7.04.2026, 11:00
Оқылды: 14

Оралда 40-қа  жуық иесіз  нысан  бар

WhatsApp Image 2026-04-02 at 11.58.13 (1)

Орал  қаласында  4  сәуірден  30  мамырға  дейін  санитарлық-экологиялық  айлық  жарияланып,  бірқатар  маңызды  іс-шара  қолға  алынады.  Бұл  туралы  өңірлік  коммуникациялар  алаңында  өткен  брифингте  қала  әкімінің  орынбасары  Жандос  Дүйсенғалиев  баяндады.

С сөзінше, қазіргі таңда қала аумағында рұқсат етілмеген қоқыс орындары мен стихиялық қоқыс үйінділері бар. Әсіресе, Хан және Басқақ тоғайлары секілді демалыс орындарында, гараж кооперативтері аумағында және қала шетіндегі кейбір аумақтарда қоқыс мәселесі өзекті болып отыр. Аталған орындардың барлығы са-нитарлық айлық барысында  кезең-кезеңімен тазартылып,  бақылауға  алынбақ.

– Жалпы, Орал қаласы 20 учаскеге бөлінген. Әрбір учаскеге қала әкімдігіне қарасты бөлімдер мен мекемелер жауапты болып бекітілген. Олар өздеріне тиесілі аумақта тазалық жұмыстарын ұйымдастырып, проблемалық нүктелерді анықтап, нақты шаралар қабылдайды. Айлық барысында сен-біліктер аптасына екі рет – бейсенбі және сенбі күндері өткізіледі. Бейсенбі күндері түрлі экологиялық акциялар, мәдени және спорттық іс-шаралар, флешмобтар мен түсіндіру жұмыстары ұйымдастырылмақ. Ал сенбі күндері қала тұрғындары, барлық мекеме мен кәсіпорын ұжымдары жаппай сенбілік өткізеді. Бұдан бөлек, сани-тарлық-экологиялық айлық аясында көгалдандыруға ерекше назар аударылады. Қала аумағында жаңа ағаштар мен бұталар отырғызылып, ағаш діңгектері әктеліп, жасыл желектерді  күтіп-баптау шаралары жүргізіледі. Сонымен қатар «Таза жағалау» іс-шарасы аясында Жайық, Шаған және Деркөл өзендерінің жағалаулары мен су айдындарына жақын орналасқан демалыс аумақтары қоқыстан тазартылмақ, – деді Жандос Асхатұлы.

Брифинг барысында қаладағы тазалық талаптарының сақталуын бақылау жұмыстарының күшейтілгені де айтылды. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушы көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты мониторингтік топтар күн сайын рейдтер жүргізуде. Олар бизнес нысандарын, коммерциялық ғимараттарды және құрылыс алаңдарын ара-лап, санитарлық талаптар мен абаттандыру қағидаларының сақталуын қадағалайды.

Спикердің мәлімдеуінше, қала тазалығын қамтамасыз ету және ірі габаритті қалдықтарды шығару жұмыстары «Жайық таза қала» ЖШС-ға жүктелген. Аталған мердігермен 2025-2026 жылдарға келісімшарт жасалған және компания өз міндеттемелерін орындауды жалғастыра  береді.

Тұрғындар үшін маңызды ақпараттың бірі – ірі көлемді қоқыстарды Орал – Саратов тасжолының 7-шақырымында орналасқан арнайы орынға шығару мүмкіндігі. Айта кету керек, бұл орын санитарлық айлық кезеңінде, яғни сәуір-мамыр айларында ірі қалдықтарды  тегін  қабылдайды.

Брифинг барысында тұрғындардың көкейінде жүрген бірқатар өзекті мәселе ашық көтерілді. Ең алдымен, 2024 жылғы көктемгі су тасқынының салдары сөз болды. БАҚ өкілдері апаттан кейін қараусыз қалған үйлердің қазіргі жағдайына алаңдаушылық білдірді. Әсіресе, қала аумағындағы Линдовская көшесінде орналасқан жартылай қираған үйдің қаңырап бос тұруы, оның антисанитарлық және қауіпті нысанға айналғаны  айтылды.

Бұл мәселеге қатысты Жандос Дүйсенғалиев нақты деректер келтірді. Оның айтуынша, 2024 жылғы тасқын кезінде қаладағы саяжай бірлестіктерінен 2800-ден астам отбасы көшірілген. Соның нәтижесінде бос қалған үйлердің 2100-і соңғы екі жыл ішінде толықтай бұзылған. Ал қалған  700-ге жуық нысанды бұзу  үшін алдағы уақытта бюджеттен қаржы қарастырылмақ. Әкім орынбасары бұл  іс кезең-кезеңімен жүргізі­летінін атап өтті. Сонымен  қатар қала аумағында қараусыз қалған 40-қа жуық  бизнес нысаны мен ескі  ғимарат бар екені айтылды. Олар бойынша «Қауіпсіз өңір» тұжырымдамасы аясында алдымен меншік иелерін анықтау, мүмкін болмаған жағдайда нысандар­ды қоршау немесе бұзу арқылы мемлекеттік меншікке алу шаралары қарастырылуда.

Кездесу барысында экология мәселесі де назардан тыс қалмады. Аулаларда қоқыс өртеп, қою түтін шығаратындар мен моншада резеңке, көмір жағып, ауаға зиян келтіретіндерге қатысты қандай шара қолданылатыны туралы сұрақ қойылды. Бұл ретте әкім орынбасары қоршаған ортаға зиян келтіретін әрекеттер бойынша тұрғындардан шағым  түссе, құқық қорғау құрылымдары заң аясында айыппұл салатынын жеткізді. Яғни мәселенің шешімі көбіне азаматтық белсенділік пен құқықтық тетіктерді пайдалануға  байланысты.

Үшінші мәселе қаладағы құрылыс нысандарының мәдениетіне қатысты болды. БАҚ өкілдері көпқабатты үйлер салынып жатқан аумақтардан шыққан ауыр техниканың дөңгелегіне жабысқан топырақ пен саздың көшелерді ластап жатқанын атап өтті. Олардың пікірінше, құрылыс компанияларын техника дөңгелегін жуатын арнайы құрылғылар орнатуға  міндеттеу  қажет.

Жандос Асхатұлы бұл сынмен келісті. Оның айтуынша, қаладағы кейбір құрылыс компаниялары тарапынан жауапкершіліктің жеткіліксіздігі байқалады. Дегенмен қолданыстағы абаттандыру және экологиялық талаптарға сәйкес, құрылыс нысандарында көлік дөңгелектерін жуу жүйесін ұйымдастыру міндеті қарастырылған. Бұл талап орындалмаған жағдайда айыппұл салу шаралары қолданылады. Сонымен қатар тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі мен сәулет саласының мамандары бұл бағыттағы бақылауды күшейтеді.

Жан  Аят,

"Жайық Пресс" 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале