16.09.2026, 14:30
Оқылды: 7

Сайқынның болашағы - сайлаушы таңдауында

Батыс Қазақстан облысының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов пен комиссия мүшелері Асыланбек Ғұбашев, Фархат Хайретдинов жұмыс сапарымен келді.

IMG-20260915-WA0096

Айта кетейік, 27 қыркүйекте Сайқын ауылдық округі әкімінің сайлауы өтеді. Осыған байланысты ауданның учаскелік сайлау комиссияларында қызу дайындық жүріп жатыр. Облыстық комиссия өкілдерінің жұмыс сапары да осы маңызды науқан қарсаңындағы әзірлікті пысықтаумен жалғасты. Алдымен облыстық аумақтық сайлау комиссиясының өкілдері учаскелік сайлау комиссияларының мүшелерімен кездесіп, сайлау процесіне қатысты бірқатар мәселені талқылады.

– Комиссия мүшелеріне салмақты міндет жүктеліп отыр. Сайлауды ұйымдастыру мен өткізуде ең бастысы дауыс берушілердің конституциялық құқығын жүзеге асыруына жан-жақты мүмкіндік жасау. Бұл ретте барлық тарапқа қойылатын талап бірдей – заңдылықты қатаң сақтау. Дауыс берушілердің, байқаушылардың, сондай-ақ сайлау туралы ақпарат тарататын журналистердің учаскедегі құқықтары мен міндеттерін нақты білу қажет, – деді облыстық аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Әділ Жоламанов.

IMG-20260915-WA0102

Бұдан бөлек облыстық аумақтық сайлау комиссиясының мүшелері Асыланбек Ғұбашев пен Фархат Хайретдинов учаскелік комиссия мүшелеріне сайлау өткізуге қатысты бірқатар практикалық мәселелерді түсіндіріп, туындауы мүмкін сауалдарға жауап берді.

Жиын одан әрі аудан әкімі аппаратының басшысы Асқар Ажғалиев, аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары Дәурен Сертеков, қоғамдық ұйым жетекшілері, ардагерлер, жастар мен ауданның белсенді азаматтарының қатысуымен жалғасты. Кездесуді ашқан Әділ Жоламанов сайлаудың қоғам өміріндегі маңызына тоқталып, тұрғындардың саяси белсенділігі мен азаматтық жауапкершілігінің маңызын атап өтті.

IMG-20260915-WA0095 (1)

Өз кезегінде аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Тілеген Арыстанбеков қонақтарға ризашылығын білдірді.

– Ауданға қош келдіңіздер! Осыған дейін де бірнеше сайлау өтті. Сайлау учаскелерінде ешқандай кемшілік болмай, талапқа сай өтіп келеді. Бүгін комиссия мүшелеріне өзгерістерді түсіндіріп, нақты нұсқаулар беріп жатырсыздар. Бұл дегеніміз сайлаудың сапалы әрі заң талаптарына сай өтуіне септігін тигізетін маңызды жұмыс. Сіздерге рақмет, – деді.

Сонымен қатар аудандық мәслихат депутаты Бибігүл Жұмағұлова мен ардагер Ерболат Таңатов та сөз алып, сайлау жүйесіндегі жаңашылдықтарға қатысты ой-пікірлерін білдірді. Олар елдегі саяси өзгерістер мен сайлау процесінің жетілдірілуін қолдайтындарын жеткізді.

IMG-20260915-WA0088

Облыстық комиссия өкілдерінің ауданға жұмыс сапары бұдан әрі аудандық мәдениет үйінде өткен сайлауалды пікірсайыспен жалғасты. Пікірсайыс алдында Бөкей ордасы ауданының аумақтық сайлау комиссиясының төрағасы Бекбол Жұмабекұлы сайлау науқанына дайындық барысын баяндады. Бөкей ордасы ауданының аумақтық сайлау комиссиясының хабарлағанындай, аталған лауазымға үш үміткер тіркелген. Олар - Сайран Алтаяқов, Руслан Әсетов, Дидар Такесов. Аталған кандидаттардың ішінен Руслан Асетов отбасылық жағдайына байланысты бүгінгі пікірсайысқа қатыспады. Қалған үміткерлер тұрғындардың алдында қойылған сұрақтарға жауап берді. Үш кезеңнен тұратын пікірсайыста үміткерлер өздерінің өмірбаяндарымен және сайлауалды бағдарламаларымен таныстырып өтті. Екінші кезеңде үміткерлер бір-бірлеріне ауылды дамыту және көркейту жөнінде сұрақтар қойды.

Осы тұста ауыл тұрғындарының да белсенділігі байқалды. Жиналған жұртшылық үміткерлерге өздерін толғандырған сауалдарын қойып, елді мекендегі қордаланған мәселелердің шешілу жолдарына қатысты жауаптарын тыңдады. Пікірсайыс үміткерлердің сайлауалды бағдарламасын таныстырумен ғана шектелмей, тұрғындар мен кандидаттар арасында ашық пікір алмасуға мүмкіндік берген алаңға айналды.

Ақсәуле Әлжанова 

Бөкей орда ауданы

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале