16.09.2026, 15:00
Оқылды: 9

Ақжайықта «ҚұрақFest – 2026» фестивалі өтті

 

Құрақ көрпе. Бабаларымыздан бүгінге жетіп, жаңаша жаңғырған құндылығымыз. Ертеде «Адамның басы құралсын» деген ізгі тілекпен, барды бағалап, ысырапқа жол бермей құралған бұл дүние – ұрпақтан ұрпаққа жеткен ұлттық өнердің асыл мирасы.

4

Бүгін Ақжайық ауданында өткен «ҚұрақFest – 2026» фестивалі төл өнерімізді ұлықтап, құрақ құрау технологиясын айшықтады. Бастапқыда аудан көлемінде өткізілмек болған шараға облыстың өзге аудандарынан да қатысуға ұсыныс түсіп, фестивальдің ауқымы кеңейе түскен. Өңірге белгілі кәсіпкер Ләззат Сейткереева төрағалық ететін аудандық іскер әйелдер кеңесі ұйымдастырған бұл шараға Орал қаласы, Бәйтерек, Бөрлі, Теректі, Казталовка, Қаратөбе, Жәнібек, Тасқала аудандары мен Ақсай қаласынан келген шеберлер Ақжайықтағы ұлттық өнер мерекесінің көркін кіргізді. Сондай-ақ ауданның Тайпақ, Ілбішін, Қабыршақты, Базартөбе, Алмалы, Бударин, Көнеккеткен, Жаңабұлақ, Ақжол, Алғабас, Кеңсуат, Мерген, Бітік, Атамекен, Қарауылтөбе, Базаршолан ауылдарынан қолөнер шеберлері мен технология пәнінің мұғалімдері, аудандық іскер әйелдер кеңесінің ісмерлері қатысты. Барлығы 101 қатысушы фестивальге 166 көрпе тігіп әкелді.

WhatsApp Image 2026-09-16 at 10.34.13 (4)

Фестиваль өтетін алаңның өзі шараның мән-мағынасына сай безендіріліпті. Кіреберістегі қақпаның өзі құрақпен көмкерілген. Алаңда қолөнер саласында ісін өрістетіп жүрген облыс кәсіпкерлері мен мектеп үйірмелерінің көрмесі ұйымдастырылды. Аудандық кітапхана ұлттық дәстүр мен құндылықтар, қолөнер түрлері туралы кітап көрмесін ұсынды.

WhatsApp Image 2026-09-16 at 10.34.13

Ақбота балабақшасы тіккен киіз үй де көрермендердің ерекше назарын аударды. Киіз үй алдында жайылған кілемшеде кішкентай бүлдіршін қыздар шағын тігін мәшинелерімен құрақ құрап отыр. Оларға жалғас аудан орталығындағы мектептердің оқушылары қолөнерден шеберлік сабақтарын өткізді.

Фестивальдің ашылу салтанатында аудан әкімінің орынбасары Зәйлім Мәжитова сөз сөйлеп, шараға арнайы келген қонақтарға Ақжайық жұртының ыстық ықыласын жеткізді. Қазақтың қолөнер бұйымдары ұрпаққа мұра әрі мақтаныш екенін айтқан ол адам қиялының шексіздігін қолдың ісмерлігімен ұштастырып, тұрмыстық бұйымды көркем өнер деңгейіне көтерген шеберлерге шынайы алғысын білдірді.

7

Осыған дейін буылып-түйіліп тұрған көрпелерді алаңның қақ ортасына түгел жайылуы шараның ең әсерлі сәтіне айналды. 166 көрпенің барлығы бір дизайнмен тігілген. Негізгі түсі – көк, ал құрақ бөліктері сары және ақ түстерден құралған. Әр көрпенің ені 80 сантиметр, ұзындығы 2 метр. Бірінен соң бірі қатар жайылған көрпелер 257 шаршы метр аумақты алып жатты. Аз ғана уақыттың ішінде алаңның сәніне сән қосылып, көкке, ақ пен сарыға көмкерілген алып құрақ көрпе көздің жауын алды.

WhatsApp Image 2026-09-16 at 12.42.12

Аудандық іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ләззат Мұратқызыы бастаған қазылар алқасы жұмыстарды жіті сарапқа салды. Қазылар алқасының мүшесі Зухра Құсайынованың айтуынша, үздігін анықтау оңайға түспеген. Ең алдымен көрпенің сапасына мән берілді. Көрпеге кемінде 3 келі жүн салынуы тиіс. Бұған қоса матаның сапасы, жүннің түтілуі, тігістің ұқыптылығы, құрақ құрау шеберлігі мен құрақ элементтерінің күрделілігі бағаланды.

WhatsApp Image 2026-09-16 at 12.37.29

Қазылар алқасының шешімімен ІІІ орынды Мейрамгүл Өтегенова (Тасқала ауданы), ІІ орынды Гүлбаршын Досымова (Ақжайық ауданы Ақсуат ауылы) иеленді. Ал фестивальдің жеңімпазы атанған Жаңыл Мәмбетияроваға (Қаратөбе) жүлдесін аудан әкімі Мұрат Сердалин табыстады.

– Құрақ көрпе – үйдің сәні, нәсібі мол кәсіп, ұлттық өнер. Бүгін фестивальден байқағанымыз – оған жастардың қызығушылығы да жоғары екен. Демек, қызығушылық бар жерде көрпе құрау дәстүрі жалғаса береді, – деді ол.

Шарада ауданымыздың белсенді қолөнер шеберлері облыстық іскер әйелдер кеңесінің алғыс хатымен марапатталды. Шара соңында Ақжайық аудандық іскер әйелдер кеңесі облыс орталығы мен облыс аудандарынан арнайы келген меймандарға қолөнер бұйымдарын сыйға тартты.

Әлия Шарапиева

Ақжайық ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале