Жуырда «Жаңақала жайсаңдары» қоғамдық бірлестігінің басқосуы өтті. Бұл жиын Қазақстанның құрметті журналисі, Жаңақала ауданының құрметті азаматы, «Жаңақала жайсаңдары» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Еламан Әйпішевтің 75 жасқа толуына орай ұйымдастырылған еді. Іс-шараға Орал қаласы ардагерлер және ақсақалдар ұйымының төрағасы Мынатаубиік Әнесов, облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ержан Төлегенов пен «Жаңақала жайсаңдары» қоғамдық бірлестігінің мүшелері қатысты.

– Бүгінгі күн биігінен өткенге көз жүгіртсек, бар саналы ғұмырыңызды баспасөз қызметіне арнапсыз, Ел-аға. Қай қызметте болсаңыз да, мемлекет пен ел алдындағы жауапкершілікті жете сезініп, тұтастыққа тұтқа, достыққа дәнекер болып келдіңіз. Бүгінгі 75 жасыңызда сізге зор денсаулық пен ұзақ ғұмыр тілеймін, – деген Мынатаубиік Әнесов мерейтой иесіне құттықтаухат табыстады.

Облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Ержан Төлегенов Еламан Әйпішевке «Құрметті ардагер» төсбелгісін таққаны да мерейгердің мерейін өсірді. Сонымен қатар облыстық ауыл шаруашылығы ардагерлер ұйымы қоғамдық бірлестігінің төрағасы Лавр Хайретдинов Еламан Әйпішевке жүрекжарды құттықтауын арнады. Осы салтанатта қуаныштың үстіне қуаныш қосылып, Бақтығали Жұбантаевтың 80 жасқа толғаны аталды. Ал Катя Лепесованың өңіріне «Асыл ана» төсбелгісі тағылды.
Гүлфия Азаматқызы,
«Орал өңірі»