтын мазмұнды мәдени шара болды. Жалпақтал өңірінде өнердің өрісі кеңейіп, халықтық ұжымдардың шығармашылығы жылдан-жылға дамып келе жатқаны анық байқалады.
Ернәсіл Рысқалиев
Казталов ауданы