17.06.2026, 15:30
Оқылды: 7

Өшпес өнеге, мәңгілік сағыныш

Уақыт керуені тоқтаусыз алға жылжығанымен, елі үшін еңбек еткен, Отанын оттан қорғаған асыл тұлғалардың есімі ел жадында мәңгі сақталады. Биыл біздің әулетіміз бен өлкеміз үшін айрықша еске алу жылы болып отыр. Өйткені халқына қадірлі болған аяулы атам, Ұлы Отан соғысының ардагері, еңбек майданының озық өкілі Әси Мұқатовтың фәни дүниеден озғанына 40 жыл болды. Жақында облыстық архив қорынан атамның өз қолымен жазған өмірбаянын тауып, кеудемді ерекше сезім кернеді. Өткеннен жеткен аманаттай болған сол құжатқа қарап отырып, атамның өз заманында өте сауатты, жазуы інжудей төгілген әдемі, қазақ-орыс тілінде қатесіз, таза жазатын жоғары мәдениетті жан болғанына тағы бір мәрте көз жеткіздім.

WhatsApp Image 2026-06-16 at 12.43.36

Әси Мұқатов 1923 жылы 23 мамырда Орда ауданындағы Сайқын ауылында кедей шаруа Мұқат Серғалиев пен Бәтима Есқалиеваның отбасында дүниеге келген. Архив дерегінде атам: «Өзім 1933 жылы Сайқын орта мектебіне оқуға қабылданып, 1940 жылы 7 класты бітіріп шықтым. 1940 жылдан 1942 жылға дейін Сталин колхозында мүше болып жұмыс істедім», – деп жазады. Жастық шағы сұрапыл соғыс жылдарымен тұспа-тұс келген ол 1942 жылы тамыз айында Кеңес әскері қатарына алынып, майданның алдыңғы шебінен бір-ақ шықты. Атамның майдан жолы – нағыз ерліктің шынайы шежіресі. Ол алғашқыда 13-гвардиялық артиллериялық дивизия құрамында зеңбірек есептопшысы (расчет) болып, Сталинград бағытындағы қанды шайқасқа қатысты. Сол сұрапылда ауыр жараланып, госпитальде емделгеннен кейін қайта сапқа тұрып, 133-атқыштар полкінде пулеметші болды. Орлов облысы, Елец қаласының түбінде екінші рет ауыр жараланса да, оның өр рухы мен сағы сынбады. Соғыстың соңғы жылдарында 7-жеке атқыштар батальонында атқыштар бөлімшесінің командирі болып, кіші сержант шенінде, тек 1947 жылы ғана туған ауылына аман-есен оралды. Көрсеткен батырлығы мен жауынгерлік айбыны үшін «1941-1945 ж. ж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен, сондай-ақ 1985 жылдың 11 наурызында Жеңістің 40 жылдығына орай беделді  Қызыл Жұлдыз орденімен және басқа да үкіметтік жоғары марапаттармен марапатталды.

WhatsApp Image 2026-06-16 at 12.44.11

Майданнан оралған соң, атам бейбіт өмірдің еңбек майданына білек сыбана кірісті. Өз қолжазбасында: «Содан кейін трактористер даярлайтын оқуда оқып, 1948 жылы тракторист болып 1952 жылға дейін істедім. 1952 жылдан осы кезге дейін Шоңай МТС-ында трактор бригадасының бригадирі болып істеп келемін. 1945 жылдан 1955 жылға дейін 10 жыл Ленин комсомолы мүшелігінде, 1955 жылдан күні бүгінге дейін КПСС мүшелігіне кандидат болып тәрбиеленіп келемін», – деп атап көрсеткен. Ол қоғамдық жұмыстың да бел ортасында жүрді. Өз ісінің нағыз маманы, ұжым арасында «озық жұмысшы» атанған атам МТС дирекциясы мен кәсіподақ ұйымы тарапынан бірнеше мәрте Құрмет грамотасымен марапатталды. Кейіннен шаруашылық іріленіп, Орда ауда-нында М. Мәметова атындағы кеңшар құрылғанда, атам осы шаруашылықтың №1 фермасында трактор бригадасын басқарып, өңірдің ауыл шаруашылығын өркендетуге зор үлес қосты. Сол жылдары совхозды аймаққа белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Мұрат Насимоллин басқарған еді. Өз ісіне адал Әси Мұқатов директордың сенімді серігіне айналып, ерен еңбегімен облысқа танылды. Тәжірибелі маман, ұйымдастырушылық қабілеті жоғары еңбек адамы ретінде атам 1969-1970 жылдары Мұратсай ауылында жауапты қызмет – ферма меңгеруші (управляющий) болып абыроймен қызмет атқарды. Атам өзінің саналы ғұмырын туған жердің топырағын түлетуге арнап, өмірінің соңына дейін М. Мәметова атындағы совхозда трактор бригадасының бригадирі болып талмай жұмыс істеді. Оның бейбіт күндегі ерен еңбегі мемлекет тарапынан бағаланып, Еңбек Қызыл Ту орденімен және Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесі президиумының Құрмет грамотасымен марапатталды. Осы қажырлы еңбегі мен шаруашылықтағы зор беделінің арқасында 1983 жылдың сәуір айында Мәскеуге шақырту алып, КСРО халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне арнайы қатысып қайтқан. Бұл оның одақтық деңгейде мойындалған еңбегінің айқын дәлелі, әулетіміз үшін үлкен мақтаныш еді.

Атам туралы естелік жинау барысында ол кісінің болмысын жақсы білетін замандастары, Сайқын орталығында тұратын Қитеш ата мен Әсия апаның, сондай-ақ атаммен қызметтес болып, бірге жүрген Жаңбырбай Камалов, Зейнеп Әбдірахманова, Каспи Жахатовтардың жүрекжарды лебізін естідім. Көнекөз қариялар атамның әрдайым өте шыншыл, тура айтатын, өз ісіне адал, еңбекқор әрі қол­астындағы жұмысшыларына да, өзіне де жоғары талап қоя білетін принципшіл, талапшыл басшы болғанын ерекше тебіреніспен еске алады. Өтірік пен жағымпаздықты жаны сүймейтін нағыз шыншыл азамат еді. Құдашамыз Талшын апа атамның «Ах, Самарагородок» пен «Катюша» әндерін жақсы айтатынын еске алса, көкем Хайролла әрдайым қонаққа ашық сол шаңырақтан Баяш Өресов пен Сертеков сияқты белгілі домбырашылар үзілмейтінін айтады.

Осындай берекелі ортада атамның өмірдегі ең үлкен бақыты да, тірегі де оның абзал жары, біздің асыл әжеміз Нәсіпқаным болды. Атам өмір бойы жарының ешнәрседен таршылық көрмей, үйде бала тәрбиесімен айналысып, шаңырақтың құты болып отыруына жағдай жасаған. Осы орайда замандастары мен сол жылдары М. Мәметова совхозында жалғыз акушер болып жұмыс істеген елге сыйлы Ташимова Зура апайдың: «Ағай-дың зайыбына қатты қызығатынбыз, аппақ, әп-әдемі еді, ағай барлығын оқсатып, тамақты да, бәрін де әкеліп үйге толтырып қоятын», – деген сөзі әжеміздің сырбаз болмысын аша түседі. Қариялардың айтуынша, Өтешқызы Нәсіпқаным әже­міз өте байсалды, аппақ, әп-әдемі, көп сөзге жоқ, нағыз текті де парасатты ана болды. Менің балалық шағым осы асыл әжемнің бауырында өтті, оның ерекше еркелеткен сүйікті немересі болғанымды бүгінде мақтанышпен әрі сағынышпен еске аламын. Олар қиын-қыстау заманда бір-біріне демеу болып, шаңырақтың берекесін кіргізді. Өнегелі отбасын құрып, бес ұл, бір қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларына сапалы білім, дұрыс тәрбие беріп, қатардан кем қылмай өсірді. Бүгінде сол ұл-қыздан тараған ұрпағы өсіп-өніп, үлкен бір бәйтерекке айналды. Немере-шөберелері ата жолын қуып, егемен еліміздің әр саласында абыроймен қызмет етіп келеді.

WhatsApp Image 2026-06-16 at 12.44.43

Аяулы атам Әси Мұқатов 1986 жылдың 17 сәуірінде Мәмбет ауылында мәңгілік сапарына аттанды. Тәңірдің бір сыры болар, атам фәни дүниемен қоштасқан дәл осы 1986 жылы мен өмір есігін ашыппын. Атаның орнын басар тұяғы ретінде, оның көзін көрмесем де, бүгін архивтен табылған оның інжудей төгілген өз қолының ізі, Мәскеу төріндегі ХШЖК көрмесіне барған мақтаныш сәттері, Қитеш ата, Әсия апа, Жаңбырбай, Каспи, Зейнеп, Зура сынды аға-апайлардың жүрек жылытар шынайы естеліктері, атамның шырқаған «Катюшасы» мен «Самарагородогы», Талшын апаның әдемі естелігі, Баяш ағамыз бен Сертековтің күмбірлеген күйлері және Әси атам мен Нәсіпқаным әжеме деген мәңгілік сағыныш біздің жүрегімізде ұялайды. Ол кісінің соғыстағы ерлігі, бейбіт күндегі адал, шыншыл еңбегі мен әжеміздің мейірімі бізге әрқашан шамшырақ болып қала бермек. Өнегелі ғұмыр кешіп, соңына өшпес із бен өскінді ұрпақ қалдырған атамыз бен әжеміздің рухы пейіште шалқысын деп дұға етеміз.

 

Зүлфия Нұрлыбайқызы,

Орал қаласы

 

 

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале