24.04.2026, 16:30
Оқылды: 12

«Сөйлейтін суреттер» – кітапхана төрінде

Облыстық зағип  және  нашар  көретін  азаматтарға  арналған  кітапханада  «Сөйлейтін  суреттер»  мәдени  жобасы  аясында  «Суретті  сезін  саусақпен» атты іс-шарасы  өтті.  Кештің  мақсаты  –  көру  қабілеті  шектеулі  жандарға  суретшілердің  туындыларын  бедерлі-графикалық  нұсқада  беру,  тифлотүсініктеме  жасап,  суретті  қолжетімді  ету. 

 cdade21a-4f62-4320-90cf-0c58f4eab749

Іс-шарада Қазақстан Суретшілер одағының мүшелері, суретшілер Қуандық Мәдір, Нұрбек Жәрдемов, Қанат Оразов, Бекжан Жұмабаев кітапхана төріне жайғасты. Сонымен қатар суретші, ұстаз Бауыржан Валиев, Ж. Досмұхамедов атындағы жоғары педагогикалық колледжі көркем еңбек кафедрасының меңгерушісі Нұрлан Хамзин және Сәкен Ғұмаров музей-үйінің экскурсоводы Гүлжанат Толыбаева мен студенттер қатысты.

Кеш барысында «Сөйлейтін суреттер» мәдени жобасы мен жоба аясындажарық көрген кітапша оқырмандарға таныстырылды. Өңірімізге белгілі пост-авангард суретші Сәкен Ғұмаров пен ел ішінде, шетелдерде танылған қылқалам шеберлерінің туындылары бедерлі графика түрінде шықты. Сонымен қоса сол суреттердің сипаттамалары, интерпретациялары мен ауторлары туралы мәлімет брайль қарпінде, үлкейтілген қаріпте берілді.

Басылымға енген картинкалардың біразы кітапхана залынан орын алды. Ал кейбір суретшілердің туындылары қолда болмаса да, экран арқылы таныстырылды. Жай көрсетіп қана қоймай, суреттің ахуал-атмосферасын берді. Яғни сурет мазмұнына байланысты дыбыспен, музыкамен әрлеп, аудиоперформанс жасады. Солардың бірі – Әбілхан Қастеевтің «Түрксіб» картинкасы. Дала халқының шойыннан жол салынып, алғаш келген отарбаны тамашалаған тарихи сәтін бейнеленген картина көрген жан үшін шынайылығымен құнды еді.

Іс-шарада Қуандық Мәдірдің «Абыз» атты сурет туындысы Қадыр ақынның образын және көшпенді өркениет мұрасын бір арнаға тоғыстырған.

– Бұл портреттегі әрбір деталь ақын образын ашып, суретке жан бітіріп, сөйлетіп тұр. Қалықтап ұшқан қыран құс тектілік пен кеңдік ұғымын берсе, мүйіз бейнесі ерлік пен батылдықтың нышаны деп есептеледі. Тіпті ақ парақты әдіптеген жібек жіп үзікбаудың жеті рет оралуының өзі үлкен сырды аңғартады. Жеті саны қазақта киелі.  Жетпістен асқан Қадыр ақынның саналы ғұмыры тынымсыз ізденіспен, өміршең өлең өрумен өтті. Бұл портрет ақынның ғұмырына шолу іспеттес. Қожа Ахмет Ясауи кесенесі, қыран бейнесі, нақыш түсірілген бақанға ілінген қара домбыра, портретке айбын, айбат беретін қанатты пырақ қазақ халқының тарихи-мәдени құндылықтарының негізі, – дейді суретші Қуандық Мәдір.

Кеште басылымға енген Нұрбек Жәрдемовтің «Болашақ» картинасын, Қанат Оразовтың «Толғанайын», Бекжан Жұмабаевтың «Мәңгі бейнесін», Жақсылық Төреғалиевтың «Көкпар» туындысын таныстырып, ауторлар қысқаша сипаттама берді. Ең қызығы, суретші, ұстаз Бауыржан Валиевтің туындысы көпшілікке көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Бұл – реалистік стильде майлы бояумен салынған классикалық натюрморт.

– Негізі, натюрморт болғанымен, көтеріп тұрған жүгі салмақты. Екі шайнек – екі адамның образы. Бірі – енесі, бірі – келіні. Енесі (металл шайнек) асарын асаған, жасарын жасаған кісі. Онысы шәйнектің сұлбасынан көрініп тұр. Өзін баптайды екен, құманы бөлек. Шайды бабымен ішеді екен, мінезі тоқаштай жұмсақ, көп сөзге жоқ момын адам сияқты. Ал келіні жастау екен (электрлі шайнек). Кейде өзін ұстай алмай қала ма, тез ашуға бой алдыратын болу керек. Бірақ қайтымы шапшаң. Неге десеңіз, қазіргі заманауи шайнектер тез қайнап, тез суиды емес пе?! Ашуланғанда тілі ащы екен, оның белгісі суреттегі лимон. Бірақ ақылсыз емес сияқты. Неге десеңіз, қалай еткенде де бір шаңырақтың астында тату-тәтті ғұмыр кешуге тура келеді. Ол алдыңғы пландағы кәмпиттерден көрініп тұр, – дейді Бауыржан Валиев.

Кеш соңында кітапхана оқырмандары әр туындыдан аутордың жанын, олардың әлемге деген махаббатын сезінді. Өз кезегінде кітапхана директорының орынбасары Ұлмекен Убишева сөз сөйлеп, кітапшаның бір данасын музейге ұсынды.

Гүлфия Қолғанатова,

«Орал өңірі»

Узнайте первым о важных новостях Западного Казахстана на нашей странице
в Instagram и нашем Telegram - канале